Абайдың хакімдігі
19/12/2023, 09:42

«ӨЛШЕУСІЗ ҰЛЫ АҚЫЛ...»

(Жиырма жетінші қарасөз)

Бұл сөз Сократ хакім мен оның шәкірті аристодем дегеннің екеуара әңгімесі негізінде құрылған.

Сократ – аты әйгілі көне грек заманының ғұламасы. Ол туралы мағлұматтар жеткілікті. Біз оны, әсіресе, платон арқылы толығырақ білеміз. Сократ «Адамшылықтың негізі – білім» деп насихат айтқан ойшыл. Ол ақылға сенген, кезінде құдайлар беделіне көлеңке түсетіндей пікірлер айтып, сол үшін жазаланған. Ал Аристодем дегендер бірнешеу болған. Бірақ олардың ешқайсысы да философия тарихында айтулы орын алмаған. Сондықтан Аристодем туралы тәптіштеудің қажеті шамалы. Мәселе Аристодемде, тіптен сократта да емес, әңгіме желісі құдайға құлшылық туралы.

Сократ өзі құдайға құлшылық қылмағанымен, осы мәселе хақында Аристодеммен сұхбат құрған. Ондағы ойы Аристодемді сынаққа салу емес, құлшылық туралы ақиқатқа жету.

Көне грек жұртында оқығандардың ойлау тәсілі сұхбатқа (диалогке) негізделген. Олар ешқашан дайын пісіп-жетілген ақиқат ұсынбаған. Ақиқатты сұхбаттаса, сөйлесіп отырған адамымен кеңесе оытырп іздеген, оның өзінде ақиқат мынау демей, іс шешімін оқырманға қалдырып отырған. Бұл – оқырман ой-өрісін шектемейтін, керісінше, кеңшілік беретін тәсіл. Сөз басында Сократ хакім мен аристодем құдайға құлшылық пен адам өнеріне таңырқау мәселесіне тоқталған.

- Әй, аристодем, ешбір адам бар ма, сенің білуіңше, қылған өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты? – деді.

Ол айтты:

- Толып жатыр, хазірет.

- Бірінің атын аташы, - дейді.

- Гомерге бейбітшіліктік себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сипатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын...

- Олай болса, кім артықша ғажайыблануға лайықты, жансыз, ақылсыз, құр пішінді жасайтұғын суретші ме, я жан иесі, ақыл иесі адамды жаратушы ма? – дейді.

Аристодем соңғысы лайықты дейді, бірақ Жаратушы өз жаратқандарын біліп, хикметпен жасаса. Егер жаратылған нәрселер өздігімен болса, онда Жаратушының не кереметтігі бар? Сөйтіп, Аристодем Жаратушы құдіретіне күдік келтіреді. Бұл – Алла ісі туралы сөз. Сонымен бірге адам ісі де таңғаларлық, ол да керемет. Себебі суретшілер де «жаратушылар», олар да жаңа нәрселер жасаушылар. Мысалы, Гомер поэмалары, софокл трагедиялары, Зевксис суретері арқылы өмірде тек бар нәрселерді ғана баяндап, суреттеп қоймаған, өздерінің шығармашылық қуаттары арқасында өмірде болуға тиісті, болуы мүмкін жайларды ашып салған. Сондықтан да оларға адамдар таңырқауға лайықты.

Сократ Аристодемнен: «Дүниеде пайдалы нәрсе көп, оның қайсыьірінің пайдасы көірініп тұрады, кейбірінің пайдасы көрінбейді, соның қайсысын хикмет көресің?» - деп сұрайды. Ал Аристодем: «Бастапқысын хикмет көрем», - дейді. Сократ былай дейді:

«Жә, олай болса, адамды жаратушы хауаси заһри (сыртқы бес сипат, бес сезім мүшесі) бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі әшкере тұр ғой. Әуелі көзді көрсін деп теріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззат алар едік? Ол көз өзі нәзік болған себепті, керегіне қарай ашып-жауып тұруы үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қағып тұруға, керек болғандығынан басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса не қаңғыр, не дүңгір дауыс, жақсы үн, күй, ән – ешбірінен ләззат ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай , тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?

Көзді, мұрынды мұндай ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, иісін біліп, ішіп-жесін деп. Бізге керегі бар болса да, жеркенерлік жер бар тесіктерді бұл бастағы ғазиз білімді жерімізден алыс апарып тесіпті, мұның бәрі хикметпен біліп істелгендігіне дәлел емес пе?»

Бұл дәлелдерге тоқталып Аристодем адам Жаратушысына шүбә келтірмейді. Нағыз шебер суретші Зевксис емес, нағыз шебер – Алла тағала Жаратушы. Ол дүниені асқан шеберлікпен жаратқан. Бірақ шеберліктің құпиясы – Жаратушының өз сыры. Сондықтан ол туралы сөз айтылмаған.

Сократ хакім мен Аристодем сұхбаттарын жалғастыра келіп, ақылдың түрлеріне тоқталған. «Ей, Аристодем! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқа да ақыл жоқ деп ойлайсың? – деді... Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдық». (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 41 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: