Абайдың хакімдігі
10/12/2023, 22:30

«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАҚТАН БАСҚА ЖАУЫ ЖОҚ...»

(Жиырма алтыншы қарасөз)

Бұл – тиянақсыздық туралы сөз. Тиянақтылық саналы қарекетті талап етпек. Санасыз әлденеге балаша мәз болып, ессіз қуанғандықты Абай сынайды: «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар».

Әрине, мұндай істерді қызық көріп, иесінің қуануы орынды, бірақ бар қуаныш осымен шектелмесе керек. Абайдың айтып отырғаны – қазақтың тұрмысының, қарекетінің шектеулілігі. Дүниедегі қызықтың бәрін танып-білмеуі, ауыл төңірегінен ұзап шықпай, сол білгеніне мәз болуы ақынды шамдандырады.

Ол өзге жұрттың қала салып, бала оқытып, дінді қорғап, білім жолына түсіп, зор қуанышқа бөленгенін көріп «қазақ қандасының» тұрмысының жұпынылығына, санасының жұтаңдығына, түсінігінің тарлығына, сезімінің шектеулілігіне налыс білдірген. Абайдың тіптен «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» деген пікірге келуінің өзі томаға-тұйық тіршіліктің тынысынан шыққан ой. Қарекетсіз қазақ әлденені бір үлкен іс қылып, өзінше қуған болып, «ана өзгелерді ызландырсам екен» демек. «Біреуді ызаландырмақ – шариғатқа харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп, қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?»

Абай бұл мәселеге де адамшылық тұрғысынан келген. Шынында да, жүйрік ат бүгін бар да ертең жоқ. Сол сияқты мықты жігіт бүгін осы елден, ертең басқа жұрттан шығады. Бір жыққан, бір озған үнемі озып жүрмейді, сондықтан несіне шектен шыға қуанып, «ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері».

Әрине, Абайдың айтқаны дұрыс, бірақ қазақ жүйрік атқа, ұшқыр құсқа, білек күшіне қуанбағанда несіне қуанбақ, мәселе мөлшерде, сол қуаныштың шегінде, одан өзге пайдалы іс пен қарекеттің жоқтығында. Дүниеде «қызық» деген бар, «қуаныш» деген бар. Жүйрік ат, ит, қыран құс – қызық. Ол да өнердің бір түрі. Алайда әлемде өзге де қызықтар бар, Абай соған ұмтылған жолды көксейді: «Не жаманшылық болса да, бір әдет етсе, қазақ сол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп өздігінен тоқтаған адамды көрсессің», - дейді. Ақынның бұл айтқаны орынды. Бірбеткейлік ақылдылыққа соқпақ салмақ. Әрбір ойсыз адам – өз мінін өзі көрмейтін сезімсіз жан. Сезімталдық әр нәрсенің парқын аңғарушылықтан туады, әйтеуір бабам жасаған әрекет екен деп дәстүрден озбау көбіне тиянақсыздыққа бастайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 48 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: