15/11/2023, 23:35 | |
МАҚТАНШАҚТЫҚ (Жиырма екінші қарасөз) Байды даттап, кедейді мадақтап өскен біздерге Абайдың бұл сөзіндегі түпкі ойы ерсі көрінуі ғажап емес. бұл сөз кезінде Абайды байшыл ақын деуге сылтау болған. Ал мәселе байыбына тереңірек барған адам сол замандағы халықтың әлеуметтік болмысына жасалған талдауға тап болады. Абай халық тұрмысындағы әркімнің орнын анықтап, соған сай кімді жақтап, кімді қадірлемекпін деген ойға қалады. Байды қадірлейін десе, оның не өз басына, не малына еркі жоқ, елде кеселді қулар көбейіп, соларға жем болып жүр. Мырзаларды қадірлейін десе, ондай мырза елде жоқ, олар қара басының пайдасы үшін мырзасынып жүр. Болыс пен биге келсек, бұл құдайдың қалауымен емес, малға сатып алған шендер болғандықтан қардың суы сияқты тұрақсыз. Мықтыны сыйлайық десек, жақсы іспен, мәрттікпен ел аузына іліккен жоқ, жаман іске бәрі мықты. Естіні қадір тұтайық десек, есті кісі елде жоқ, арамдыққа, қулық-сұмдыққа келгенде бәрі есті. Ғаріп-қасар бейшараны сыйлайын десең, түйеге мінерлік қауқары жоқ, енді қалғаны қу мен сұм, олар елді шулатпай өздері де тыныштық таппайды... Сонда кімнің тілеуін тілеймін дейді Абай. «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалға тоқтап, Абай өз байлығына өзі ие бола алмай, қу, сұмға, ұры-қарыға, болыс-биге, орыс әкіміне жем болып жүрген қазақтың момын байларын аяп, соның тілеуін тілегенді жөн көрген. Бұл – біздің қазақ байлары кімдер еді деген сұраққа жауап. Қазақ байлары неге осылай ауыр халде өмір кешкен, себебі жалпы қазақ тұрмысының жұтаңдығында, саяси бас еркінің жоқтығында, заң жүйесінің отыршылдар мүллесіне орай ғана қызмет етуінде. Сондықтан да қазақ байы бір жұттық. Қолдағы дәулетті заңды түрде сақтау, қорғау механизмі жоқ. Бұл – бірінші қорытынды, екінші – Абай осы сөзінде қазақ тұрмысының әлеуметтік құрылымын ашып берген, кімнің кім екенін айтқан. Олар: байлар, мырзалар, болыс пен билер, мықты, есті кісілер, ғаріп-қасар бейшаралар (люмпендер), қу мен сұмдар. Осылардың әрқайсысының қазақ елінде өз орындары болған, оны Абай рет-ретімен ашып берген. Абай ұғымында халықтың құты – қазақ байлары, олардың іс-әрекетіне қарап, жиған-терген мүлігіне қарап елдің болмысын анықтауға болады. Көшпелі халық тұрмысында байдың орны ерекше. Оларсыз ауылда қарекет жоқ. Әр ауылдың өз байы бар, соған қарап адамдар бір жүйеге тартылған. Сондықтан Абай қазақ байларының тілеуін тілегенді жөн деп тапқан. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 43 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |