Абайдың хакімдігі
20/02/2023, 07:29

«ҚАЙҒЫ ШЫҒАР ІЛІМНЕН...»

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен.

Мұнда мынандай ұғымдар бар: қайғы, ілім, ыза, білім, зар. Бес ұғым. Қайғы деген не, ол – ойшылдықтың мінездемесі. Ойшыл адамға қандай ілім болмасын қайғы әкелмек. Себебі қайғы ілімнен терең, ол ізгілікті аңсаудан, оны мақсұт тұтудан туады, ілім болса, көбінесе идеологиялық қажеттіліктен тумақ. Ілімнің ізгі ақыл болмағы қиын, себебі ол белгілі бір топтық мүддеге қызмет етпек. Міне, осы тұста қайғы шықпақ.

Қайғы дегеніміз – адамның ізгілік қасиеттерінен туындайтын сана. Ілім болса – билікке ұмтылушы саяси күштің ынтасы. Осындай жағдайда жеке адам мен қоғам мүддесі арасында алшақтық болмай қоймайды, содан өсіп-өніп қайғы шықпақ. Өкінішке орай, қандай ілім болмасын, жақсы сөздерді ұрандатып келгенімен, өзімен бірге әділетсіздікті ерте жүреді, себебі билікке ынталы саяси күштің халық мүддесіне сай болмағы – үнемі шешуі күрделі мәселе. Билік әділеттіліктің өзі емес, оған жетудің құралы ғана, сондықтан оған жетпекші топтың тәсілдері әр қилы болмақ. Осындай әрекетті іске асыруға негізделген ілімнен, әрине, қайғы шықпақ. Адамзаттың өткен-кеткен және бүгінгі тәжірибесінде жағдай солай болған, бүгінде қаз-қалпында ілім жасаушыларды әділеттіліктің жаршылары деу – насихат деңгейіндегі түсінік. Бұл ахуал Абай заманында тым күрделі болатын. ілім дегеніміз – сананың дерті. Ілім – тікелей ми қызметіне әсер ететін дерт. Бұдан сау қалатындар санаулы, ал сау қалғандары қайғыға түспек.

Ілімнен қайғы шығатынын социалистік идеяға құлай сенген қазақ зиялыларының бір парасы кеш түсінді, қайсыбірі өмірінің соңына дейін түсінбей, өзінің «ноқталы» санасымен өтті. Ілім мазмұнын танып, түсіну осал шаруа емес, ол үшін адам болмысында иммунитеті болуы керек. ХХ ғасырдың басынан-ақ Маркс, Ленин ілімі салған дүрбелең халқымыздың ұйпа-тұйпасын шығарды. Кімнің соңынан ерерін білмеген қалың жұрт адасты, аштықтан қырылды, зиялылар жазаға ұшырады, жұрттың үштен бірі әлемнің елдерін кезіп, бас сауғалап кетті. Міне, Абай айтқан ілімнен шыққан қайғы. Сондықтан ілім дегеннің идеологиялық бағыттағы топтар санасы екенін естен шығармаған жөн. Ілім – ойдан құрастырылған адам санасы, олай болса оның міні болмай тұрмайды. Ілім міні – ойшылдардың қайғысы. Ілім сананы улайды, адамның еркін шектейді, ойлау кеңістігін тұйықтайды. Ілім – адамдарды әлдебір идеяға тәуелді ету тәсілі. Ілім жасаушылық халықты қайғы-қасіретке бастамақ. Алайда осы тәсіл бүгінде өңін айналдырып, өзгеше күйге еніп, адамзатқа жаңа қасіреттер әкелуде.

Міне, осындай ойлар өрісіне негіз болып отырған – хакім Абайдың «Қайғы шығар ілімнен» деген өлеңінің бір жолы. Мұндағы жаңалық қайғының ілімге байланыстылығы. Қайғы тегіннен-тегін болмайды, бұл жерде Абай адамның жеке басына қатысты тұрмыстық қайғыны емес, ілімнің нәтижесінде болатын қайғыны айтып отыр. Ілімсіз болатын қайғы табиғи сипатта, ал ілімнен шығатын қайғы болмысы әлеуметтік мазмұнда, себебі ілім – әлеуметтік құбылыс.

Өлеңнің екінші жолында ақын: «Ыза шығар білімнен», - дейді. Бұл, әрине, тосын ой. Әдетте білім деген қуаныш, білім деген адам жанына жарық беретін күш деп айтпаушы ма едік. Расында, білім деген – ғанибет нәрсе. Білімсіздік надандыққа бастамақ. Білімді жан нұрлы болмақ. Сөздің қысқасы, білім туралы әңгіменің бәрі жағымды. Білім – адамзаттың жүрер жолы, тынысы. Міне, осы білімнен Абай ыза шығады дейді, соны қалай түсіндіруге болмақ?

Біріншіден, бұл Абай заманына қатысты пікір болмақ. Алған біліміңді қайда, қалай, кімнің мүддесіне сай жұмсамақсың? Ойланатын жағдай. Білім адамға, елге қызмет етуі керек, ондай елің бар ма, басыңда бостандық бар ма? Осындай ахуалда білімнен ыза шықпағанда не шықпақ?

Абай дәуірінде білімді қазақтар адам болайын деп емес, пайда тауып, чиновник болу үшін деген ынтада болғаны да шындық. Мұндай білім, әрине, ойшылдың ызасын келтірмек. Екіншіден, осы мәселені тек Абай заманында ғана емес, бар заманға ортақ айтсақ, мәселе қандай болмақ?! (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 73 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: