Абайдың хакімдігі
21/11/2022, 22:13

«ТЕП-ТЕГІС ЖҰМЫР КЕЛСІН АЙНАЛАСЫ...»

Бұл «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп басталатын өлеңнің бірінші шумағының төртінші жолы. Назарымызға іліккен – «теп-тегіс» және «жұмыр» деген түсініктер.

Әдетте, біз теп-тегіс дегенде әлдененің жазықтығын айтамыз. Абай болса теп-тегісті жұмырдың болмыс қажеті ретінде қолданған. Жұмыр дене жазықтың емес, ол – тұйықталып, шет-шеті анықталмаған шар формасындағы зат. Ибн-Туфейльдің айтуынша, ең жетілген, гармониялық үйлесім тапқан геометриялық фома – шар, оның болмысына қырлы болу жат, ол теп-тегіс. Олай болса тегістік тек жазықтық деген түсінік емес, оны шар формасын бейнелеуде әбден қолдануға болады. Абай осы мәнде жұмыр нәрсенің тегістігін айтқан. Жұмыр нәрсенің теп-тегіс болуы үйлесімділік пен көркемдіктің үздік көрінісі. Былайша айтқанда, кәмелетті форма. Абай үйлесімділік пен көркемдіктің осы үздік формасын өлеңнің өлшеушісі ретінде ұсынған. Өлең сөзде іркіліс болмауы керек, сондықтан ол тек мағына емес, ұйқастық мәнділікті қажет етпек. Нағыз өлеңде мағына мен ұйқас бір, олар ешқашан бір-бірінен бөлінбек емес. Егер олар бөлінсе өлең өлең емеске айналып сала береді, ұйқас қуушы ақын еместігінің мәнісі сонда. Өлеңнің геометриялық мағынасын іздесек, оған сай келетін фигура – шар (жұмырлық), себебі оның айнала-бітімі іштей де, сырттай да үйлесімді, сайма-сай. Бұл – әлемдегі денелердің реттелуіндегі не өздігінен, не мүмкін Жаратушы әмірімен, әйтеуір, адам еркіне қатыссыз анықталған форма. Қазақ жұмыр жер, жұмыр бас деп шар формасындағы нәрселерге ерекше ықылас білдірген.

Дүниеде қандай нәрсе болмасын өзімен-өзі болып қалуға ұмтылатыны белгілі болғандықтан, ол сол қалпын сақтау үшін өзіне сай форма іздейді. Сонда заттардың бәрі кәмелетті формаға ынтық, бірақ сол форма кейпіне түсе алмай, сол формаға ынтық күйінде, өзге формаларда өмір сүре бермек. Мақсат қажеттіліктен туатын сияқты заттардың өзіне керекті форма іздеуі толастамайды. Геометриялық фигура ретінде шар – шексіздік пен шектіліктің символы. Оның табиғатында нақтылы нүктелер (яғни, бастау) бар, бірақ олар шектілікке де, шексіздікке де бастайды. Егер шектілік іздесек, біз шар болмысында толып жатқан үшбұрыштар табамыз. Үшбұрыштар тиянақтылық, беріктікті білдіреді. Үшбұрышты зат өте мықты, берік қасиетке ие. Сонымен бірге шар табиғатында төртбұрыштар да бар, бірақ олар көбейе келе үшбұрыштарға айналып кете барады, сондықтан төртбұрыш – тұрақсыздықты, мәңгілік өзгерісті білдіретін геометриялық фигура. Біз әдетте төртбұрышқа сүйеніп, батыс-шығыс, солтүстік-оңтүстік дейміз, мұнымыздың бәрі шартты нәрселер екеніне ойлана бермейміз. Төртбұрыш шардың негізі болмағандықтан, ол өзгеріп, батыс деген шығыс, оңтүстік деген солтүстік болып келуі әбден мүмкін. Осылай болғанымен нәрсе шар болуынан айрылмайды, себебі оның өзімен-өзі болуын ішкі үшбұрыштар комбинациясы сақтамақ. Осындай жайлар негізінде жердің бетіндегі климаттар өзгеруі, полюстер ауысуы – ақылға сыйымды нәрселер. Жер шар формасында өмір сүре беіп те өзінің акциденциялық қасиеттерін өзгерте бермек, бірақ одан оның субстанциялық тұрақтылығы өзгермек емес.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 93 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: