Абайдың хакімдігі
07/11/2022, 20:26

«КӨП АДАМ ДҮНИЕГЕ БОЙ АЛДЫРҒАН...»

«Дүниеге бой алдыру» дегеніміз – адамның пендешілігі. Өмір болған соң, ағысына түспейтін жан болмақ емес. Өмір сүру үшін күресте адам не түрлі іске барып, әр текті қарекеттер жасап, оның салдары жақсылыққа да, жамандыққа да бастайды. Бой алдырып алған жанның дертті болары да хақ. Абайдың ондай адамның аяғын көп шалдырады дейтіні де содан. Бірақ осы екі жолдан кейін ақын кенеттен былай деген:

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Абайдың ойшылдығын көрсетпекші болғандар осы шумақты толық алмай, біз келтірген соңғы екі жолын алады. Алдындағы екі жолы:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған, -

деген жолдарда терең ой жоқ сияқты. Ойлаймыз, біз Абайдың терең ойына ере алмай отырмыз.

Шумақ тек бір ғана мәселеге арналған. Ол – мынау. Артына өлмейтұғын сөз қалдыратын күнәсіз періште емес, пенде-адам. Ол дүниеге бойын алдырмаса, өзі дүние дертіне тап болмаса, онда дүние туралы өлмейтұғын мәңгілік сөзді қайдан таппақ? Тек дертті, қайғылы жан ғана артынан өлмейтұғын асыл сөз қалдыра алмақ. Қайғысыз жан – надан. Өмір сүру деген рахат емес, ғұмыр хақында терең ойға түсу, толғану, қайғы кешу. Мұндай жан, әрине, артынан өлмейтұғын сөз қалдыратын ғұлама. Бұл – Абай сияқты адамдарға қатысты айтылатын қағида. Осылайы осылай, бірақ осы тұста бір ауыр мәселе басын көтеріп тұр. Бір бірінші шумақ туралы айтқанда Абайдың «адам өлмейді, табиғат өлер» дегеніне бұған дейін тоқталғанбыз. Ал қазір өлмейтін жоқ, артына мәңгілік сөз қалдыратындарды айтып отырмыз. Адамдардың бәрі Абай сияқты ғұлама емес, сонда өлетіндер кімдер, өлмейтіндер кімдер?

Біріншіден, адамның тәні (табиғаты) өлмек, жан өлмек емес. жан бәрімізде бар. Кеудеден жан шықты, бұл – тән мен жанның бөлінуі. Жан – мәңгілік күйде еніп, өз сыры өзіндегі тылсымға айналады. Бұл – адамдарға ортақ заңдылық. Абай осылай дейді.

Екіншіден, Абайдың ерекше айтып отырғаны, өлді деуге сыйғыза алмай отырғаны – соңынан аталы сөз қалдырған хакімдер. Сонда жан туралы әңгіме бір бөлек, сөз туралы әңгіме бір бөлек. Біз жанды мәңгілік дегенде, одан ешқандай мардымды түсінік ала алмаймыз. Бір білер өзіндік шындығымыз – жан мәңгілік. Әңгіме көбінесе осымен аяқталады. Ал сөз болса, оның жағдайы басқа. Сөз түсінікті, оның мәні мен мағынасы бар. Сөз түсінікті дегенде оның адамға түсінікті екенін айтып отырмыз. Әрине, түсініктің шекарасы, заманына сай ашылатын мүмкіндігі және бар. Демек, сөз адамдармен бірге өмір сүрмек, сондықтан сондай сөз айтқан жанды қалайша өлдінің қатарына қоймақсың? Осы мәнде Абай шумақтың төртінші жолын:

 ...Өлмейтұғын артына сөз қалдырған? –

деп сұрақ белгісімен аяқтаған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 116 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: