Абайдың хакімдігі
10/04/2023, 08:33

«ОЙЫМА КЕЛГЕН НӘРСЕЛЕР...» немесе СӨЗ БАСЫ

(Бірінші қарасөз)

Бірінші қарасөз мазмұны жағынан өзге «сөздерге» алғы сөз, кіріспе ретінде жазылған. Сөзді ықылас сала оқыған адам екі ұдай сезімде қалуы ықтимал. Бір жағынан бірталай өмірін алысып-жұлысып, айтысып-тартысып, әурешілікті көре-көре өткізген, өміріне наласы бар, қажыған, жалыққан, атқарған ісінің баянсыздығын көріп, ендігі алда қалған күндерге дәрменсіздік білдірген, уайым дертіне ұшыраған адамды көресің, екінші жағынан осы басынан өткізген тұрлаусыз істерден философиялық мәнде ақыл қорытқан данамен жүздесеміз.

Абай – өз заманының адамы, атқарған негізгі қарекеттерінің басты-бастыларына өлеңдері мен қарасөздерінде талдау жасаған. Олар: ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу және бала бағу. Ел бағудан түңіліп, мал бағу қолынан келмейтінін айта келіп, неліктен ғылым бағу мүмкін еместігіне нақтылы дәлелдер келтіреді. Өз ортасында ғылым сөзін сөйлейтін адам жоқ, олай болса білмегенді кімнен сұрайсың, білгенің кімге дәрі? Жағдай осылай болған соң ғылымның өзі жан азабы. Сопылық қылып дін бағу үшін Абай тыныштық керек дейді. Не көңілінде, не көрген күнінде тыныштық жоқ, қайдағы дін бағу, қайдағы сопылық деген ой айтады.

Сопылық туралы Абай отыз сегізінші қарасөзінде тоқталады. Алайда бұл сөзінде дін туралы, сопылық хақында ойын толық ашпаған. Дін бағу үшін тыныштық керек дейді ақын. Ал анығында елге тыныштық әкелетін рухани күштің бірі дін емес пе? Сөзде бұл мәселе көмескі. Бала баға алмайтындығы туралы дәлелі анық.

«Балаларыма ілгері әмірінің, білімінің пайдасын көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам?» - дейді Абай. Осы ойларға терең үңілсек, ақынның өмірдегі түңілуі емес, адамға, оның характеріне, өміріне кеңістік бола алмай тар қапасқа айналған қоғамдық болмысқа наразылықты аңғарамыз. Осы наразылықтан ақын мына тоқтамға келеді: «...Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жзып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдік дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».

Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін жанр ойлап тапқан. Ол – сөз жанры. Ақынның қарасөздері – еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтар ойларын формаға бағындырып немесе жүйе құрып әуре болғанын білеміз. Абай болса ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы келген ойларын еркін білдірген. Абай ашқан «сөз» жанры, өкінішке орай, қазақ мәдениетінде өріс алмады. Сірә, оған кінәлі, Шәкерім тілімен айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы болса керек. Адам өз ойындағысын еркін айтқаны үшін кінәлі болған заманда, әрине, сөз жанрының өрістеуі, Абай дәстүрін жалғастыруы мүмкін емес еді.

Абай дәстүрі, яғни сөз жанры бүгінде жаңғырып, жалғасуы керек, оған алғышарт бар. Қазіргі плюрализм деп жүргеніміз – кезінде Абай қолданған ойлау тәсілі. Қарасөздерді мұқият оқыған адам ақынның кейбір тұста өзімен-өзі сұхбаттасып кететін тұстарын да аңғарады. Бұл шын мәнінде Абайдың өзін-өзі терістеуі емес, оның ойларының үзбей кемелдену өрісінде екендігінің айғағы. Жазған сайын ойы кең өріс іздейтін Абай кей сәттерде тұйыққа барып тіреліп, мәселенің шешуін оқырманға тастайды. Оқырманға сұрақ қояды. Бұл – оның ұрпақтарымен сырласуы.

Өмірдің мың сан құбылыстарына Абай ешқашан дайын жауап беруді мақсат тұтпаған. Ол заман, тұрмыс қиыншылықтары туралы айтқан. Оған Абайдың қырық бес қарасөзін оқып шыққан оқырманның көзі әбден жетер.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 71 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: