Абайдың хакімдігі
17/10/2023, 11:22

КЕРБЕЗ

(Он сегізінші қарасөз)

Адам баласының бойын түзеп, ұнасымды киім киінуі табиғи нәрсе. Келісті киім адамға өң беріп, көңілін көтеріңкі етеі әрі өзге кісілерге жағымды әсер қалдырады. Әсем киіну адамның әсемдікті қабылдау қабілетіне де қатысты.

Сондықтан Абай таза киініп, дұрыс жүруді құп ала отырып, әсіре кербездікті сынға алған. Ол ондай кербездіктің екі түрі болады дейді. Біреуі – адамның бет пішініне қатысты, яғни сақал-мұртын, жүріс-тұрысын, қас-қабағын сәндеумен әуреленушілік. Екіншісі – киімге, атына әуреленіп, «...Әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» дейтұғын болмаққа ойланбақ.

Мұндай істерді Абай жағымсыз қылықтар ретінде бағалаған. Сондықтан ол: «Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», - дейді.

Ойды ой қозғайды, Абай бұл сөзде кербездің тұрмыстағы мәніне талдау жасаған.

Кербез деген сөз туралы жан-жақты ойласақ, оның мағыналық жағының өрісі кең екеніне көзіміз жетпек. Оның жағымсыздау қабылданатыны – кейбіреулердің кербез атануға әуестенушілігі. Не ақылы, не ғылымы, білімі жоқ, тек әншейін кербез атану – боскеуделік.

Өмірде өзі де кербез, ойы да кербез ерекше жандар болады. Ой кербездігі білімділіктен, парасаттылықтан, мінез байлығынан туса керек. Бөтен сөз сөйлемейтін, алыстағыны аңдап, аузынан шыққан сөзі алтынға айналған қазақтың атақты билеріндегі қасиет осы ой кербездігі емес пе?!

Абайдың: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы», - деуі де ой кербездігіне бастайды. Сірә, нағыз ой кербезі – Абайдың дәп өзі. Мұндай қорытындыға оның мұрасын зерттеп жүргендер бір ауыздан келді, ол кербездіктің болмысын жазып қалдырған. Олай болса, Абай – ойшылдардың ішіндегі кербезі.

Кербез деген – ұлағатты сөз. Оның құнын әлдекімдер түсіргісі келгенімен іс бітпейді, кербездік – сүбелі ұғым.

Кербездік сұлулыққа ұмтылу, ізденуді талап етеді, ойы таяз, көкірегі қараңғы жандар кербездіктің не екенінен хабары жоқ, тек еліктеушілер, Абай осылар туралы айтқан. Кеудесі кең сарай ғұламалар – нағыз кербездер. Себебі кербез деген – адамның адамнан табиғи артықшылығын білдіретін ұғым, ғұламалар болса – ерекше жандар, олар – өзгелерден ақылымен, ғылымымен, арымен, мінезімен озғандар.

Солардың бірі – осы сөзді жазушы, кербез туралы ой айтушы хакім Абай.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 50 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: