Абайдың хакімдігі
23/01/2023, 20:28

«БОЯМА КҮЛКІ...»

Абай төртінші қарасөзінде көп күлкінің ішінде:

«...Әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі бар», - деген. Хакім айтқан бояма күлкі не дегенге келсек, ойымызға саясатты мамандық еткендердің күлкілері келеді. Олардың күлкілері – негізінен бояма күлкі. Мәселенің басқадай болуы да мүмкін емес. саясатты мамандық әрі кәсіп еткен соң, өмірің сол, бояма күлкіге салынып жүргенің. Күлкіңе бояу қоспасаң саясаткер емессің, себебі саясаттың өзі бояу. Саясат шындықтың жүзі емес, оның бояуы. Боямасыз саясат қай замандарда болған? Сондықтан да саясат – шындықтың бояуы дейміз. (Сондағы ескертпеміз: сөзді өз мәнісінде түсіне бермейтіндерге айтарымыз – «саясат – шындықтың бояуы» дегенді «саясат – көзбояушылық» деген үстірт мәнде түсініп қалмасын).

Мәселені осылай қойғанда саясаткерлердің күлкілері бояма болуы да түсінікті.

Абайды осылай түсінейік делік, ал мәселенің шындығы қалай? бірге ойланайық, саясатпен кәсіби түрде айналысқандар шынайы, ашық күлкіге бара ала ма? Әрине, жоқ. Сырын күлкісі арқылы ашып алатын адамға саясатта орын бар ма? Күлкі – сырды ашатын емес, оны жасыратын құрал. Саясатпен айналысқан жанның сыры, яғни түпкі ойы – құпия, ал сырын күлкіге айналдырып алған кезде оның да күні бітеді. Саяси өмірге енген адамда ақкөңілділік, ақжарқындық, тауыса сөйлеушілік, ішкі құпиясын ақтара айтушылық болмақ емес. саяси алаңдағы адамдар бірі үшін бірі жұмбақ. Оларды бір-бірінен сақтандырушы – олардың ішкі құпиялары. Құпиясы анықталған күні адам құнсызданып шыға келмек. Адамның құны оның айтқан сөздерінде емес, оның әлі айтпаған сөздерінде. Адамда екі білім бар, бірі – оның елге, жұртқа айтар білімі, екіншісі – тек өзіне ғана қатысты, жеке басы үшін қажетті білім. Екінші білімі мығым жандардың мінезі де, күлкісі де бояма.

Бояма күлкі тәжірибеден туады. Сәби күлкісінде бояу жоқ. Бояу – бірте-бірте пайда бола бастайтын адам қасиеті. Бояу туа біткен қасиетке қосымша дсек те, ойланған жөн, жалпы күлкі болған соң боямасыз бола ма№ бояу деген өмірдің сәні емес пе? Жәндік те, құс та, жан-жануар да өз тіршілігін өзінің табиғи бояуы арқылы білдіреді, мысалы, түсі құбылып тұратын хамелеонды алайық, әрбір жағдайға байланысты бұл жәндік түсін өзгертіп, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Адамдардың күлкісінің боямасыз болуы да мүмкін емес пе деп ойлаймыз, мәселе бояудың мөлшерінде, олай дейтініміз, күлкінің өзі бояу. Күлкі – адамның тек ажары ғана емес, оның дүниетанымы. Күлкіге қарап адамның қандай екенін білуге мүмкіндік ашылмақ. Күлмейтін адам болмайды, ал сол күлкі – адамды «ұстап» беретін нәрсе. Сондықтан саясатты кәсіп еткенде бояма күлкіге әбден қалыптасып, дағдыланып, оны мейлінше меңгеріп алады. Саяси көсемдер бояма күлкіні меңгеру үшін арнайы мамандармен айна алдында жаттығады. Күлкісіз жұрт алдына шығуға болмайды. Күлмейтін адамды көпшілік қабылдамайды.

Күлкі болған соң, ол боямасыз болмайды дедік. Бояудың қызметі, Абай айтқандай, әдемілік үшін, яғни бояма күлкі – әдемі, сәнді күлкі. Бұл бір. Екінші, бояма күлкі – сыр жасыра алатын күлкі. Себебі бояудың екінші қызметі – бір нәрсені өзгеше түске айналдырады. Бояғанда заттың түсі өзгермек.

Бояу күлкіге де солай әсер етпек. Күлкіні бояу дегеніміз – табиғи емес, «мәдени» тәсілдерді іздеушілік. Бояулы күлкі – шығармагерлік әрі мәдениет. Бояма күлкі дегеніміз – күлкіні адамның меңгеруінің нәтижесі. Абай оны «күлкінің әнін сәндегені» дейді. Күлкінің әні бар, оны табу керек, сонда бояма күлкі болмақ.

Бояма күлкі деген – субстанция. Ендігі жерде оның мың сан ән әуездерін санап шығу мүмкін болмайтыны сияқты, бояма күлкінің түр-түсін анықтап шығу да мүмкін емес. ол шексіз, әрбір адамның бояма күлкісі өзінше бір әлем. Бояудың түсі қандай шексіз болса, бояма күлкінің түрлері де соншама шексіз.

Бояу деген бір түс емес. Тіптен бір түстің өзінде мың түстің қасиеттері бар. Сондықтан бояма күлкіні меңгерген майталмандар күлкісін түсіне алмай, адасып қалушылық – саяси өмірде жиі кездесіп қалатын жайлар. Бояма күлкіні адамдар мәселені өзінен алыстату үшін қолданады. Осы мәнде бояма күлкі – адамның қорғаныс механизмі, өзін-өзі аман сақтап қалудың тиімді бір тәсілі. Абайдың бояма күлкіні адамдардың қолдан жасаған күлкісі дейтіні сондықтан.

Сөзімізді Абайдың бояма күлкі туралы түсінігімен аяқтайық: «Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен келмейді, қолдан жасап, сырты менен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі».       

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 102 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: