08/01/2024, 10:46 | |
«БІЛМЕСТІКПЕН АЙТЫЛҒАН СӨЗДЕР...» (Жиырма тоғызыншы қарасөз) Біз мақал-мәтелдерді халық сөзі деп, оларға шаң жуытпауға дағдыланғанбыз. Абай болса соларға ауыр сын айтқан. Шынында да, білместіктен пайда болып, қалыптасып «халық сөзіне» айналған, тәрбие үшін де, ғибрат үшін де қуаты жоқ мақал-мәтелдер туралы несіне ашық айтпасқа? Абай: «Қазақ мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар», - дейді де, бірнеше мақалдарды сынайды. Әрине, Абай сынымен келісуге де, келіспеуге де болады. Абай айтқан екен деп мәселені мүлдем жауып қойсақ қателесеміз. Себебі Абай үлкен-үлкен айтулы мәселелер туралы сөз қозғаған. Ұлы тақырыптар туралы, қандай ұлы болсын, бір адамның айтқаны ақиқат бола бермейді. Сондықтан Абай айтты деген сөзге сын көзбен қараудың өзі Абай дәстүрі. Абай – ешқандай ғұламаға бас иіп, соның сөзін дәлме-дәл қабылдамаған адам. Ол керегін алып, өз санасына салып, дұрыс деп таппаған істі ашық айта білген. Қазақ мақалдары туралы айтқандары да соның бір көрінісі. Абай бұл сөзде жеті мақалды сынайды. Олар: «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ», «Атың шықпаса, жер өрте», «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол», «Алтын көрсе періште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті». Бұл мақалдарды Абай бір қырынан сынға алған, адамшылықтан, ардан өзге де қылықтар бар. Адам атын бүркеніп жүрген анұрған, хайуандар бар. Сондықтан солардан сақтандыру үшін халық «Ата-анасынан малы тәтті» деген мақалды айтады. Ата-анасынан малы тәтті антұрғандар дүниеде қаншама?! Демек, адамдар арасында осындай жағымсыз қылықтар бар, олар мақалда нақтылы бейнеленген. Сірә, мақалдар тек позитивтік мәнде ғана емес, адамды жат қылықтардан сақтандыру мақсатында да қызмет атқаратынын естен шығармау керек. Абайдың жоғарыда келтірген мақалдарға берген түсініктемесі белгілі. Ьіздің айтпағымыз – Абай дүниетанымы шектеулі емес, ол – өз ойын еркін айта білген ойшыл. Оның айтқандырынң көбісі нақтылы жауап бергендігімен емес, мәселені көтеруімен құнды. Абай көбіне оқырманға ой сала жазған. Оның «көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым үлгі жастарға бермек үшін» дегені тек өлең жолдары емес, хакім Абай ойшылдығының принципі (қағидасы). Ойшыл жастар айтылған сөздің мәнін өздері тереңдетіп әкеткен. Оны Абай жақсы білген, сондықтан қара сөздерінде ол көбінесе сұрақ қойып отырады. Салмақты оқырманның өзіне тастағанды ұнатады. Бұл – ұйқыдағы ойды оятудың өте бір тиімді тәсілі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 37 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |