Абайдың хакімдігі
27/02/2023, 07:23

«ҚАЙҒЫ ШЫҒАР ІЛІМНЕН...»

«Білім – өмір шырағы» деп өстік. Дұрыс. Еш қатесі жоқ. Білімсіз түнек болмақ. Білімге ұмтылысты талаптылық дейміз. Қай қоғамда болмасын тұрақты білім жүйесі қалыптасқан. Білім- қазына. Әркім баласын білсін деп оқуға бермек. Білмек, білмекке құмарлықтың оянуы – жақсылықтың нышаны. Білімді адамнан азамат шығып, ат жалын тартып ел ісіне араласпақ. Бұл – талассыз істер, хакім Абай: «Ыза шығар білімнен», - дегенде нені айтқысы келіп отыр? Ақын сөзі қашан болмасын белгілі жайды емес, белгілі істің тамырын қазуда көрінеді емес пе?

Қандай сөз айтса да түп-тамырын қопара айтатын Абай, әрине, білім дегенге өз түсінігімен келген. Сонда оның айтқаны: «Ыза шығар білімнен». Сондағы ыза дегеніміз не? Біріншіден, ыза деген – адам қуаты. Ызалану үшін қуат керек, себебі оның мәнісі әлденемен келіспеушілікте. Ол олай емес еді ғой деген түсінік пайда болғанда, ол ыза болып көрінбек. Демек, ызаның екі астары бар, бірі – адамның осы болғалы тұрған іс туралы түсінігі болуы, екіншісі – онымен келіспеушілігі. Осы екі ортада ыза санасы оянады.

Екіншіден, ыза деген – ырыққа көнгісі келмеген ашу. Бұл жақсылық емес. бұл ызадан қайту керек, мәселе бүлінбей тұрғанда. Ашу – шайтандық, оның емі сабыр етуде.

Үшіншіден, ыза – білімді, парасатты терістеу бағытындағы санасы. Сірә, Абай ызаға осы тұрғыда келсе керек. Абайдың ызалануы адамдарды ойландыратын жағдай болса керек.

Неге білімнен ыза шықпақ тағы да екі мәселе туралы сөз айтуға тура келеді. Бірінші мәселе білімнің өзінде, білімнің өзі ыза туғызуда, яғни әңгіме оның сапасында. Білім дегеннің негізі біле беру болса, солар саған, заманға, елге қажетті білім бе? білім сансыз, есепсіз, соның бәрі қажет пе әлде білім сұрыпталып алынуы қажет пе? Мәңгілік сұрақ. Екінші мәселе. Сапалы білім де ыза тудырмақ, себебі білім деген сансыз алдыңнан ашыла берер есіктер сияқты. Адам білген сайын білгісі келе береді, ол ыза құмарлығын туғызады, бұл жағымды жағдай. Бұл мәнде ыза – талаптылықтың қозғаушы қуаты, білім жолына түскен жанның сергектігі, оның білімге деген құштарлығы. Әңгіме солай, бірақ бұл соңында неге жеткізбек, адам қысқа ғұмырында бәрін біліп бола алмайтынын білім арқылы білген соң, әрине, ЫЗА болмақ, себебі бұл – шешімі жоқ тұйық сұрақ. Абай ызаны осы мәнде айтса керек.

Әрине, осындай жағдайдан кейін: «Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілімнен», - демеске амалы жоқ. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 80 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: