31/10/2023, 16:12 | |
ЖАЛЫҒУ (Жиырмасыншы қарасөз) Абай тақуалықты (сопылық) мойындамаған, ол адамның еңбегін, тұрмыс үшін жасайтын қарекеттерін хош көрген. Себебі тақуалық адамды өмір қызығынан бездіреді. Тақуалық – жалған өмірден түңілудің, оны тәрк етудің бір түрі. Абай мұндай дүниетанымды қабыл алғанмен, осы сөзінде «жалығу» туралы пікірлер өрбіткен. Өмірдің мың сан көрінісінен, қисапсыз әрекеттерден жалығу – тақуалыққа бастайтын соқпақтың бірі. Мұны Абай дөп басқан. Ол: «Жалығу деген әр нені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын – бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады», - дейді. Ойлы адам әр нәрсенің түпкі мәніне зер салса, ойсыз жанның өмірі сауық-сайранға толы. Соған қарап ақын: «...Ақмақтық, қайғысыздық та бір ғанибет пе деп ойлаймын», - дейді. Абайдың бұл көтеріп отырған мәселесі әлімсақтан шешуін таппай келеді. Анығында дұрыс өмір сүру деген не? Ананы-мынаны ойлап, барша жайдың жай-жапсарын, себеп-салдарын зерттеумен күн өткізу ме, әлде ойын-күлкімен, сауықпен күн кешу ме? Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Ақын бұл сұраққа жауапты өлеңдерінде берген. Ол: «Наданның сүйгені көп пен дүрмек», - деген. Бірақ шолақ ғұмыр адамға бір-ақ рет беріледі екен, оның өзі жаныңды жеп, қайғымен өтсе не болғаны? Сондықтан өмір қызығынан жалыққандар, оның шолақтығын білгендер тіршіліктен де жалығады. Ондайлардың атқарар қарекеті – негізінен тақуалық, яғни Құдай жолына түсу. Одан бергіде ойлы адамның жалықпайтын бір ісі бар. Оның не екенін ақын айтпаған. Адам (ойлы адам) білімнен, ғылымнан жалықпайды, суреткер өмір көріністерін бейнелеуден жалықпайды, қысқасы, шебер өз ісінен танбайды. Жалығу дегенде абайдың айтып отырғаны тек өмір қызығы емес, тереңірек мәселе. Ол: «Дүние бір қалыпта тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бір қалыпта тұрмайды», - дейді. Әрине, қуаттың азаюы, ғұмырдың қысқаруы адамның ісіне, мінезіне өзгерістер әкелмей тұрмайды. Бірақ ойлауымызша, білмекке құмарлыққа, сірә, ойлы адам жалықпаса керек. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 45 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |