12/12/2022, 21:25 | |
«ӘРКІМДІ ЗАМАН СҮЙРЕМЕК...» «Тотықұс түсті көбелек» деп басталатын үш шумақты өлеңнің үшінші шумағының бірінші жолы осылай басталады. Заман әркімді сүйрейді, сонда заман деген не? Әркімді сүйрейтін оған қуат қайдан келген? Оны анықтау үшін заман дегеннің өзін біліп алған жөн болар. Заман дегеніміз – адамдардың өмір сүріп отырған уақыт кеңістігі. Неге мұндай қорытындыға келдік? Оның себебі: Абай заманды адамдардан тыс та қарамаған, онымен бірге де қарастырмаған. Абай түсінігінде адам мен заман – бірінсіз-бірі болмайтын ұғымдар. Адамдар бар жерде заман бар, заман бар жерде адам бар. Немесе замансыз адам жоқ, адамсыз заман жоқ. Осы тұтастықты халқымыз заман деп атаған. Әркімді заман сүйресе, ол оның тағдыры болғаны, яғни жеке адамның іс, әрекет, қарекетінің мәнсіз болғаны. Олай болса, саналы өмір сүрмек ниетіміз қайда қалмақ? Әркім өзін-өзі жасаушы – архитектор демеуші ме едік? Адам өмірден өзін-өзі жояды, өзін-өзі адам етеді деген қағида қайда қалмақ? Қағидалар көп қой, соның қайсысы ақиқатқа бастайды, қайсысы ақиқаттан алшақтап, адасуға бастайды, оны кім дәп танып-біліп, анықтамақ? Абайдың: «Әркімді заман сүйремек», - дегені де осы ойды меңзеп тұрған жоқ па? Сені заман сүйресе, сенің оған қарсы тұрар қауқарың болмаса не істемексің? Заман ағысымен ағып кете бермексің, көпшілігіміздің халіміз осындай. Заманға сай бейімделіп, қалыптасқан психологиялық жағдайды Абай: «Заманға жаман күйлемек», - дейді. Заманға ыңғайлана беруді психологияда адаптация, яғни бейімделу дейді. Заман ыңғайына бейімделе беру азаматтық жол емес. ол – құлдық сана ырқындағы байқалатын мәселе. Ондай адамдарды Абай «жаман» деген. «Заманға жаман күйлемек», - деп отырғанда осы құлдық, бейімделгіш психологияны айтып отыр. Жаманның жамандығы сонда, оның өз басына тәуелдігі жоқ, өз еркі жоқ. Жаман адам азамат емес. азамат дегеніміз – өркені өскен, тәуелсіз адам. Ол – адамшылық қасиеттері мол, кісілігі нақтылы заманды билей алатын жан. Абай осы шумақтың екінші жолында: «Заманды қай жан билемек?» - деп сұрақ қояды. Шынында да, заманды билейтін қандай жан? Заманды билейтін жан болмаса заманның мазмұны қалайша анықталмақ? Заман мазмұны өздігінен болатын субстанция емес, ол – анықталатын мәселе, сонда заманды анықтаушы кім? Осы проблема – әлімсақтан талас туғызып келе жатқан, шешімі, сірә, бола қоймайтын іс. Әрине, адамзат баласы ойлап тапқан ілімдер негізінде даяр жауап бере салуға болар еді. Айталық, заманды билеушілер (императорлар, хандар, билер, патшалар, пайғамбарлар, әулиелер немесе Абай айтатын ойшыл-хакімдер), бірыңғай дін жолымен келсек, Жаратушы өмірі, құдіреті, атеист-материалистер түсінігімен келсек, тарихтың локомотиві халық бұқарасы, объективтік заңдылықтар. Көріп отырсыздар, заманды қай жан билемек дегенге жауап бермекші болғандар да көп, олар құрастырған ілімдер де көп. Біз заман дегенде адамның уақыт кеңістігінің нақтылы тарихи кезеңін, формасын айтамыз. Демек, бұл істе заманның заманға әсерін естен шығармауымыз керек. Бұл – мәселенің бір жағы. Екіншіден, заманның заманға әсерінен келесі оқиға, яғни заман қалыптасады. Бұл мәнде заманның болмысында адам болмысына ұқсаған тұлғалық қасиет бар. Олай болса заман үлкен, кең көлемдегі оқиғаның көріну формасы болмақ. Мәселе сонда – оқиға бар. Оның басты кейіпкерлері: Жаратушы және оның жаратқан адамзат нәсілі. Осыдан оқиға құрылған, Жаратушы мен жаратылған пенденің арасындағы диалог күрделіленіп, нағыз оқиға болуы үшін дүниеге әйел заты Хауа Ана енді, онымен бірге антынан тайып періште шайтандық кейіпке енді. Сөйтіп оқиғаның алғашқы кейіпкерлері анықталды. Оқиға басталып кетті. Ол уақыт өткен сайын заманнан заманға ауысып жүре берді. адамдар енді заманның өзін оқиға дейтін болды. Заман оқиғаларға толды. Сол кезде заманды қай жан билемек деген сұрақ туды. Сұраққа нақтылы жауаптың болмайтыны, біз заманды оқиға деп түсініп, бастапқы басталған үлкен оқиға мәнісін ұмыттық. Жаратушы адамзатты жаратқанда заманын билесін, өзін-өзі билесін деген ниетте еді, ол ниет ауық-ауық бұзыла берді, бірақ бұл да Жаратушының өзі мақсат еткен шаруасы десек қайтеді? Әрине, бұл – қисынға негізделген болжам, бірақ болжамсыз білім болушы ма еді?! Адам жаман болайын деп болмайды, оны жаман ететін – тағдыр талқысы. Тағдырды жеңетін қуат әркімде бар ма, бар болса әркім емес, тұлға болмақ. Заманды билемекке қарекет ететін – тұлғалар. Абай тұлғалардың үш түрін айтады, олар: пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер. Заманды билемек болатындар – осылар. Олар – артық жандар, олар еш уақытта жаман жандар қатарына қосылмақ емес. олар – өз тәуелсіздігіне өздері ие азаматтар. Жаман адам – ол да адам. Адамды жаман қылып тұрған заман болса, адамның кінәсі неде? Ол да ойланатын мәселе. Заманды билегендегі мақсаттың өзі сол заманы сүйреп, илеп жүрген әркімдердің, жамандардың қамы емес пе?! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 106 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |