Абайдың хакімдігі
13/03/2023, 23:23

«ЖАҚСЫЛЫҚ ҰЗАҚ ТҰРМАЙДЫ...»

Жақсылық пен жамандық егіз ұғымдар емес, бір істің екі жағы, олар бірінсіз-бірі болмақ емес. Абай: «Жақсылық ұзақ тұрмайды», - дейді. Еріксіз неге деген сауал қоясың. Жақсылық неліктен ұзақ тұрмайды, жауабы бар сұрақ. Жақсылық ұзақ тұруы үшін адамдар пенделігін тастап, періштелерге айналуы қажет.  Ол – болмайтын іс. Адамзатқа дейін періштелер ғана болған, бірақ адамның жер бетінде жаратылуы және таралуы табиғи қажеттілік болды. Адам болған соң, оның тойымсыз нәпсісі бар, оны жұрт пенделік дейді. Адамдардың пенделік болмысы – қызықтың қызығы, онсыз тарих, өнер, ғылым жоқ. Пенделіксіз адам рухы қайтадан періштелік халге өтіп, Жаратушының жаратқандарының мазмұны мансұқ болмақ. Сондықтан пенде жақсылықты ұзақ тұрғызбайды, одан ол тез жалығып кетеді де, ізденіске түскенде жамандыққа тап болады немесе оған белшесінен батып шыға келмек. Осы халді баяндағысы келген Абай өлеңнің екінші жолында: «Жамандық әр кез тозбайды», - дейді. Тағы неге деген сауал қойсақ, берер жауап сол: жамандықтың тұрағы – адамның нәпсісінде, яғни пендешілігінде.

Жамандық ешқашан жойылып кетпек емес, ол адамның болмысына шайтан болып енген. Шайтан жүрген жердің бәрі пенделіктің өрісі, оның жүрмейтін жері жоқ, себебі ол адамның қан тамырына еніп кеткен пәле. Жақсылық дегеніміз бір сәт жамандықты ұмыту ғана, одан әріге оның да қауқары шамалы, сондықтан жақсылық ұзақ тұра алмайды, ол – бұлттан шыққан күн көзінің шуағындай құбылыс. Жақсылық болуы және орнығуы үшін рухы мықты жандар жанталаса еңбек етпек, жақсылық өткен өмірден дәстүр арқылы, бүгінгі күннен тәрбие, білім арқылы білінбек.

Жақсылық – рух қуаты. Елдің рух қуаты азайғанда жақсылық көмескіленіп, «шайтан өрнек салмақ». Ондай замандар әр халықтың басынан өткен, келешекте де болуы мүмкін. Жақсылық ұзақ тұруы үшін ұрпақтың сабақтастығы үзілмеуі қажет. Өгей ұрпақ өскен жағдайда жақсылыққа орын қалмайды, оның қызметін жамандық атқара бастайды, бұл адамзаттың адасқан заманы болмақ. Адамзат тым жиі адасады. Адаспайын десе тура жол жоқ. Немесе тура жолға бастайтын көшбасшы жоқ. Пайғамбарсыз заманда пайғамбардың қызметін, атқарар ісін әлдекімдер атқаруда. Мұндай әрекеттерден не шықпақ? Сондықтан:

Жақсылық ұзақ тұрмайды,

Жамандық әр кез тозбайды.

* * *

Осы өлеңнің келесі жолдарында мағыналы ойлар айтылған, ол үміт пен уайымға қатысты. Үміт дегеніміз – келешектің нышаны, анығында алдағы жүріп өтетін жолдың барлығы туралы сана, ол – болашақтың жарығы немесе оның сәулесі.

Үміт болмаса бүгінгі ғұмырдың мәнісі жоқ, демек, осы барлықтың мазмұны – үміт, онсыз өмірге деген ынтаның болуы да мүмкін емес. үміт осылай болса, уайым деген – оның жолындағы бөгет, ол үміт отын маздатпақ түгіл, оны өшіруші, жоқ етуші, сөйтіп адамның дәрменсіздігін паш етуші – сана. Уайымды тудырушы, әрине, жамандық. Уайым арқылы жамандық өзіне өріс іздемек. Үмітті уайым бастап апару – жақсылықты ұзақ тұрғызбай, оның тамырын қиюға жасалған әрекет. Осы халді хакім Абай бейнелеген:

Үміттің аты елеріп,

Қос тізгінді созбайды.

Қанша тепкі салса да,

Уайымнан озбайды.

Уайымнан озбаған үміт, ол үміт емес. үміттің аты қос тізгінін созып, уайымнан озуы керек, сол кезде жақсылық нұрын шашпақ. Жақсылықсыз ғұмыр түнек емес пе?! (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 69 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: