03/04/2023, 19:21 | |
«ЖАМАНШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫ...» Адам өмірге жақсылық жасау үшін келген. Келісейік. Биік ой. Алайда ол неге жамандық жағасында дүниеге келген? Сонда шындық қайсы? Неге адам өмірге келмей жатып дүниеге жаманшылық енген? Олай болатыны, біріншіден, жаманшылық дегеніміз – қауіп-қатер. Ол табиғатқа, жыртқыш аңдарға, күннің ыстық-суығына қатысты. Дүниеге енген адамның оларды жеңуге әлі қауқары жоқ, сондықтан оның бәрі оған қауіп-қатер. Екіншіден, адамдардан келетін қауіп-қатерлер. Бұл жаманшылықтың түрлері адамзат тарихында молайып, неше түрлі айла-шаралармен, ілімдермен сабақтасып, үзбей «өсіп-өніп» отырмақ. Мұны ғылыми тілде әлеуметтік, экономикалық, саяси, т.б. факторлар деп атайды. Оның үстіне неше қилы нәсілшілдік, діншілдік іс-әрекеттерді қоссаңыз жаманшылықтың түрлері құлпыра түспек. Үшіншіден, жаманшылық адамдардың табиғи надандығынан өсіп-өнбек. Надандық, тексіздік, білімсіздік, имансыздық, арсыздық дегендермен анықталмақ. Осы айтылған жайлар дүниеге енген адам баласын жаманшылықтың жағасында қабылдамақ. Жаманшылық жағасы – адам үшін майдан алаңы. Ол – өнер мен әдебиетте таусылмас, сарқылмас мәңгілік тақырып. Алайда жаманшылық жағасын сезбейтіндер болады, бәлкім, олар көпшілік болуы ықтимал. Тән азабы, жан азабы деген бар. Жаманшылық жағалауын сезіне алатындар – жан азабын тартатындар. Жаны ауырмайтындарға жаманшылық жағасы жоқ, себебі тән азабынан құтылудың айла-тәсілдері бар, оны сатып алуға болады, ал жан азабынан жазылу – қиынға соғатын іс. Жан азабы адамның арын оятады, ол тағдыр деген ұғымға саяды. * * * Жаманшылықтың жағасында жақсы адам жүр делік, ол өз халін сезінеді. Тағдырын түсінді. Сонда оның өмір сүруінің мәнісі неде? Бұл – Қорқыт ата сұрағы. Қорқыттың «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегені – оның жаманшылықтың жағасында тұрғанын сезінуден туған дүниетанымдық рефлексиясы. Сонда өмірдің мәні не болмақ? Адам баласы қызық. Білуге қажеті жоқ сауалға жауап іздеп өзін-өзі қинайды. Егер әрбір адам өмірдің мәнін не өмір сүрудің мәнін ұғынса, бұл жалғанда қызық қала ма? Өмір сүруге деген қуат қала ма? Бәрі түсінікті болса, не үшін өмір сүрмекпіз? Сірә, адам өмірінің мәні оған беймәлім болған соң, өмірді қызық көріп ғұмыр кешпек, ал бұдан басқа амал бар ма?! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 62 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |