21/12/2022, 19:01 | |
«ЕҢБЕКТІ САТ, АР САТЫП НЕГЕ КЕРЕК?..» Бұл – ақынның төрт шумақтан тұратын «малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деп басталатын өлеңінің соңғы шумағының екінші жолы. Еңбекті сату – қай заманда да болып келе жатқан нарықтық дәстүр. Әр адам өз еңбегін тауар етіп сатып күнелтпек. Бұл істе мін жоқ. Адам еңбек ету үшін оқиды, тәрбиеленеді, денсаулығын сақтайды, тұрмыстық, әлеуметтік өмір тәжірибесіне түсіп, жаттығады, шынығады, өз мүмкіндігін жария етеді, ал өзгелер мұның еңбегін сатып алуға ынталы болады. Мұндай адамдарды кәсіби шеберлер деп ел құрмет тұтады. Адамның табиғатымен және де әлеуметтенуімен жетіліп кемелденетін қасиеті, еңбекке жарамдылығы, әрине, өтімді тауар болуы әбден түсінікті, табиғи жағдай. Мәселе қиындығы сол – адам еңбегін сатуды қалайша және қандай тәсілдер арқылы сатпақ? Өркениетті елдерде еңбекті сатудың жолдары әрі тәсілдері тәжірибе ретінде жинақталған. Ең алдымен айтарымыз – адамның қасиет, қабілетіне сай қызметтер жүйесі әрі сатылары бар. Әркім өзінің қолынан келетін ісімен айналысып, соны өмір сүрудің көзі және өзінің қоғамдағы алатын орнын анықтаудағы мүмкіндік ретінде пайдаланады. Еңбек сату – өркениеттік тәсіл. Әрине, дау осы еңбектің құнына байланысты шығып жатады. Еңбекті бағалау әр қилы болып, әлеуметтік реніш, наразылықтар өрбіп, аяғы саяси бүлікке жалғасатынын ХІХ-ХХ ғасырлардың тарихынан жақсы білеміз. Бұл – арнайы тақырып. Ол еңбек сатудағы әділеттілік мәселесіне бастап кетеді. Ол жөнінде ілімдер де, теориялар да, тәжірибелер де жеткілікті. Абай бұл мәселеге тереңдемей, жалпы баяндап отыр, ол еңбегіңді сат дегенде, әлеуметтік әділетттілік мәселесіне қатысты емес, еңбек сату мен ар сатудың байланысына нақтылы тоқталған. Ол жұртқа түсінікті тілмен мәселені баян еткен, еңбегіңді сат, бірақ арыңды сатпа дейді. Мәселенің қиындығы осында. Еңбек сату мен ар сатуды қалайша айырып алуға болады? Тұрмыста еңбекпен қоса ар бірге сатылып кетіп жүрген жоқ па? Абайдың да қойып отырған мәселесі осы. Еңбек те адамның қасиеті, ар да адамның қасиеті, бірақ екеуі бірдей тауарға айналмауы керек. Еңбекті сату дұрыс, ал ар сату неге керек деп Абай сұрақ қояды, бірақ, ойланып көрсек, еңбек дегеніміздің ішінде ар да тұрған жоқ па? Арлы адамның еңбегі де құнды емес пе? Арсыз адамның еңбегі баянды болар ма екен?! Мұны Абай білмей отырған жоқ, ол сонда да еңбек сату мен ар сатуды бөлек қарастыруды ұсынуда. Бұл істің мәнісі неде дегенге тағы оралып көрелік. Біз ар дегенде екі ұғымды нысанаға аламыз, олар: ұлт және намыс. Осы ойды Абай өлеңнің екінші шумағында ашып берген: Мал жияды мақтанып білдірмекке, Көзге шұқып, малменен күйдірмекке. Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке. Түсінген жанға мұнан ауыр сөз бар ма? Ьарлығын мақтан тұтып, өзгелерді көзге шұқып, сорпа-су, сүйек тастап, өзін бағалатуға тырысушылық Абай заманында болғаны анық болып отыр, ал біздің заманымызда ол әлеуметтік дертке айналып барады, ол жақсылықтың нышаны емес. Тақыр кедейлері көпшілік болған қоғамда еңбекпен бірге ардың да сатылып кетуі әбден мүмкін іске айналып барады. Мұны мүлдем тоқтату мүмкін емес, ал қайтіп тежеуге болады, зерделесек, ол – екі жаққа қатысты іс. Біріншіден, еңбегін сата білген ағайын арын қоса сатпай, сақтап қалуға күш-жігері болуы керек. Әрине, бұл – айтцға жеңіл сөз, шынында қиын мәселе. Екіншіден, адамның еңбегін сатып алғандар оны саууды дағдыға айналдырмаулары қажет, демек, еңбек сатып алатындардың арлы болғаны – әділеттілікке тура бастайтын жол. Абай бұл жағын ашып айтпаған, бірақ «Ақылды деп, арлы деп, ақ пейіл деп мақтамайды ешкімді бұл күнде көп» деген түйін жасайды. Мұндай әлеуметтік мәселе өркениетті елдерде құқықтық негізде шешімін тапқан. Дәстүрлі қоғамда бұл істің дәстүр негізінде де шешімі бар. Ар сатуды талап еткен жағдайда қауым, қоғам болып қорғау дәстүрі қазақ ішінде бар. Алайда нақтылы жағдацларда «малқұмарлар» еңбек сату мен ар сатуды айырмай, кеселді қылықтарға барулары ықтимал. Сондай жайларды еске салып Абай. «Еңбекті сат, ар сатып неге керек?» - деп мәселе көтерген. Бұл – нарық заманында әркімге ой салатын, мәселенің мәселесі. Абай: «Еңбекті сат, ар сатып неге керек?» - дегенде ардың да сатылу мүмкіндігі туралы айтқысы келіп отыр. Немесе, мәселені ашық қойсақ, ар сатылған жағдайларды біліп барып, айтып отыр. Сонда ар қай жағдайда сатыла бастамақ? Оған Абайдың жауабын осы өлеңнен-ақ табамыз. Арлы адамды құрмет тұтпасақ, оны мақтамасақ, оның арлылығын адамның артық қасиеті деп мойындамасақ, дәп осы жағдайда ар да құнсызданып, сатылып кетпек. Демек, ардың құны болмаған жағдайда, ол еңбектің бір түріне айналып, нарық саудасына түсіп кете бермек, Абай осы қауіптен сақтандырып отыр. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 92 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |