02/01/2024, 21:00 | |
«АУРУДЫ ЖАРАТҚАН ҚҰДАЙ, АУЫРТҚАН ҚҰДАЙ ЕМЕС...» (Жиырма сегізінші қарасөз) Дүниеде себепсіз құбылыс жоқ. Біреу бай, біреу жарлы, біреу сау, біреу ауру, т.б. Адамдардың әр түрлі халде болуының себебі неде? Бұған жауап дайын. Бәрі де Алла тағала әмірі. Әуел бастан маңдайға жазылған жазу сол, оны жұрт тағдыр дейді. Олай болғанда адамдарды бай етіп, кедей қылып, есті етіп, есер етіп алалаған Құдай тағала деуден өзге қандай пікірге келуге болады? Бұл күпіршілік қана емес, Аллаға иланып келтірген иманымыздың теріске шығуы. Біз Алланың айыбы, міні жоқ деп оған иман келтірдік. Абай айтуынша: «...Құдай тағала бір антұрғанға, еңбексізге мал береді екен. Бір құдайдан тілеп, еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын баласын жөндеп асырарлық та қылмай кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайта бір ұры, залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір-екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен... Осының бәрі құдай тағаланың ғайыпсыз, мінсіз ғафур (кешіруші) рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме?» Иә, бәрі Жаратушының әмірімен болса, пенделердің әлдене бір істерге душар болып, ұмтылғанынан не пайда? Алланың пендесіне еш өкпесі жоқ, бәрі Жаратушы құдіретінде. Мұндай теорияны Батыста фатализм деп атаған. Абай онымен келіспейді, ол адамның еркін байлап-матап тастаушылықты Алла әмірі демейді. Оның айтуынша: «Әрбір ақылы бар кісіге ғибадат парыз». Демек, иман келтіру үшін ақыл қажет. Ақылсыз иман жоқ немесе Алланы тану жоқ. Ақылы бар кісіге ғана иман парыз, яғни ақыл – әрбір жанның өз қасиеті. Алла тағала пенделеріне қатысты айтса керек: «Мені таныған ақылмен таныр...» - деп. Ақыл тоқтамай діннен не пайда? Егер дініміз жалған болып, ол жағын пенде сен ойлама дегенмен іс біте ме? Әрине, жоқ, сондықтан Абай мынадай кесімді тұжырым жасаған: «...Жақсылық, жамандықты жаратқан құдай, ләкин қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес». Мұны қалай түсінуге болады? Бұл жерде, байқауымызша, екі мәселе бар. Бірі – Алла пенделерін жаратқанда оларға ерік берген. Ны пенделер әр қилы пайдаланған. Айталық, жалқау кедей болған, еңбекқор дәулетке қолы жеткен. Сонда Алла адамға берген ерікке еркіндік берген. Еркіндік беруші – Алла тағала, оны іске асырушы – пенде. Өз еркін адам қалай пайдаланады, оны тек өзі білмек. Екіншіден, Алла тағала пенделеріне ойлансын деп жақсылық пен жамандықты жаратқан. Сенің жақсы болуың, не жаман болуың өз қолыңда. Бұл іске құдайдың қатысы жоқ. Шайтанның азғыруына ерсең жамандыққа бастайсың, періштең қақса ісің оңға басқаны. Дүние осындай арпалыста. Өмірдің қызығы – шайтанның азығы, ақылға салмасаң, нәпсіңді тыймасаң, парызыңды ұштамасаң оған құдай тағала кінәлі емес. күнә өз басыңда. Алла тағалада күнә жоқ, ол – пәк, ол – пендесінің күнәсін кешіруші (ғафур). Алла тағаланың болмысын тану, оған сену – иман деген сөз. Ал иман – ақылды кісіге парыз деп жоғарыда айттық. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |