Абайдың хакімдігі
28/11/2022, 10:36

«ӘУЕЛІ АЯТ, ХАДИС – СӨЗДІҢ БАСЫ...»

Абай өлеңді сөздің патшасы деп бағалап, сөздің басы аят деп түсінген, себебі аят – дүние көркі туралы сана. «Әуелі аят, хадис – сөздің басы», - деп Абай тегін айтпаған. Аят – сөз басы, бірақ ол адамның ойынан туған дүние емес, Мұхаммедпайғамбарымызға ақ өлең кейпінде түскен аян. Аят – Мұхаммедке пайғамбарлықтың келгенінің айғағы. Ол жұртшылыққа:

«Маған аян арқылы Жаратушыдан аят келді», - деп жария еткен. Аяттар жинақтала келе Құранға айналған. Осы жерде Құранға қатысты діни аңызға назар аударуымыз қажет болып тұр, ол – пайғамбарымыздың харіп танымайтындығы туралы діни аңыз.

Рас, Мұхаммед харіп танымаған. Біз әдетте харіп танымаған адамдарды сауатсыз дейміз. Бұл – біздің қалыпты жағдайдағы қолданылатын түсінігіміз. Бірақ мәселе бұл түсініктен күрделі. Білім адамға харіптерді тану, яғни оқу жүйесі арқылы беріледі, бұл – дәстүрлі жағдай. Сонымен бірге адамға білімнің харіпсіз (әріпсіз) берілетіні болады. Харіпсіз білімге ие адамдар адамзат тарихында аз болған. Сондай адамдардың бірі – Мұхаммед пайғамбар. Ғайса пайғамбар да осындай білім иесі болған. Сөзімізді әрі қарай жалғастырсақ, періште Мұхаммедке оқы дегенде, ол харіп арқылы Алладан түскен аятты оқып кеткен жоқ, ол оның, сірә, жадында жатталады. Абай айтпаушы ма еді: «Алла сөзі харіпсіз, дауыссыз», - деп. Демек, аят пайғамбардың жадында келген қалпында сақталды.

Аят – Алла сөзі. Ол, Абай айтқандай, «харіпсіз, дауыссыз». Аят – пайғамбарға ұйып келген сана. Ол кейін харіпке, дауысқа түсіп, Құран кітапқа айналған. Аяттың көпшілікке түсініксіз болуы – санаға қонымды мәселе. Жаратушының «сөзін» тіл арқылы түсіну даулы. Тіл – адамзаттың қазынасы, оны біз танимыз, білеміз, мейлінше тіршілігіміз үшін қолданамыз. Аят болса – өзге «тіл». Ол – Жаратушының тілі. Ол тілде харіп жоқ, ол мүмкін, қуат, ғылыми лексикаға салсақ, әлемдік энергетика жүйесінің көрінісі. Жер бетіндегі кейбір адамдар электр қуатын өндіріп, сақтап әрі пайдалануға беретін станциялар сияқты қызмет атқарулары әбден мүмкін.

Ертеде Платон: «Адамзаттың білімінің мәнісі – «еске түсіру», - деген ой айтып еді. Оның пайымдауынша, біз білген әрі білетін білімдер әу бастан белгілі, ол адамға өзінің тума болмысымен келеді. Қазіргі білім-ғылым кеңінен өрістеген заманда «принцип» деген парадигмалық сана қалыптастырғанбыз, ол – әлі біліп болмаған мәселелерді тану үшін қолданылатын тәсіл. Принцип дегенде біз бағыт анықтаймыз. Бағыт деген – жол көрсеткіші. Жол тану және таңдау осы аяттардан бастау алған. Аят Жаратушы «санасы» ретінде Мұхаммедтен өзге адамдарға да түскен, бірақ оның мәнісіне жетуде адасушылықтар болып отырған. Аят компас сияқты үнемі бір бағытта болған, алайда оны керісінше бұру әрекеттері бола берген. Сондықтан аяттың келе беруі заңды. Бұл – бола беретін құбылыс. Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңінде: «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби келді», - деген. Адамзатқа нәбилердің кезегімен келе беруінің себебі – заман өзгермелі, мәңгілік тұрақты жер бетінде іс жоқ. Тұрақтылық, мәңгілік – Жаратушыға немесе жаратылысқа тән қасиет-өлшемдер. Мәселені адам баласына қарай бұрсақ, одан тұрақтылы табу – орындалмайтын, бірақ армандалатын іс.

Ислам дүниетанымында Мұхаммед соңғы пайғамбар деген қағида бар. Әрине, мәселе айқындығы үшін, Алла сөзінің растығының дәлелі үшін осындай тәсіл қолданылуы ақылға да, қисынға да сыймайды. Сөз солай айтылмаса, Мұхаммед ісіне күдік бірден байқалмай ма күдікті мүлдем сейілтіп, сенім нығаюы үшін осылай айтылуы қажет болатын. оның ең басты дәлелі – аяттардың Мұхаммедке түсуі. Алайда замандар өте тағы да аяттар түсуіне не кедергі болмақ, зерделесек, керісінше, аяттар түсуіне қажеттілік болар деген ойдамыз. Бұл – арнайы тақырып әңгімесі және арнайы білімі бар адамдар ортасында айтылатын әңгіме. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 106 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: