Абайдың хакімдігі
26/12/2022, 22:12

«ЕҢБЕКТІ САТ, АР САТЫП НЕГЕ КЕРЕК?..»

Абай адамдардың мал жиғандағы мақсаттары өзгелерді «көзге шұқып малменен күйдірмекке» екенін айтады. Сонда нені күйдіріп отыр, олар адамның кедейлігін көзге шұқып, намысты күйдіріп отыр. Күйетін намыс, ұят емес. малсыз болу ұятсыздыққа жатпайды, ол намысты күйдіреді. Малсыз болғанға адам намыстанады, содан барып күйеді, әр дәулетке қолы жетпей, өзі ішінен күйіп жүргендерді көзге шұқып, сен малсызсың деп күйдіру, әрине, арсыздықтың белгісі. Ойымызды әрі жалғастырып, Абай айтқан «Малға достың мұңы – мал» болса, бұл арлылық па әлде арсыздық па? Әр адамның ішкі сыры – бір Жаратушыға ғана мәлім құпия, бізге ол адам бұлай еді деп кесіп сөз айтуға болмас, алайда мал жиғанын мақтанышқа айналдырып, соны өмірдің мәнмазмұнына айналдыру, сірә, жан жомарттығына жата қоймас деген пікірдемін.

Байлық, әрине, еңбек нәтижесі. Табыс табу, сөзсіз, адамның қарекетінің жемісі. Оған дау жоқ. Осы тұстан Абай ізгі мақсат іздейді, ол: «Табысына табынып, қалтаң қағып, тойғанынан қалғанын берсе алашқа». Міне, кісіліктің формуласы. Өзің той, ал тойғаныңнан қалғанын алашқа (жұртқа деген мәнде) бер дейді. Дұрыс айтылған сөз, бірақ «тойғанынан қалғанын» қалай анықтауға болады? Тойғаным осы деп қалталылардың қайсысы айта алмақ? Қиындық осы тұста басталады. Байлық нәпсі арнасы болғандықтан, нәпсінің тойымы болушы ма еді? Халқымыз дөп айтқандай, кедей байға, бай құдайға жетем деп әуренушіліктің (шын мәнінде шайтандықтың) тоқтамы бар ма? Ол тоқтамның өлшемі бар ма? Осы мәселеге орай мұсылмандық дүниетанымда ұғымдар жүйесі қалыптасқан, олар – қанағат, шүкіршілік, тәубе, бұл – Алла нәсібіне разы болып, құт қашырмау жолдары. Бұл – кәміл мұсылмандық жолына түсу шарты. Мұсылмандықты мойындамаған жаннан «тойғанына қалғанын» дәмету бос әурешілік. Әрине, өркениетті елдерде асқан байлыққа шек қою тәсілін, жолдарын құқытық негізде реттеуге батыл шаралар жасалған. Монополияға қарсы заңдар жүйесі бар, салық салу реті бар. Мұсылман елдерінде зекет саясаты бар, бірақ соның бәрі адам нәпсісін тежеуге жеткіліксіз, егер «табысына табынған» адамның бойында Шәкәрім айтқан Ар білімі болмаса, «тойынғанынан қалғанын» жұмыр басты пенде қалай анықтар?..       

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 81 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: