14/11/2022, 20:26 | |
«ҚАЙҒЫНЫ ЖІБЕРУШІ ӨЗІ СЫНАР...» Әңгіме «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» деген өлеңі туралы. Осы шығармаға Абайдың 1977 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан екі томдығында мынандай түсініктеме берілген. «Өлеңнің тексі 1909, 1957 жылғы жинақтар мен мүрсейіт қолжазбалары (1905, 1907, 1910) бойынша берілді. М.Лермонтовтың «Я не хочу, чтоб свет узнал» деген өлеңінің аудармасы. Лермнотовта – 16 жол, Абайда – 16 жол. Аударма түпнұсқаға мағынасы жағынан өте жақын» (А.Құнанбаев. – Алматы: Ғылым, 1977. 2-т. – 255-б.). Бұған біздің қосарымыз – Михаил Лермонтовтың осы өлеңіне берілген түсініктеме: «Написано на одном листке со стихотворением «Не смейся над моей пророческой тоскою...», которое по содержанию предположительно датируется 1837 годом. Впервые опубликовано было после смерти Лермонтова, в 1845 году, с цензурным пропуском двух строк: И пусть меня накажет тот, Кто изобрел мои мученья. Демек, Абай қолына өлең қысқрусыз, толық түскен. Бірақ айта қаларлық іс сол: өлеңнің шұрайлы жері: Мен тентек пе, түбінде кім жазалы, Қайғыны жіберуші өзі сынар, - дегенді патша цензурасының алып тастағаны әрі дәп осы ой Абайды ерекше толғанысқа салып, Лермонтов өлеңін ақынның дәп өзіндей баяндап бергені. Бұл өлеңді аударма деу қиын. Лермонтовтың айтпақ ойын соншама терең түсінген Абайдың бұл өлең төл шығармалары қатарынан орын алады. Сондықтан біз, қазақтар, Лермонтов өлеңін өз түпнұсқасында оқып отырмыз десек әбден орынды. Я не хочу, чтоб свет узнал Мою таинственную повесть; Как я любил, за что страдал, Тому судья лишь бог да совесть!.. Абай аудармасы: Менің сырым, жігіттер, емес оңай, Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай! Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім, Қазысы оның – арым мен бір-ақ құдай. Лермонтов поэзиясының бір тамшысы толық берілген. Екі тілді адам мұны жете түсіне алады. Назарымыз Лермонтовтың «Тому судья лишь бог да совесть» деген ойына түсіп отыр. «Бог да совесть» - қазақшасы «Ар мен бір-ақ құдай». Құдайлар туралы әңгіменің басы ашық. Мәселе «ар» дегенде болып тұр. Сірә, орыс ақынының өлеңіндегі қызықтырғаны да осы ар мәселесі болса керек. Олай болса ар дегеніміз не? Екі ақын оны қандай мәнде қолданып отыр? Ғылыми қалыптасқан түсініктерге салсақ, ар дегеннің мөлшері шақталып қалады. Себебі ғылымда «мораль» деген метатүсінік бар. Ал екі ақын арды мейлінше биіктетіп қолданған. Құдай ұғымынан асқан абстракция әрі абсолют болмаса, сонымен бірге тұратын ұғым ар болып тұр. Демек, ар дегеніміз де абсолюттік ұғым. Бірақ ар деген жеке адамға қатысты, оның болмысы. Ар деген ұғымсыз адам болмысын айқындау мүмкін емес. сонда ар адамның санасы ма, жоқ, әлде қарекеттерінен көрінетін оның пиғыл, қылығы ма? Сірә, ар деген танымға, сол жерде жіберілетін қателіктерге, оларды түсінген соң адамның қайғыға түсуіне қатысты іс болса керек. Олай болса ар мәселесі құдайға қатыссыз, адам еркіне байланысты болғаны деген пікірге келеміз. Ерікті берген – Жаратушы, сол еркіндікті пайдаланушы – адам, бірақ осы жолда оның қазысы – ары. Адам ары көтермейтін іске бармауы керек. Ол үшін адам ардың мүмкіндігін әрі шекарасын біліп, сезінуі қажет. Мұндай адам баласының не ақылы, не сезімі жетпейтін істі пендеден талап ету мүмкін бе? кім білсін, мүмкін, талап қажет шығар, мүмкін, ол артық іс шығар... Міне, осы тұста көмекке жүрек келеді. Лермонтов: Им сердце в чувствах даст отчет, У них попросить сожаленья; И пусть меня накажет тот, Кто изобрел мои мученья. Абай осы халді тұп-тура түсініп, былай деп аударған: Жүрегім екеуіне жалбарынар, Рақымдық пен әділ – сор деп жалынар. Мен тентек пе, түбінде кім жазалы, Қайғыны жіберуші өзі сынар. Жүрек ар мен құдайға жалбарынып, олардан кешірім сұрайды. Бұл мәселеде екі ақын бірге, одан әріде Абай ой қосқан. Сонда жүрек ар мен құдайға не деп жалбарынады? Абай айтады: «Рақымдық пен әділ – сор». Міне, әлемдік мәселе. Ақындар неден күйіп отыр дегенде жауап сол, олар жүректерінің әдептіліг үшін күйіп отыр. Мұны Абай ашып айтқан. Лермонтов болса: «Им сердце в чувствах даст отчет»,- деп тиянақтаған. Абай бұл ойды айқындай түскен. Үшінші жолда тағы бір ой қосқан, ол «Мен тентек пе, түбінде кім жазалы?» деген пікір. Лермонтовтың үшінші жолында тек былай деген: «И пусть меня накажет тот». Төртінші жолда екі ақын аяқтарын бірдей басып: «Қайғыны жіберуші өзі сынар», - дейді. Сұрақ – қайғыны жіберуші кім? Ол – Жаратушы. Бірақ ол неге қайғы жібереді? Ойлау керек. Сірә, ойлы қайғысыз болмас дегенге тоқталған жөн болар. Арын сақтаймын деп қаншама жан қайғыға түсті. Ал сол қайғыны жіберуші (сынақ ретінде) – Жаратқан. Демек, сынаушы да өзі болғаны әділеттілік. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 91 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |