Абайдың хакімдігі
16/01/2023, 20:29

«РАС СӨЗ АЗ БОЛМАСЫН...»

Хакім Абай үшінші қара сөзінде өз заманына сын айтқан. Ол сынды халқын менсінбегендіктен емес, керісінше, намысы кернеген соң айтып отыр. Сын айтудың мәнісі міннен арылу, тазару, келер заман келбетін болжауға талпынысынан туған.

Өзінің кемшілігін білген адам – ақылды адам. Өз халқының кемшілігін білген адам – данышпан. Кемшілікті білу адамға одан арылудың мүмкіндігін бермек. Өз кемшілігімізді жақсы білеміз, сондықтан да біз мықты елміз деген ой осындай түсініктерден шыққан. Абай айтады: «...Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағаның, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғының, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өздерінің жалқау болатұғының себебі не?»

Иә, себебі неде? Айтарым – қазақтың Абай тұсында бас бостандығы болмауында, халықтың басын біріктіретін елдік идеяның жоқтығында. Бодандыққа түскен халықтың мінез-құлқы ұсақталып, қарекеті әрекет болып кететіні – әу бастан белгілі қағида.

Хандық дәуірде қалыптасқан этностық тұтастық Абай заманында жойылған еді. 366 жыл өмір сүрген Қазақ Ордасынан (Хандығынан) «қазақ» деген ат қалды, тіл қалды, жұрт жадында тарих қалды, ал ендігі жерде біртұтас ел болу мүмкіндігі қиялға айналды. Қазақ рухани әлемінің алданыш-жұбанышы оның фольклоры (аңыз, жыр, дастандар, т.б.) ғана болды. Осындай хал кешкен қазақтар не істемек? Атқа отырып, қолына қару алуға тыйым салынды. Ел, жер қорғау мәселелері күн тәртібінен түсті. Хандық басқару жоқ, билер сайлауы ұмытылды. Батырлық дегенін барымталыққа ауысып құрыды. Әлжуаз тұрмыс қазақ даласына әлеуметтік дерт әкелді, оның аты жалқаулық болатын. тепсе темір үзетін жігіттердің өз күш-қуаттарына лайықты іс, әрекет, қарекеттері болмады. Сондықтан тұрмыста жалқаулық деген індет орнығып алды.

Жалқаулық – қаскүнемдіктің анасы. Қаскүнемдіктің барлық түрін осы жалқаулық туғызады. Жұртты жалқаулықтан құтқару үшін елге емші керек. Осы Абай атап айтқан «жалқаулық» дерті бүгін бар ма? Бүгінгі қазақтар бір-біріне Абай заманындағы сияқты қаскүнемдік іс жасай ма? Көпшілік болып ойланайық.

Қазіргі заманда Абай арманы орындалған. Қазақ этносы өзінің саяси бостандығына қолы жетті. Елге ортақ елдік идеямыз бар, оның негізі – Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетіміз. Демек, жалқаулықтың саяси тамыры қиылған. Ел нарықтық қатынастарға түсіп жатыр. Олай болса, қазақтардың мінездері іріленіп, бойларын елдік намыс кернеп, өркениеттік жолға түсіп, бір-біріне қаскүнемдігі, біреуінің тілеуін бірі тілеспейтіндігі, рас сөзінің аз болатыны, қызметіне таласқыш болатындығы, жалқау болатындығы жойылып, азайып барады емес пе? Әлде, өзге пікірлер бар ма? Осы сұрақтарға қай саяси партия жауап бермек? Партиялар көшбасшыларының сөздерін тыңдап, саяси бағдарламаларын оқып, электорат деген қауымның өкілі ретінде санамызға түйіп, сөйлейтін сөзімізді ойластырып жүрміз. Демократия деген тек саяси партиялардың шеп құрғаны ғана емес, ол – жұрттың серпілісі, әркімнің санасының оянуы.

Жә, сөзімізді кезінде Абай айтып кеткен жалқаулыққа қайта бұралық. Осындайда еске түседі. Тың игеру кезінде Никита Хрущев Алматы қаласында болған митингіде тың игеруге келген өзге жұрт өкілдеріне: «Қазақ халқы жалқау, үміт сердерде...» дегенді айтты дейді көргендер. Сонда сұрақ туады, қазақтар неліктен жалқау? Жалқаулық табиғаттан келген бе, әрине, жоқ. Демек, оның «мәдени» себептері бар. Абай заманындағы жалқаулық себебін жоғарыда айттық. Өкінішке орай, бір бодандықтан екінші бодандықтың өзгешелігі болғанымен, сапалық айырма айтарлықтай болмады. Социализм құруға кіріскен қазақтардың бойларынан, тұрмысынан жалқаулықтан арылуына мүмкіндік туған сияқты еді, бірақ, өкінішке орай, экономикалық жүйе кедергі болды. Қазақстан өнім өндірмейтін, тек шикізат қана өндіретін экономикалық аймаққа айналды, кәсіби өндірістер тапшы болды. Абай кезіндегідей емес, бар қазақ еңбекке араласты. Жалқаулықтың бұрынғы классикалық түрі жойылды. Мал бағу, егін егу, завод, фабрикада еңбек ету жалқаулыққа орын қалдырмады, бірақ оның орнына өзге дерт пайда болды. Ол – әлеуметтік бейжайлық (инфантилизм). Оның мәнісі – істі өзі бастап кетпей, бұйрық, шешім, қаулы тосу. Сөздің қысқасы, айтқанды ғана орындау. Бұл кәсіби және әлеуметтік қабілетті, белсенділікті тежеуші күш еді. Табиғатынан таза, аңқау қазақ социализм идеясына тым беріліп, сеніп алды. Ол күмән, күдік дегендерді келтірмеді. Ондайлар бола қалса, большевизм науқан жасап, олардың көзін жойып отырды. Осындай халге дағдыланған халық нарықтық қатынастар тәуелсіздікпен қоса келгенде абдырап қалған еді, енді-енді есін жинап іс, әрекет, қарекетке араласып жатыр. Кезінде технологиялық мінез, әдет, дағдының болмауынан қазақтар нарықтық қатынасқа әу баста үрке қарасты, жаңа экономикалық саясатқа психологиялық бейімделу кеінгі жылдары қарқынды жүріп жатқаны кімге де болсын көрініп тұр.

Солай бола тұра, осы сөздерге қоса айтарымыз, нарықтық қатынастар түгіл одан да зоры болса да, икемге әлі көнбей жатқан менталитетіміздің барын да жасыра алмаймыз. Абай айтқан қазақтардың бір-біріне қаскүнем болатындығы, біреуінің тілеуін бірінің тілегіі келмейтіндігі, қызметке таласқыш болатындығы шайқалмай-төгілмей бүгінгі күнге жеткеніне қалайша таңғалмайсың? Егемен елдің азаматтарында осындай жат пиғылдар өшудің орнына өсіп, «жеміс» беріп тұрғанына қалай қиналыс білдірмейсің? Мұның себебі неде? Қарға тамырлы қазақ емес пе едік, неге бүтінді бөлшектей береміз біртұтас қазақ этносын бөлшектеу арманы – Қазақ ордасы құрылғаннан бері сыртқы дұшпандардың жасап келе жатқан айла-шарғылары...

Сырт дұшпандары қоя тұрып, қазіргі саяси партияларға келсек, олар елді бөлшектейтін күштер ме әлде мемлекет басшысының төңірегіне халықты топтастырушы күштер ме? Осыған жауапты кімдер бермек? Өтірігі жоқ, рас сөзді кім айтады?

Қызметке таласып, бірінің-бірі тілеуін тілемек түгіл, бір-бірімен жауласып жатқандар әлі бар емес пе?!

Әрине, өмір болған соң бәрі болады, алайда Абай ескертпелері күні бүгін күшін жойды десек, рас сөзіміздің аз болғандығы емес пе?!       

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 90 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: