05/12/2022, 20:50 | |
«ӘУЕЛІ АЯТ, ХАДИС – СӨЗДІҢ БАСЫ...» Абай: «Әуелі аят, хадис – сөздің басы», - деген. Неге сөздің басы аят дегенге келсек, үш мәселеге назар аударғанымыз жөн болар. Біріншіден, Абай айтқандай, аят – сөз басы, яғни сөзге негіз, бірақ сөздің өзі емес. Сөз деген – адамзаттың қасиеті. Алланың «сөзі» (аятын) адам сөзіне айналдырған – пайғамбар. Негізінде пайғамбарлық дегеніміздің өзі – осы Жаратушы «сөзін» аятын адам сөзіне айналдыру арқылы анықталатын ерекше жан. Жаратушыдан түскен аяттың адам тіліне айналуы пайғамбарлықты, яғни Алла мен адам арасындағы елшілікті талап етеді. «Аят – сөздің басы», - дегенде, Абай оның тылсымдық табиғаты туралы айтып отыр. Сөз басы деген – нөлдік есеп, оның ар жағы туралы мәлімет жоқ, болса да адамзат үшін беймәлім, құпия. Аят мәнісі – Жаратушының сыры екендігінде. Екіншіден, аят деген – Жаратушының адамзатқа мәлім болу мүмкіндігі бар өз құпиясы. Жаратушы адамзатқа белгілі болғысы келгенде аяттарын аян арқылы жария етеді. Ендігі арада аятты насихат ету пайғамбар үлесінде, сондықтан аяттан кейінгі сөз басы хадис, яғни пайғамбар сөзі. Құранның аяттарытуралы тафсирлердің көп болуы – олардың мәнісін түсіну әрі түсіндіруден туған ниет. Алайда аят сыры адамға толық ашылуы мүмкін бе, бұл – талқыға салынатын тақырып. Аят сөз басы болса, оны сөз арқылы түсіндіруге мүмкіндік бар ма? Ойға салу керек. Үшіншіден, аят – өлеңнің формасы, түрі. Демек, жаратылыстың құпиясы, оның кереметі адамға өлең түрінде белгілі болады екен. Бұл мәнде нағыз ақын – Жаратушының өзі, тіптен ақындық – оның бір құдіреті. Ақындық табиғатында періштелік бар десек, ізгілік туралы айтқанымыз, демек, ізгіліктің басы аятта – Жаратушы «сөзінде». Демек, Жаратушының, жаратылыстың тілі – поэзия. Абайдың: «Өлең – сөздің патшасы», - деп отырғаны да осы түсініктен туса керек. Өлеңнің нәрі – аят, себебі ол – сөздің басы. Енді осы ойларға өзек болған өлең шумағын келтірейін: Әуелі аят, хадис – сөздің басы. Қосарлы бәйітмысал келді арасы. Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын пайғамбармен оны алласы? Бұл «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп басталатын он бес шумақтан тұратын көлемді өлеңнің үшінші шумағы. Осы шумақтағы аят туралы айтқаннан кейін, назарымыз үшінші, төртінші өлең жолдарына ауды. «Қисынымен қызықты болмаса сөз, неге айтсын пайғамбар мен оны алласы?» - дейді Абай. Демек, сөздің қисыны қызықты болып тұр. Сөз деп Абай аят пен хадисті айтып отыр. Ол түсінікті, бірақ сөз неге қызықты? Қисын дегеніміз не? Біреулер қисын дегенді логика деп түсіндіріп жүр. Бәлкім, бұл да шындыққа жақын түсінік шығар. Ойланып көрелік. Егер қисын біздің түсінігіміздегі логика деген мәнде болса, онда ол – сөздің басы болып отырған аят пен хадистің логикасы. Және де айтарымыз, бұл жерде әдеттегідей қисын (логика) мәселеге қызмет етпей, өзі мәселеге айналып отыр. Қызық қисында болып, мәселе содан қызық делінген. Егер де сөздің қисыны қызық болмаса, онда ол сөзді Алласы мен пайғамбары айтпаса керек еді. Олардың айтып отырғаны – сөздің қисынының қызықтығы. Мәселе осылайша анықтала басталса, ендігі жерде назар салынатын ұғым – қызық. Қазақ лексикасының осы бір сөзі дискурске түскеннен кейін ұғымға айналып отыр, себебі мәселенің түп негізі осы қызық ұғымына негізделген. Бұл жерде қызық деген – тіршіліктің мейлінше молыққан экзистенциясы. Былайша айтқанда, тіршіліктің «жаны». Не қызық? Өмір қызық. Не қызық? Өмір сүру қызық. Тіршіліктен басқа жерде қызық бар ма? Әрине, жоқ. Сөздің қисынымен қызықты болатыны сондықтан. Біз осы мәселеге тереңдемей, «қызық өмір» деп тұрақты сөз тіркесін жасап алғанымыз мәнді түсінік емес. қызық өмір емес, дұрысы – өмірдің өзі қызық. Қызық – өмірдің орнына жүретін ұғым. Қызық болмас өмір жоқ. Өмір – қызықтың біз танып білген формасы. Мәселе өмірде емес, мәселе қызықта. Сонда қисын қызықты танып-білудің тәсілі болмақ. Демек, қисынды логика деуден гөрі тәсіл деу шындыққа сыйымды. Сонда аят, тіршіліктің «жаны» қызық туралы, сөздің басы деген пікірге тоқталмақпыз немесе пайғамбары мен Алласы айтқан қисыны қызықты «сөз» - аят. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 110 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |