19/03/2023, 22:07 | |
«ЖАҚСЫЛЫҚ ҰЗАҚ ТҰРМАЙДЫ...» Абай уайым туралы сөз қозғаған соң, әрине, ҚАЙҒЫНЫ да әңгіме еткен. Уайым қайғыға айналғанда мәселе айқындалады және салмақтана бастайды. Мәселе айқындалады дегенде айтпағым, уайым қайғыға айналғанда адамның ойы өріс алмақ. Қайғы уайым емес, мұң емес, ол – ой өрісі. Қайғы – ойшылдықтың белгісі. Көп адам бойын уайым мен мұңнан алып шыға алмай, тар қапасқа қамалғандай күй кешеді, ол – қайғыға айналған ахуал, адамға шешім іздетеді. Сондықтан Абай: «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды», - дейді. Жүз қайғыны ойлау ол – кемеңгерлік, ол – даналыққа бастайтын жол, бұл айқындықтың мүмкіндігі. Қайғыға түспей ойшылдық жоқ. Енді қайғы салмағы, яғни ауыртпашылығы туралы айтсақ, ол – қайғының қар жауғандай қат-қабат келгендегі адамның ахуалы. Жоғарыда айтқандай, бір қайғы ойласаң, жүз қайғы қозғалғаны емес, қайғының үздіксіз адам басына тағдыр болып түсуі, оны ақын: Кез келсе қайғы қат-қабат, Қаңғыртпай қоймас адамды, - дейді. Қат-қабат келген қайғыны меңгеру кімнің қолынан келмек? Өлеңнің соңғы жолы – ойға ой салатын мағыналы сөз. Ол мақтан мен маза деген түсініктерге қатысты. Абай «мақтан» туралы қара сөзінде арнайы талдау жасаған, сондықтан оған тоқталмай, «маза» деген түсінікке мән берсек, айтарымыз, адамның мазасын алудың жолы, тәсілі көп, бірақ мазаны мақтанмен алу дегеннің мәнісі неде? Мақтау деген жан семіртер тәсіл емес пе, адамдардың оны үнемі естігісі келіп тұрмаушы ма еді? Иә, солай, бірақ наданға үміт, уайым, қайғы дегендер соншама мағыналы болмағандықтан, олардың жұбанышы – мақтан, сол надандықтың жұбанышы хакім Абайдың мазасын алуда, сондықтан ол түйін жасаған: «Мақтанмен алды мазамды». баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 69 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |