17/04/2023, 08:51 | |
«ӨЗІҢДІ ӨЗГЕЛЕРДІҢ КӨЗІМЕН ТАНЫ...» (Екінші қарасөз) Бұл сөзде қазақтың өзі туралы түсінігі өзге халықтарға берген мінездемесінен аңғарылатынын Абай нақтылы дәлелдеп берген. Өзге халықтар хақында ел арасында тұрпайы, ақиқаттан алшақ түсініктердің кең таралуы қазақтардың өзін-өзі танырлық санасының төмендігінде. Біз барша әлемдегі ең тәуір халықпыз деу – этноцентризмге әкелетін анайы түсінік. Абай осы санадағы қарадүрсіндіктен тазару жолын ұсынып отыр. «Қазақтардың тәжікке, ноғайға, орысқа қарап, оларды мазақ, күлкіге айналдырғанын бала күнімде естуші едім, - дейді ақын. – Сонда мен ойлаушы едім: «Ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз» деп... Енді қарап тұрсам, - дейді Абай, - сарттың екпеген егіні жоқ, істемейтін кәсібі жоқ, орыстың да өнерін тез меңгеріп алған, өзара жауласуы жоқ, тіптен қазақтың өлісінің ахиреттілігін, тірісінің киімін сол жеткізеді. Ал ноғайлар кедейлікке де шыдайды, солдаттыққа да шыдайды, молда, медресе ұстап, дін күту де соларда, еңбек етіп мал табудың жөнін солар біледі, тазалық та соларда. Біз – құзғын тамағымыз үшін оларға біріміз жалшы, біріміз қош алушылармыз. «Орысқа айтар сөз де жоқ, біз (олардың) құлы, күңі қадарлы да жоқпыз. Ал сонда ең тәуір халықпыз деген мақтан қайда қалды?» Абай бұл сөзді қазақ халқын кемсіту үшін емес, оның намысына тигізе әдейі айтып отыр. Халықтың бойында жақсы қасиетті ешкім мансұқ етпек емес, ал жағымсыз қылықтарды айту – одан арылудың тәсілі. Неге сарт сияқты егін екпеске, неге ноғай сияқты дін бақпасқа, сауда жасамасқа, неге орыс білімін алып, олармен терезені теңестірмеске? Абайды қажап отырған осы ойлар. Қазақ бұл халден құтылу үшін не істеу керек? Алдымен өзіңе өзгелердің көзімен қара. Ондай дәрежеге көтерілу үшін шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болсаң, қорлықтан құтыласың. Тек сол жағдайда ғана өзге халықтар туралы қазақтардың да ұғымы өзгермек. Абай осы шағын сөзде ел кемелденуінің басты-басты бағыттарына тоқталған. Ақынның осы идеялары күні бүгінге дейін іске толық аспай отырғанын мойындамасқа шара жоқ. Егер дер кезінде Абай насихатына құлақ қойған қауым болғанда, отызыншы жылғы аштықтан қырылар ма едік? Сарт, татарлар дін аман қалғанда біздің халықтың тең жартысы қырғынға ұшырады. Абайдың «...Шаруа қылып мал тап, өнер тауып зор бол» дегені – бүгінгі күннің өміршең талабы. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 75 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |