Абайдың хакімдігі
13/02/2023, 20:41

ЖАҚСЫ АДАМ КІМ?

Алланы сөзбен, ақылмен емес, жүрекпен сезу қажет, оның барлығын тану сезім арқылы болмақ. Және де Абай айтады, Алланың өзі бар, ол да рас, сонымен бірге адамның сөзі бар, бірақ оның растығына үнемі күмән бар. Неге олай? Жауапты тағы да отыз сегізінші қарасөзден табамыз. Абай айтады: «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз». Керемет шындық. Пайғамбырымыз біздің түсінігімізде сауатсыз болған. Ол қаріп танымаған. Пайғамбырымзға Жаратушыдан аят аян түрінде келген. Пайғамбар білімі – аян білім, біздің білім – қаріп арқылы болатын білім. Сонда кімнің Аллаға жақын екені мәлім болады. Абай: «Әуелі аят, хадис – сөздің басы», - дейді. Аят – дүние көркі туралы сана. Аят – сөз басы, бірақ ол адамның ойынан туған дүние емес, Мұхаммед пайғамбарымызға өлең кейпінде түскен аян. Аят – Мұхаммедке пайғамбарлықтың келгенінің айғағы. Ол жұртшылыққа өзіне аян арқылы Жаратушыдан аят келгенін жария еткен.

Пайғамбарымыздың қаріп танымайтындығы туралы бізге аңыз болып жеткен мынандай мәлімет бар.

«Уахи әкелуші періште – Жебірейіл тас түнек қараңғылықты жарып, сымбатты жігіт бейнесінде айналасын нұрға бөлеген қалпында Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) көрінді. Тәтті әрі қатты даусымен:

«Оқы!» - деп бұйырды.

Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) бойын үрей биледі. Жүрегі кеудесін жарып шығардай қатты соғып кетті. Сонан соң бойын жинап:

«Мен оқи алмаймын! Оқу білмеймін!» - деді. Жебірейіл Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) қатты құшағына қысты да, қайтадан:

«Оқы!» - деп дауыстады.

Екі дүниенің сәруары Мұхаммед (с.а.у.) алдыңғы жауабын тағы да қайталады:

«Мен оқи алмаймын»

Жебірейіл Оны (с.а.у.) қатты құшақтап, сосын қоя берді де:

«Оқы!» - деді гүр даусымен.

Бұл жолы Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.):

«Мен оқу білмеймін», - деді де, сәл кідіріп: «Айта бер, нені оқиын?» - деп сұрады.

Періште Аллаһ тарапынан жолданған, расулына қолма-қол табыстауға әкелген «Алақ сүресінің» алғашқы аяттарын басынан аяғына дейін оқып шықты:

«Оқы!

Сені жаратқан Раббыңның атымен! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты.

Оқы, сенің Раббың қаламмен жазуды үйрететін, адамға білмегендерін үйрететін асқан жомарттылық иесі» («Алақ сүресі», 1-5 аят).

Толқу мен қорқудан арылған Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) өзі сөйлейтін тілде түсірілген аяттарды сөзбе-сөз қайталап шықты. Ә дегеннен-ақ айтылған аяттарға Аллаһтың расулының тілі төселіп, жүрегінің төрінен орын алды.

Міндетін орындаған Жәбірейіл періште сол сәтте-ақ көзден ғайып болды».

Шындықты аңыз бізге осындай қалпында жеткізіп отыр. Жол тану және таңдау осы аяттардан бастау алған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 74 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: