Абайдың хакімдігі
20/11/2023, 09:30

«ЖАМАНҒА САЛЫСЫП ЖАҚСЫ БОЛА МА?..»

(Жиырма үшінші қарасөз)

Қазақ – табиғатынан көнбіс халық. Ол өз көнбістігіне дәлелдер ойлап тапқан. Қуанбайтын нәрсеге қуанады, жұбанбайтын іске жұбанады, сөйтіп өзіне-өзі разы болып, тұрмысын тоқ санап, жайбарақаттыққа салынады. Жайбарақаттық жалқаулыққа, талапсыздыққа, жігерсіздікке бастайды. Абай мұндай кеселді қылықтардың басқа халықтарда бар-жоғы туралы айтпаған, ол қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар дейді.

Абай қазақтың қуаныш деп жүрген қылығына талдау жасаған: «Оның (қазақтың) қуанышы: елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса қуанады. Айтады «...құдай пәленшеден сақтасын, ол да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе?» деп. Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылдығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма?» Жаманды тауып, одан жақсымын деу, қуану – надандықтың белгісі. Надандық өзі қуанатын іс емес, керісінше, одан арылу керек. Дүниеде жаманмен жарыспай, өзіңді жақсылармен теңдестір, сонда қуанышың баянды болмақ. Мен мынадан ілгерімін, мынаан жақсы тұрмысым бар деп адамның өзін-өзі шектеуі шын қуаныш болмаса керек.

Қуаныш дегеніміздің тудыратын – нар тәуекел іс. Қуаныш деген іскерлікті талап етеді. Жоқ нәрсеге, сәті іске қанағатшылдық жалған қуаныш әкелмек. Бұл тұста тағы бір ескеретін нәрсе, қуаныш ұзақ өмір сүретін сезім емес. ол қысқа мерзімде көрінеді. Ұзаққа созылған қуаныш іс пен қарекетке тұсау болып, адамды тоқмейілдікке салып, бойкүйез, жалқау етпек. Қуаныш қуануды талап етеді, ол – адамды ілгері жетелеуші сезім. Қуаныш – жеңістің куәсі, бірақ әрі қарай өрбімеген қуаныш өз мәнінен арылып, мұңға айналмақ. Қуаныш соңы мұңға айналса не болмақ? Сондықтан біреуден ілгерімін, сол жеткілікті деген тоғышарлықтан туған қуаныш нағыз қуаныш емес, надандық. Абайдың осындай қуаныш қазақты оңдырмай жүр дегені әбден орынды. Осы бір қарапайым тұрмыста жиі кездесетін тоғышарлар психологиясы – қай заманда болмасын қазақтың кеселді қылықтарының бірі. Ол Абай заманында да орын алған, бүгінгі күнде де кездесіп отыр. Осы қылықтан қалай арылу керек? Ол үшін Абай қазқатың қуаныш деп жүрген надандығына талдау жасаған. Қуаныш қанағат емес, армандаудан, оның іске асуынан туатын адам баласының өткінші сезімі. Қуаныш тез тотығады, сондықтан қуана білген адам әманда жақсылыққа бастайтыны іске әзір болуы керек.

Қазақтың жұбанышы да қуанышы сияқты тоғышарлықтан туған. Ол туралы Абай былай дейді: «...Жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ, болады-дағы» деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп, көпке қаһарым жүрмейді деп пе? Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе?»

«Көппен көрен ұлы той» деген халық санасында кеңінен тараған түсініктің халықтық сипатқа айналуының өзіндік себептері де бар шығар. Қауымдасып өмір сүрген қазақ үшін көппен бір болу – өмірдің шарты, бірақ ол адамның жеке басының қасиет-ерекшеліктерін жоққа шығарады. Көп деген ұғым халық деген емес, тобыр дегенге сай келеді. Ғылым көпке келмейді, дана адам әманда жалғыз, көптен тыс. Себебі хикметті (даналықты) көп сезбейді, жеке адам меңгереді. Көп сол дананың соңынан ереді. Бірақ мәселенің ауыры сонда – көп дана сөзін ұға бермейді. Көбіне көп данышпанға қарсы топырақ шашуға дайын тұрады. Абай сөзінің соңында біреудің қалыңдығына барғанда аузының сасықтығын жасыру үшін тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді дегеніндей, көптен ұзап кеткің келмесе «сен де аузыңды сасыта бер деп» бітіреді.

Ақын жұбаныш туралы айтқанда өз ойын сұрақтар арқылы білдірген. Бұл – оқырман санасына салмақ салу, мәселенің шешімі әр адамның өзінен болсын дегені. Осы тұста Абайдың дәстүрлі қазақы тұрмыс пен жаңа заман тірлігі, қарекеті арасындағы алшақтықты көре білгені анық. Жаңа заман, яғни ХХ ғасыр жеке адамның қарекетін талап етпек. Қауымдық қатынастар орнына бірте-бірте жеке адамдар арасындағы қатынастар орнығып, индивидуализация дәуірі басталғанын Абайдың сезінбеуі, әрине, мүмкін емес-ті. Осы сезінудің бір көрінісі ретінде ақын қазақты оңдырмай жүрген бір қуанышы, бір жұбанышы туралы пікір айтқан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 57 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: