Абайдың хакімдігі
26/12/2023, 11:07

«ӨЛШЕУСІЗ ҰЛЫ АҚЫЛ...»

(Жиырма жетінші қарасөз)

Абай бұл тұста Сократтың атымен ақыл туралы бірнеше аса құнды пікірлер айтқан. Біріншіден, адамның ақылынан өзге ақылдың болуы туралы түсінік. Ол қандай ақыл? Абай оны адамға жанмен бірге енеді дейді. Сонда жан – ақылдың сауыты. Ақынның «ақылдың жүрек сауыты» дейтіні сондықтан ба екен? Жанның тұрағы – жүрек. Демек, ақыл болуы үшін алдымен жүректің қажет болғаны. Ақыл адамға жанмен енсін, сонда адамнан тыс ақыл деген не, оның тұрағы қайда? Бұл – проблема.

Екіншіден, жан ақылдың сауыты болса, жан дегеннің өзі не? Неліктен ол адамға енеді, оның себебі неде? Жан хайуанда да бар, бірақ онда ақыл жоқ.

Үшіншіден, адамға жанды, онымен қоса ақыл беруші өзге біреу бар, оның есімі – Алла тағала. Ол ақылды, бірақ оны адам тани алмайды, ол жанды, бірақ оның жанын адам түсінбейді, адам – Алланың тек кереметін, құдіретін сезінуші, қабылдаушы, түсінуші, соған бас июші.

Сократ хакім шәкіртіне ақыл туралы тереңдете түседі: «Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законымен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осының бәрі де кез келгендікпенен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма?»

«Ғалам» деген кең ауқымды түсінікті Абай жиі қолданған. Сірә, біздің кеңістік деп жүргеніміз осы ғалам болса керек. Ғалам шексіз, яғни оны шектеулі адам ақылы меңгермек емес. Оған сай келетін «өлшеусіз ұлы ақыл». Ол деген не? Оған адам ақылы жетпейді. Ондай ақыл бар, әйтпегенде бүкіл ғаламның «пәнденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законын» қалай түсіндіруге болады?

Аристодем Сократ хакімнің айтқандарына иланып, ұстазына былай деді: «Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж блодаы?»

Ссократ құдайға құлшылықтың керегінің бірінен-бірі туындайтын себеп-салдарды айтады. Алла пендесін тек мықты, көркем законмен жаратып қана қойған жоқ, ол үшін қам жейтін қорғаушы, сақтаушы. Бұған Аристодем: «Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем?» - дейді. Оған Сократ хакім мынандай дәлелдер айтады: «Жә, олай болса, һәмма мақлұққа да қара, өзіңе де қара, жанды бәрімізге беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, һәм күнін – үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ. хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп, бірі қанатына сеніп жүр, бір өзіндей хайуанды құлданарлық лайығы жоқ... Бірақ адам баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен һәм жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хикпетпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма?»

Бұл жерде екі мәселеге баса назар аудару қажет. Бірі – жанның жарығы хайуан мен адамда бірдей еместігі, екіншісі – ақылдың адамның дене бітіміне сай келуі. Мұндай үйлесімдіксіз ақыл туралы ешқандай сөз айтуға болмайды. Бірақ осы үйлесімділік үшін де адам Алласына қарыздар. Ол қарызды пенде құдайына құлшылық жасау арқылы өтемек.

Осымен талдауды аяқтауға да болареді, егер сөз басындағы мынандай жайды ескермесек. «Ол (Сократ) өзі құлшылық қылғандарға күлуші еді...» - дей отыра Сократтың шәкірті Аристодемді құдайға құлшылық қылмаққа көндіргені айтылады. Бұл қайшылықты қалайша түсінуге болады? Рас, Сократ – құдайға құлшылық етпеген жан. Олай болса шәкіртін неге ол іске бастап отыр? Бұған Абай жауап бермеген. Мәселені ашық тастаған. Сірә, онысы да дұрыс болған. Себебі мәселе құдайға құлшылықта болып отырған жоқ, мәселе өлшеусіз ұлы ақылда. Біздің құлшылығымыз осы ұлы ақылды мойындау, оны кім қалац айтады, әңгіме онда емес. Әйтеуір бір ұлы ақыл бар. Ол шындық. Шындық үшін талас көп, ұғым, түсінік көп. Абай оларды талдап жатпайды. Сократ хакім сөзі арқылы ақыл туралы ғибрат әңгіме айтқан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: