Абайдың хакімдігі
24/04/2023, 19:27

«БИ ЕКЕУ БОЛСА, ДАУ ТӨРТЕУ БОЛАДЫ...»

(Үшінші қарасөз)

Бұл сөзді Абай билік мәселесіне арнаған. Бас еркінен айырылған қазақ халқы ақын өмір сүрген заманда азып-тоза бастаған болатын. ертеректе хандары мен билері, батырлары мен жыраулары болған кезде адамдардың бір-біріне қаскүнемдігі, бақталастығы, тағы басқа арам пиғылдыққа бастайтын мінездердің өсіп-өнуіне тарихи-әлеуметтік негіз жоқ еді. Кісілігі жоқ адамдар үлкен жиын мен кеңеске шақырылмақ түгіл, ауылдың алқа-қотан сұхбатына да қатысрылымаған. Ол кездің өрелі қазағы халық қамына, оның мақсатына сай қызмет атқаруды азаматтық борышы деп санаған.

Бүгінде халқымыздың тарихын бағдарлап отырсақ, қазақ жігіттері, негізінен, ат үстінде күн кешкен екен. Азаматтың басты қасиеті жауынгерлігінде болған. Кейін халқымыз Ресей бодандығына өткен соң, қазақтың жауынгер болып, ат жалын құшып, құстай ұшып, телегей-теңіз атамекенімізді қорғау қажеті күн тәртібінен түсті. Ұсақ тіршілік басталып, халқымыздың болмысында болмашы мінездер мен қылықтар өріс ала бастады. Ел басқаратын хан, ақыл айтушы би, жыраулардың қоғамдағы қызметі жойылды. Олардың орнын діні, тілі, түсінігі жат орыс шенеунігі басты. Қазаққа қалғаны – болыстық, оның өзін, Абайдың айтуынша, үш жылға ғана сайлады. Бірінші жыл «Сені юіз сайладық...» деп елдің бұлданғанымен өтеді, екінші жылы кандидатпен аңдысумен, ал соңғы жылы сайлау жақындап, тағы болыс болсам деген тіршілікпен өтеді. Абай орыс патшасының осы бір «кесімді билігі» туралы ашына пікір айтқан. Жағдай осындай болғанда, болыстыққа орысша білімі бар адамды уезный начальникпен бірге военный губернатордың өзі тағайындағаны жөн дейді. Себебі итке тастаған сүйектей «болыстық сайлау» - өзі тозып отырған халықтың арасындағы іріткі. Болыс болсам деп ағайындар жанжалдасып, партияласып, әбден халықтың мазасын кетіретін пысықтарды көргенде Абай бұрынғы «Қасым ханның ескі жолын», Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» білмек керек дейді. Әрине, Абай бұлардың бүгінгі өмірге келетінін алып, жарамсызын теріске шығарса дей келіп, осыларды іске асыратын кісілердің жоқтығына қиналады.

Қазақ жайын жақсы білген адамдар: «Би екеу болса, дау төртеу болмақ», - деп айтыпты дейді Абай. Сондықтан би жұп болмай, тақ болуы керек. Яғни билікке әр болыстан үш кісіні сайласа, бітімге келу ұзамас еді. Бұлай болғанның өзінде де қазақтар арасындағы дау-жанжалдың бітпейтінін Абай жақсы білген. Себебі билік билерден өткен. Олардың орнын шала-шарпы орысшасы бар пысықтар басқан. Ел ішінде әділеттілік орнығуынан қайыр болмағандықтан, Абай болыстық қызметтің жоғарғы жақтан бекітілуін құп көрген. Одан ақын екі жағымды іс боларын айтады. Біріншіден, қазақ балалары білім алуға ұмтылар еді, ол да керекті, пайдалы іс. Екіншіден, тағайындалған болыс сайлаушыларға міндетті болмай, ұлықтарға міндетті болар еді. Мұны кейбіреулер Абайдың орыстың отаршылдық саяси жүйесін құптағаны деп те айтар. Ал іс мәнісіне келсек, болыстыққа таласып босқа әуре-сарсаң болғанша, қазақтардың егін егіп, мал тауып, білім-ғылым жолына түскендері әлдеқайда пайдалы. Абай мәселені осылай қойған. Билік туралы Абай өзге сөздерінде де, өлеңдерінде де айтқан. Солардың бәрінің мәнісі жоғарыда айтылған пікірге саяды.

Абайдың бұл нақыл сөзінің мазмұны қазіргі көсемсөзге (публицистика) жатады. Ақын болыстық қызметтің саяси-әлеуметтік негіздері хақында өз ойларын айтып, нақтылы ұсыныстар жасаған. Бірақ ол заманда қазақ жайын ойлаған кім болды дейсіз. Орыс шенеуніктері үшін қазақтардың болысқа таласуы, мінездерінің ұсақталып, азып-тозып, шапқылап келіп бір-біріне жала жауып, ұлыққа пара беруі өте пайдалы іс болатын. осы көріністі Абай нақтылап қағазға түсірген.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 64 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: