Абайдың хакімдігі
26/09/2023, 23:15

«ӨЗІҢНЕН ӨЗІҢ ЕСЕП АЛ!»

(Он бесінші қарасөз)

Өмірде ақылды кісі бар, ақылсыз кісі бар. Оларды бір-бірінен қалайша ажыратуға болады? Абай айтуынша: «Әуел – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды, сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады». Демек, адамдар бір-бірінен дүниедегі ісі мен қарекеттері арқылы ерекшеленеді.

Адам дүниеге қызықпаса өмірдің сәні болмайды. Өмірге қызығу – адамның өмір сүруінің ең басты шарты. Дүниенің қызығы адамды алға жетелейді, бойындағы қадір-қасиетін айшықтайды. Қызық деген нәрсе танымнан басталмақ. Баланың тілі шығып, ойынға, оқуға енген кезінен бастап дүние қызығы басталады. Жас жетіле келе сол қызықты нәрсені іздеген уақыты еске түсе береді. Міне, осы тұста есті кісі мен есер кісіні ажыратуға болады. Есті адам өмірінің әр күнін босқа жібермей, тиянақты іс атқарып, қызықты нәрселерді өз ғұмырының қызығына айналдырып, өткен өмірінде өкініші болмайды. Есер адам болса, баянсыз істер атқарып, қызықты нәрселерді құнсыздандырып, өмірін босқа өткізіп, өкінумен болады. Мұндай жандар жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен. Талапқа қайрат қылу үшін ақыл керек. Ақыл дегеніміздің өзі дүние қызығын парықтау арқылы анықталмақ. Бағасыз, құнсыз нәрселерді қызықтап ғұмыр кешу – надандық. Нағыз қызықты қызықтау – салауаттылық. Сонда қызық дегеніміздің өзі не?

Абай «қызықты» дүниетанымның ұғымы ретінде қолданған. Ол қызық дегенде адамның адамшылық болмысын ашатын оның ісі мен қарекеттерін айтқан. Айталық, «өмірдің бір қызығы бала деген». Балалы болу, оны тәрбиелеу қызық. Ретімен жас кезде ойнап-күлу де қызық. Алғыр, албырт жас кезде білімге ұмтылу – өмірдің дәстүрге айналған талабы. Қызықты өмір сүру үшін талап аз, оған қоса қайрат керек. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. Демек, есті (ақылды( кісінің талабына қайраты сай болуы қажет.

Пенде болған соң, адам қызықпайтын нәрсе жоқ. Келе-келе қызығушылық құмарлыққа айналуы мүмкін. Ақын құмарлық дертке айналып, оған жетемін деп жүргенде мастық пайда болады екен дейді. Бұл мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсеге айналады екен.

Адамның мастықтан аман болуы да қиын іс. Мастық кейде желік туғызады, көпірме боссөзікке апарады, оған қимыл, әрекеттер жасатады. Сондықтан Абай адамдардың өзіне-өзі сын көзімен қарауын ұсынады.

«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?»

Әрине, ақылсыз, есер кісінің мұндай шаруамен ісі жоқ, өмірінің қызықты шағын итқорлықпен өткізгені пайда болмайды.

Абайдың бұл сөзі, әсіресе,философия үшін өте мәнді. Оның үние қызығы, құмарлық, мастық деп отырғандары – ұғымдар (категориялар). Мысалы, «қызық» деген ұғым туралы мол әңгіме жасауға болады. Қоғам жүйесінде аксиологиялық деген білім саласы бар, оның зерттеу объектісі, орысша айтқанда, «ценность», қазақшасы осы Абай айтқан «қызық» болса керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 45 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: