Абайдың хакімдігі
15/05/2023, 11:47

«АҚЫЛ БІРЛІГІ»

(Алтыншы қарасөз)

Бұл сөзде Абай қазақтың «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деген мақалы төңірегінде философиялық мәнде ой өрбіткен. Тегінде, мақалды бәріміз айтамыз, бірақ оның ішкі мазмұнын зердемізге салдық па? Абай бірлік қандай елде болмақ деп ашық сауал қояды. Басы бодандыққа түскен, ел болып өзін билемеген халықта қандай бірлік болмақ, оны қазақтар біле бермейді, олардың ойынша, бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса болғаны. Абай бұл тоғышарлық, тар өрістілікті сынайды. Олай болған адамдар не кедей, не бай болмай, ортақ дәулет біткенше мал табудың орнына жатыпішер жалқауға айналмасына кім кепілдік береді ал мұндай бірлік қар суындай уақытша ғана кезеңді қамтиды. Ағайын бірлік етсе, онда ол өз бетімен қарекет етіп пайда таппай, пәле іздеумен айналыспақ. Бұл бірлік те ортақ дәулет таусылғанда ыдырайды. Абай мұны жоққа шығарып, нағыз бірлік – ақыл бірлігі екенін айтады.

Ақын ақыл бірлігі не дегенге тегін тоқталмаған. Оның көп қырлары бар. Мысалы, ақылға салып ел қамын ойлау – нағыз бірлік. Абай, тегі, осы бағытты меңзеп отырса керек.

Бірлік хақында осындай ой айтқан Абай мақалдың екінші жартысындағы «тірлік» деген ұғымды талдайды. Тірлік деген не? Бұл – бар заман ойшылдарының қойған сауалы. Абай әншейін күнін көргеніне мәз болып, қорқып-үркіп өмір сүргенді тірлік деп есептемейді. Ондай өмір сүрген жандардың өзі тірі болғанымен, көкірегі өлі. Мұндай тірлік иелері өмірге дұшпан болады. Адал еңбекпен мал таппаған, паразиттік күнкөріске түскен жолда жігер болмайды:

Кеселді жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың – пысық, ішің – нас,

Артын ойлап ұялмас.

Бұлай тірі жүрмін дегенше Алланың ақ өлімінің өзі артық дейді Абай. Тірлік туралы ақын философиясы таза прагматизмге (мал табуға) ғана емес, адам бойындағы парасаттылыққа бастайды. Ар, намыс, ұжданды сатып тірлік етуді Абай сынға алған. Абайдың осы қағидасы інісі Оспанның қазасына орай жазған «Оспанға» деген өлеңінде бар. Онда. «Жайдары жүзің жабылмай, жайдақтап қашып сабылмай, жан біткенге жалынбай, жақсы өліпсің, япырым-ай!» - деуі – ақынның кей жағдайда өлімнің өмірден биік болуын айтқаны. Ит тірліктің өмірге еш қажеті жоқ. Сондықтан да «Ырыс алды – тірлік» дегенде, тірлік алдымен мақсатқа лайықталған таза еңбекпен анықталса керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

 

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 58 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: