09/05/2023, 23:19 | |
«ІЗДЕГЕН ЕЛІМІЗ СОЛ МА?» (Бесінші қарасөз) Ақын бұл сөзінде халық санасына сіңісті болған мешеулік философиясына талдау жасайды. Қазақтардың: «Ә, құдай жас баладай қайғысыз қыла көр...» деген тілегін қалайша түсінуге болады дейді ол. Жас баладай болу деген не ұғым? Демек, салиқалы іске, қарекетке бармай, барға риза, жоқты ескермей, балалық түсінікпен өмір сүрушілік. Мұндай түсініктерді Абай қазақ мақал-мәтелдерінен де табады. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Алаған қолым береген», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса – қаралы үйге шап», «Түстік өмірің болса, күндік мал жина», «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», т.б. Бұл мақалдардан ақын қазақтардың қайғысы малда екен, бірақ олар мал үшін қам жемейді, малды қалай табуды білмейді деген қорытынды жасайды. Малдыларды алдап-арбап не олармен жауласып, қулық-сұмдық жасау ұят та, қайғы да емес, ал малды қалай табуды ойлап ынта жасау – қайғы. Одан да жас баладай қайғысыз болғанды ұнатады. Абай халықтың дәстүрлі мал шаруашылығынан кәсіби өзге қарекеттерге өтуін мақсат етіп отыр. Халық ынтасы тек малда. Ал мал табу, оның жолдарын ойластыру саналы қарекетті қажет етеді. Ол мәселеге халықтың әлі бара алмай, жас баладай қайғысыз болуын армандауы ақынды қынжылтады. Абай бұл сөзінде өрелі, өзекті мәселелерді қозғап отыр. Қазақтың ғылым, білім, әділет үшін қам жемей, тек мал үшін қайғыруы – жетімсіз іс. Ғылым-білім болмаса сана тұмшаланып, ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік сияқты келеңсіз қылықтар жойылмақ емес. бұлардан арылмасақ жас баладан неміз артық дейді. Ақын жас баладай қайғысыз болса ел бола алмайтынын айтып, біздің жолымыз бұл емес деген түйін жасайды. Бұл тұс қазақтың Абай заманында «қарға тамырлы» халық болудан қалып, бодандыққа мықтап түскен кезі еді. Ел болу не болмау ісі орыс әкімдерінің қолында қалған. Қазақтардың бықпырт тигендей бөлшектеніп, болыс-болыс болып өмір кешіп жатқан кезі. Халық мінезіне ұсақ қылықтар еніп, ел дертке ұшыраған. Ел сөзін сөйлейін десе бір орталыққа бағынар халқы жоқ, халқының еркі жоқ заманда асыл ойларын кімге бағыштарын білмеген Абай: «... Іздеген еліміз сол ма?» демегенде не десін? Ақын қайғысы – бодандыққа түскен елдің мұң-зары. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 50 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |