Абайдың хакімдігі
30/01/2023, 22:45

«АДАМ ЖЫЛАП ТУАДЫ...»

Абай: «...Адам баласы жылап туады, кейіп өледі», - дейді. Ертеден ғұламалар айтып келе жатқан ой. Оны Абай қайталап отыр, себебі бұл – айтпасқа болмайтын сөз. Адам баласына естіген, оқыған, білген жайларды қайталап айтып, ескертпе жасап отырмаса, сол білгендерін есінен шығара береді.

Адам білгенін есінен шығарайын деп шығармайды, оны сондай халге түсіретін – өмірдің қызығы. Кей-кейде бір күндік қызық көп нәрселерді ұмыттырып жіберетіні бар. Жанталасқан, жұлысқан тіршілікте адам білгенін естен шығарып алады. Сондықтан да әр заманның ғұламалары мәңгілік ойларын қайталап отырғаны қажет іс. Абай өзінен бұрын өткен ғұламалар айтқан адамның жылап туатынын, кейіп өлетінін қайталап отыр. Шынында, адам жылап туатыны – үйреншікті көріп жүрген ісіміз. Бірақ адам тек туғанда ғана жылап туа ма? Көбіміз өмір бойы жылап өтпейміз бе? Жылау дегенді физикалық (яғни, көзден жас парлауымен) және метафоралық мәнінде қолдансақ, зерделесек, адамдар тек жылап тумай, өмір бойы жылаумен болады. Әйтеуір бір бітпейтін шаруа. Таусылмайтын арман, оны қазақ «Кедей байға жетем, бай құдайға жетсем дейді» деген мақалға сыйғызған.

Нарық – бәсеке заманы, демек, балйық та, билік те бәсекеге түсті. Мақсат біреу – не байлықпен, не билікпен артылу. Қолдағы барға місе тұтпай, ол аз көрініп, жанталасып қалтаны толтыру мақсаты негізгі өмір сүру мақсатына айналғанда болатын жағдайды Абай былайша білдірген: «Бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды». Абай «таусылған күн»  деп адам өмірінің соңғы нүктесін айтып отыр.

Жылаумен өткен ғұмырың бітті, енді осы «таусылған күннен» басқа саған күн жоқ, күнкөріс жоқ. малың бар, байлығың бар, ол саған тым құрыса енді бір күндік ғұмыр бере алмақ емес, сондағы өткен күндеріміздің мазмұны не болды дейді хакім. Мүмкін, өмірге сәбидің жылап келуінің мәнісі де осында ма екен? Жылайтыны, ол бейнет ғұмырға енгелі отыр. Өсе келе, есейе келе, адам алдында кінәлі, Жаратушы алдында (егер оны мойындасақ) күнәлі бола бермек. Басқа жол жоқ. адамның өмірге құштарлығы тек осындай жолға бастамақ, өмір талқысы адамды сан рет жылатады. Жыламайтын жан жоқ. абай: «Бұл дүниенің рақатының қайда екенін адам білмейді», - дейді. Бұл пікірге қосылмауға болмайды. Ойлы адам біледі, дүниеде рақат жоқ, сондықтан адамзат болсаң үміт етіп жұмақты, ескертпе ретінде тамұқты ойлап тапқан. Жұмақ – үміт. Ол – үміт отын сөндірмеу үшін айтылатын идея. Мәселе жұмақтың о дүниеде барлығы немесе жоқтығы емес, оның идея ретіндегі шындығында және сол идеяның адамдарды ізгілікке, парасаттылыққа шақырауында, «таусылған күнге» адамның жеңілдеп жетуінде. Бұл көптің «адам жылап туады» деген ойға қатысты пікірлер қосыны. Енді сөздің екінші жартысына, адам «кейіп өледі» дегенге келейік.

Адам неге, кімге кейіп өледі? Ол өлімге кейи ме әлде өмірге кейи ме? Ойлаймыз, адам өлімге кейи алмайды, себебі ол өлімнің не екенін білмейді. Тірі жанға өлім – құпия. Дүниеде өліп тірілген жан жоқ. өлім деген адамзаттың тәжірибесіне айналмаған. Өлім – адамның басынан өтпеген нәрсе. Ол өзгелердің ғана өлімін көріп жүр. Өзгенің өлгені оған бәілім, бірақ өмірлік тәжірибе емес. Сондықтан адам кейіп өлгенде, мүмкін, өлімге емес, өткен өміріне кейитін шығар. Ол өмірінің мағынасыздығына, тұрақсыздығына, жалғандығына кейитін шығар, бәлкім. Себебі өмір – адамның тәжірибесі, ол өзінің қалай өмір сүргенін біледі, өмірінің соңғы «таусылған күнінде» ғана өз ғұмырының мәнін түсіне бастайды.

Дүниеде кім болмасын, нендей істер атқармасын, адам «таусыншақ күні» ерекше ойға келетін сияқты. Бұл мәселе туралы әдебиеттер көп, солардың бәрінде адам өмірінің ең соңғы күніндегі сана мен оның қызыл-жасыл ғұмырындағы сананың айырмашылығы мол екені айтылады. Өмірдің «соңғы аялдамасында» тұрған адамның ойына қуаныш, рақат сезімдері келеді деп кім нақтылы айта алмақ? Қандай мәнсіз, мағынасыз болғанымен, жалған дүние думанына жететін не бар? Ойлаймыз, еш нәрсе жоқ, бірақ сол жалған дүниені теңдесі жоқ ғұмыр ету, әділетті өмір сүру бір шешімін таппаған мәселеге айналғалы қай замен?!        

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 80 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: