09/10/2023, 09:33 | |
«МЕН ЖҮРЕКТІ ЖАҚТАДЫМ...» (Он жетінші қарасөз) Бұл сөз шығыстың дүниетанымдық дәстүрінде жазылған. Батыс философиясында рационализм және сенсуализм атты бағыттар болған. Осы екі бағыттың бірі ақылды, екіншісі сезімдік танымды жоғары қояды. Шығыс философиясында ақыл мен сезімді мұндай қарама-қарсы қоюшылық жоқ. Шығыс ойшылы абайды біз сондықтан не рационалист, не сенсуалист дей алмаймыз. Оның тағы да бір себебі, Абай әманда ақыл туралы ойын таратқанда жүрек пен қайратты қоса айтады. Өлеңдерінде ақыл, қайрат және жүрек деп жырлаған ақын өз қара сөзінде осы үшеуіне тағы да айналып соққан. Бізге бұл сөздің оқиға желісін кімнен, қайдан алғанын анықтау керек емес, осы үшеуі туралы Абайдың айтқан өз ойлары қажет. Он жетінші сөзінде ақынның қайрат, ақыл, жүрек және ғылым туралы ойлары таратылған. Сөзде үшеуі өз өнерлерін бұлдап бір-бірімен айтсады. Әрине, алғашқы адам болмысы мен ғұмырында бұл үшеуі – алатын орны өлшеусіз, өте қажетті нәрселер. Сондықтан олардың бірінен-бірінің асып түсуі мүмкін емес-ті. Сөді мұқият оқыған кісі шын мәнінде қайрат, ақыл, жүрек дегендер туралы бай түсінік алады. Бұл түсінік екі тәсілмен берілген. Біріншіден, өздерінің кім екендігін қайрат, ақыл, жүрек өздері айтады. Екіншіден, оларға төрелікті ғылым берген, яғни олардың мәндерін ашқан. Қайрат, ақыл және жүректің басын қосқан ғылым болды. Сонда ғылымның өзі не? Абай оған түсінік бермейді. Ғылымды кітаптың сөзі деген. Олай болса, дүниеде ғылымнан асқан еш нәрсе жоқ. Бірақ ол ғылым мен ақылды бөліп қарастырған, ақыл ғылым сөзін түсіндіруші, ұғынушы ғана. Ғылым дегенде Абай оның мистикалық сипатын да жоққа шығарып отырған жоқ, оны кітап сөзі дегенінде үлкен мән бар. Ақын кітап дегенде мұсылман қауымы Алланың сөзін айтып отыр. Ғалым адам ол сөзді елге жеткізеді, оны Абай нақлия деген. Ғалым әрі хакім адам Алла сөзінің мәнін түсінуге талпыныс жасайды, оны Абай ғақлия атаған. Бұл жөнінде арнайы оның отыз сегізінші сөзінде айтылған. Біздің айтпағымыз, бұл сөз нақлия түрінде (ғибрат) жазылған, нақлия болса ғылым туралы айтуымыз керек еді. Бұл сөздің тағы бір ерекшелігі – қайрат, ақыл, жүрек, ғылым объективтік идея формасында баяндалған. Мұндай тәсіл Платонға да тән. Қайрат, ақыл, жүрек және ғылымды жеке-жеке субстанция ретінде қарастыру – Шығыс философиясында қалыптасқан дәстүр. Сондықтан бұл сөздердің мәнін Батыс философиясынан іздеудің еш қажеті жоқ. Бұл – ислам дүниетанымындағы гносеологиялық ізденістердің көрінісі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 45 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |