Абайдың хакімдігі
22/05/2023, 21:39

«ТӘН ЖӘНЕ ЖАН ҚҰМАРЫ ТУРАЛЫ»

(Жетінші қарасөз)

Құмарлық деген – мәнді ұғым. Ол – адам баласын хайуаннан өзгеше етіп тұрған, табиғаттың бізге берген ерекше қасиеті. Құмарлық – тән құмары және жан құмары болып бөлінеді. Адам баласы дүниеге келгенде осы екеуі – екі мінез бірдей көрінеді. Абай оларды туа біткен мінезге жатқызған. Тән құмарлығы дегеніміз ішсем, жесем, ұйықтасам деген биологиялық қажеттіліктерден тұрады. Бұл мінез хайуанаттар әлемінде де бар.

Бірақ адам баласының ішсем, жесем, ұйықтасам дегенінің өз ерекшелігі бар. Бұл ерекшеліктің мәні – адам баласының өте ұзақ мерзімге дейін өз бетімен күнелтіп кетуге мүмкіндігінің шектеулілігінде. Дайын тамақ, төсек, күтімге бойы үйреніп, оны дағдыға айналдырып, адам баласы көбіне тән құмарлығының құлына айналып кетуі осыдан. Сірә, адамның өсе келе жанды тәнге бас ұрғызуының себебі мында болса керек. «Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз... Құр көзбен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз».

Адамның хайуаннан жаман болатын кезі бала кезден екі мінездің қатар жүрмей, біреуінің үстем болып, екіншісінің көмескі тартуында. Ол бала кездегі жан құмарының ержете келе тән құмарына тәуелді болуында. Сонда жан құмары деген не? Ол – білсем, көрсем, үйренсем екен деген түсінік. Бұл – адамның бала кезінде ерекше байқалатын мінезі. Бала көзі көріп, құлағы естіген заттың бәрін білгісі келіп: «Ол немене? Бұл немене? Бұл неге бүйтеді?» - деп сұрап тыныштық таппайды. Осы бала күнгі жан құмарлығын ержеткен соң, ақыл кіргенде орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз?..

Бұл сөзге қойылған мәселелерге жауап беруден гөрі сұрақ қою көбірек. Ол түсінікті. Жан құмарлығы тек білсем, көрсем, үйренсем деген істермен шектелмейді, ол – туа біткен қасиет, сондықтан ол адамдарда бірдей болмайды. Әр адамның табиғатының мүмкіндік болмысы, шама-шарқы бар. Көпшілік заттың ішкі сырына мән бере білмейді, оларды заттың сыртқы көрінісі қанағаттандырады. Ол турасында Абай кесімді пікір айтқан: «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады».

Адам мен хайуан әуел бастан өзгеше. Абай адамды хайуанмен салыстырғаны шартты түсінік. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды, сондықтан оған біз надансың, не ақылдысың деп еш нәрсе айта алмаймыз. Хайуан хайуандықтан өзге қылыққа бара алмайды, оның кеңістігі шектеулі, мүмкіншілігі болмысымен анықталған. Адам болса өзгеше, оның кеңістігі шексіз, мүмкіншілігін біліп болмайсың. Себебі онда сана бар.

Оның көрінісі – жан құмары. Солай бола тұра адамдар жан азығын ойламай, құр білемізге салынып, өз надандығын білімділік деп түсінеді. Бұл көкіректегі сәуленің жоқтығы деп Абай налыс білдірген.

Бұл сөзде «құмарлық» деген ұғымға барлау жасалған. Оны бүге-шігесіне дейін талдауды Абай мақсат тұтпаған, оның айтпағы – жан құмарының тән құмарлығынан артықшылығы туралы ой.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

 

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 85 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: