06/02/2023, 20:47 | |
ЖАҚСЫ АДАМ КІМ? Абай жақсы адамның кім екенін отыз сегізінші сөзінде былайша талдап берген. Ол үшін оның Хауас сәлим деген ой-тұжырымына назар аударайық. Хауас сәлим – араб сөзі, оның қазақша мағынасы – адамның өзіне тән болған дұрыс қасиеті, мінез-құлқы. Бұл дұрыстыққа адам қалай жеткен дегенді Абай былайша түсіндірген. Адамның Хауас сәлим, яғни жақсы адам атануы үшін оған алты шарт қажет, олар: жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз. Міне, жақсы адам болу үшін қажетті шарттар. Бұл – жақсылықтың өлшемдері, ал енді Шәкерім қойған сауал, «Ең жақсы адам не қылған кісі?» дегенге келсек, оған жауапты тағы да Абайдың өзінен табамыз. Абай айтады, жоғарыда айтылған қасиеттері болған соң, оның «аты адам болады», яғни жақсы адам атанады, бірақ ол қандай істерімен жақсы атанбақ, олар: «Алла тағаланы танымақтық, дүниені танымақтық...» (2-т., 190-б.). Жақсы адамның алдында үнемі осындай үш мәселе болмақ, солардың нәтижесінде оның адамдығы айқындалмақ, яғни жақсы адам атанбақ. Енді осы адамды кісі атандыратын үш мәселеге қысқаша тоқталайық. Сөз алдымен Алла тағаланы танымақтық туралы. Алланы тану оған тек сену емес. алланы тану – оның кереметтерін тану, оны Жаратушы деп түсіну, мойындау. Жаратушыны танып-білуге тура жол жоқ, оны біз тек қана өз құдіретімен жаратқандары арқылы білмекпіз. Жаратушы не жаратты? Бар болмыстың бәрі Жаратушының кереметтері, яғни Жаратушыны тану деген сөз – бүкіл жаратылысты тануға талпыныс. Ғылымдар типологиясын жасағанда жаратылыстану ғылымдары деп физика, биология, химия, т.б. айта бастаймыз. Бұл ғылымдардың бәрі жаратылыс құбылыстарын, заңдылықтарын зерттейді. Сондықтан жаратушы идеясын мойындаған адамның жаратылысты тану арқылы Алланы танымақтығы айқын болады. Бұл – Алла тағаланы танымаққа бастайтын жол, ғылым жолы. Осы мәселеге орай бір жақсы адамның өмірінен мысал келтірейін. Кейінгілердің айтуына қарағанда, Омар Хайям 1122 жылы дүниеден озған. Қайтыс болар күні Омар Хайям Әбу Синаның «Сауықтыру кітабын» мұқият оқып отырып, «Единое и множественное» деген бөліміне келгенде, екі парақтың ортасына алтыннан жасалған тіс тазалығышын қойып, кітапты жауып, өсиет қалдыруы үшін керекті кісілерді шақыртады. Ол күні Омар Хайям нәр татпаған. Кешкі намазын оқып болып, жерге басы тигенше иіліп: «О боже, ты знаешь, что я познал тебя по мере моей возможности. Прости меня, мое знание тебя – это мой путь к тебе», - деп жан тәсілім еткен. Адамның «өзін танымақ» дегенге келсек, бұл мәселе төңірегінде психология, философия ғылымдарында көптеген теория, концепциялар бар. Адам өзін қалай танымақ, әрине, өзгелер арқылы, демек, бұл – адамтану ілімінің өзекті саласы. Орыс тілінде өзін танымақты «самопознание» дейді. Бұл – арнайы білім саласы. «Дүниені танымақ» деген мәселе дүниетаным деген ұғымды білдіреді. Философияның басты қызметінің бірі – осы дүниетаным. Абай оны өлеңдерінде «дүние көркі» деп те атайды. Дүниенің көркін сезіну, білу, тану – адамның өзіне нұр, көрік беретін қуат. Абай айтқан адамның асыл қасиеттерінің бірі – нұрлы ақыл да осыдан шықпақ. Ақылдың нұрлы болуы мақсатында атқарылатын іс – дүниені танымақтық. Абай – діни қағидалар шеңберінде қалмаған ойшыл. Діндегі сөзді ғана қайталап айтып отырса, ол хакім бола ма? Абайдың хакімдігі сонда – ол – әр істің басталуы мен себебін іздеуші. Сондықтан ол, «ақыл сенбей сенбеңіз» деп өзі айтқандай, не істі болмасын сау ақылға салады. Ақын Алланың өзіне де, сөзіне де күмән келтірмейді, мәселе Алланың өзіне де, сөзіне де күмән келтірмейді, мәселе Алланың өзі кім, сөзі не, соны тану керек. Алланы танудың қиыншылығын ол «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде ашық айтқан. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 70 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |