Абайдың хакімдігі
11/11/2023, 18:56

МАҚТАНШАҚТЫҚ

(Жиырма бірінші қарасөз)

Мақтан деген – өте күрделі нәрсе. Мақтан іздемеген адамды еш көрмедік деуге болатындай. Мемлекеттік лауазымдар, атақтар, дәрежелер, берілетін сыйлықтар – бәрі-бәрі мақтанға қатысты. Осы мәселені Абай былайша талдап берген. Ол мақтанның екі түрлісін байқағанын айтады:

«...Біріншісінің аты үлкендік, екіншісі – мақтаншақтық».

Абай үлкендік дегенге мынандай түсінік берген:

«Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жағымсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі».

Мұндай адамдарды мақтаншақ не мақтансүйгіш жандар деуге болмайды. Кімнің кім екенін анықтап, дәл басып, ашып айтып, соған орай құрмет ету, талап ету мақтаншақтық емес, ақылдылықтың, артықтықтың белгісі, олай болмағанда ақын айтқан «единицалар» көппен бірге араласып кетіп, ел басшысыз, кемеңгерсіз, батырсыз қалмақ.

Абай айтқан «үлкендік» деген ұғым ар білімінде (этикада) әлі өз орнын таппай жүр. Қазақ тұрмысында үлкендердің орны ерекше болатын. Үлкенді сыйлау деген жасы үлкенді сыйлау дегенмен анықталмайды.

«Үлкендік» деген адамшылық, кісілік, арлылық деген ұғымдардан тұрады. Осы ұғымдар ерекше қызмет атқарған. Үлкендер айтты деген сөз қазақтар үшін ереже ретінде қабылданған. Адам үлкендікке ерте жетуә әбден мүмкін. Мысалы, Қазыбек би бозбала кезінен-ақ Қаздауысты Қазыбек атанды. Демек, оған «үлкендік» тым ерте келген, Абай үлкендік дегенде осындай жайларды ескерген.

Үлкенге сый да, құрмет те ерекше болуы табиғи жағдай. Оны мақтау – адам бойындағы асыл қасиеттерді тану, бағалау. Абай мақтанның екінші түрін мақтаншақтық дей келе оның үш түрлі болатынын айтқан: «Біреуі жатқа мақтанаралық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан болса да адам». Жатқа мақталсам дегенде елім мақтаса екен деп ойлайды. Елі не үшін мақтауы керек екенімен оның жұмысы жоқ. ел мақтауы үшін үлкен болуы керек, халыққа адал қызмет ету қажет. Ондай ойсыз, әншейін мені басқа ел мақтаса екен деушілік, әрине, надандық, бірақ ондайларды Абай адам санатынан шығармайды. Себебі бұл сөз ел басқарған адамдарға қатысты болса керек. Ел басқаруға да көп нәрсе керек. Ел ісінде әр салада басшысы надан болғанмен – адам.

Мақтаншақтың екінші түрі «өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес». Мұндай мақтаншақтықтың ойы ағайыным мақтаса екенге саяды. Ағайыны мұны не үшін мақтамақ? Ағайыннан мақтау іздегенді Абай надандығы толық адам деп бағалаған. Мұндай жанның адамдығы да толы емес.

Мақтаншақтықтың ең сорақы үшінші түрі – өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейтін адам. Оны Абай:

«Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес», - деп сипаттайды. Ағайын ішінде беделге өзін-өзі мақтатып жетем деу, әрине, адамдық қасиетке жатпайды. Мұндай мақтаншақтық – адамның ақылсыздығының, талапсыздығының, жалқаулығының белгісі. Кедей тыраш келеді, жалқау мақтаншақ келеді, себебі пен жалқаулық ағайындас, бірінсіз-бірі болмақ еме. Мұндай мақтаншақтың бойынан Абай санап берген әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, өсекші, өтірікші, алдамшы сияқты кеселді қылықтардың бәрі табылуы ықтимал. Ең жаманы – мақтаншақ осы қылықтарды біліп-танып, оны қорлық деп есептемейді. Себебі мақтаншақ дегеніміздің өзі, Абай айтуынша, «демесін» демейді, «десін» дейді. Қай әрекеті, не қылығы, ісі ұнап, біреу оған «десін» дейді, онда мақтаншақтың шаруасы жоқ. әйтеуір өзі туралы біреу «десе» болғаны.

Абай осы сөзінде үш ұғымды талдаған. Олар – мақтан, үлкендік және мақтаншақтық. Осы үшеуінің адамдар арасындағы қызметтері де үш түрлі. Абайдың айтуынша: «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс». Қазақ айтпаушы ма еді: «Жақсы сөз – жарым ырыс» және «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын», - деп. Абай үлкендік дегенді осы мәнде қолданған.

Жақсының жақсылығын айту – өнеге, ғибрат; мақтаншақтың надан екенін айту – тәрбие.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 46 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: