Абайдың хакімдігі
03/01/2023, 19:01

«АҚЫЛДЫҢ ЖЕТПЕГЕНІ АРМАН ЕМЕС...»

Бұл «Лай суға май бітпес қой өткенге» деп басталатын өлеңнің бесінші шумағының үшінші, ұйқасқа түспейтін жолы. Қара өлең дәстүрінде жазылған өлең шумағының үшінші, ұйқастан бос жолында, әдетте, ақындар негізгі ойын білдіріп қалады, себебі бұл жолға ұйқастың қажеті жоқ, бұл – еркін ойға деген мүмкіндік. Абай да осы мүмкіндікті пайдаланып, терең ой айтқан. Бір жолда екі ұғым бір-біріне тәуелді болып тұр, олар – ақыл және арман. Алғашқысы туралы түсінік Абай шығармаларында баршылық. Ақыл – дүниетанымдық ұғым, ол жөнінде ғалымдардың айтқандары да жеткілікті. Бұл жолы біздің айтпағымыз ақыл туралы емес, ақыл арқылы арманды анықтау.

«Арман» деген – ғылымнан гөрі тұрмыста, өнер туындыларында жиі қолданылатын түсінік. Арман – мәңгілік тақырып. Ол адамға, көбінесе, оның келешегіне қатысты қолданылады. Қазақта арман деген кісі есімі ретінде жиі кездеседі. Мұндай көрініс орыс халқының болмысында кездесе қоймайды. Бұл мәселеде арнайы сөз болатын келелі тақырыптың бірі Абай өлеңі негізінде арманды анықтау мәселелсі төңірегінде болмақ. Бұл жерде басын ашып алатын екі мәселе бар. Біріншіден, арманды ақыл арқылы анықтау. Неліктен Абай арманды ақыл арқылы тануды мәселе етіп қойған? Екіншіден, арманның мәнісін ақылсыз анықтау мүмкін бе? енді осы мәселелерге жауап іздеп көрелік.

Абай ақыл жетпесе, ол арман емес дейді. Неге? сонда ақыл неге жетіп тұр? Ақылсыз арманның болмайтынын қалай түсінеміз? Әдетте біз арман деп оны жеке мәнісінде айта бермеуші ме едік? Абай оны ақылмен матастырып қойған, ол ақылдың жетпегені арман емес дейді. Мұндай мәнде арман – ақылдың өрісі, кеңістігі. Мәселені бұлайша Абайдан өзге қазақтың қай ойшылы қойған, мүмкін, мәселені осылай қойған адам болған да шығар, бірақ ол біз үші беймәлім. Алдағы уақытта мұндай ой кездессе, қосып айтарымыз, әзірше біз арманның ақыл кеңістігі ретінде қаралуын тек Абайдан кездестіріп отырмыз. Бұл – біздің ақыл туралы айтқан, жазғандарымызға қосымша мағлұмат. Арман өз мазмұнын ақыл жеткенде ғана ашпақ, олай болса арманның бос қиялдан артықшылығы, тіптен болмысындағы зерделілік, тіптен парасаттылық сипатында. Себебі ақыл жеткен нәрсе ғана арманға айналмақ. Ақылсызда арман болмақ емес. бұл жаңалық біздің ой-өрісімізге тың арна аша бастады. Ақылсыз адам армандай алмайды, сонда арман дегеніміз келешектің үлгісі, суреті болмақ.

Адам өзін келешекке арман арқылы алып шықпақ, бұл істе оған болысатын – ақыл. Адамның бүгінгі өмірінің келешегі болмаса, оның бүгінгі өмірі де мансұқ болмақ. Бүгінгі өмірдің мазмұны оның арманы арқылы анықталмақ.

Арман деген – келешектің суреті ғана емес, санасы. Әрине, бүгінгі өміріне санасы, дәрмені жетпей жатқан жетесіз жанның келешек туралы қандай байыпты, орнықты санасы болмақ, олай болса оның арманы да жоқ, онда бары – бос қиял.

Сірә, қиял деген – арманнан өзгеше, мәнісі бөлек түсінік. Қиял мен арман синонимдер емес. қиялсыз адам болмайды, ал армансыз адам болады, себебі арман ақылды қажет етпек. Қиялға ақылдың соншама қажеті де болмас, қарапайым сана, мүмкін, бір қиял емес, «қиял орманын» тудыруы ықтимал, ал «қиял орманы» адамды мақсатты іске емес, оны бейберекеттікке, болымсыз, өнімсіз істерге бастай беруі де түсінікті болса керек. Ақылы қысқа болып қиялданған жан арманға жетпек емес. олай болса, қиял деген арманның алғашқы баспалдағы сияқты. Адам «қиял орманында» қалып, онда адасып, одан шығатын жол таба алмай қалуы әбден мүмкін, көпшілік жағдайда солай болып та жатқанға ұқсайды, пл «қиял орманынан» жол тауып шыққан жанға арманға жол ашылмақ, бірақ ол үшін ақыл өзінің парасаттық деңгейіне көтерілуі қажет. Сол кезде арман анықталып, адамның дүниетаным көкжиегі ашылмақ. (жалғасы бар)       

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 94 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: