Абайдың хакімдігі
31/10/2022, 14:02

«ҚАЙҒЫСЫЗДЫҢ БӘРІ АСАУ...»

«Жүрегім менің – қырық жамау» деп басталатын төрт шумақты өлеңнің үшінші шумағының үшінші жолында осындай ой айтылған. Тереңнен айтылған сөз болғандықтан, біз оны осы шағын мақаланың тақырыбы етіп алдық.

Абай «қайғы» туралы көп айтқан. Ұқыпты оқырманға ақынның айтпақ ойы түсінікті. Ойлы адам, саналы адам қайғысыз болмақ емес.

Біз бұл жерде қайғы дегенде әдеттегі сарыуайымды айтпаймыз. Қайғы деген – ойшылдықтың белгісі, қайғы деген – кемеліне келген сананың аты. Әрине, қайғының аты қайғы, ол рахат, бақыт дегендерді әкелмейді. Рахат өмір сүріп, бақыттымын дейтіндер – нағыз асаулар. Себебі олар қайғы дегенді не мойындағысы келмейді, не оның не екенін сезінбейді. Иә, солай да өмір сүруге болады. Барша жұртқа қайғырудың еш қажеті жоқ.

Халықтың бақытты болғаны, өмірге дән риза болғаны, әрине, мақсат әрі мұрат. Бұл – көпшілікке қатысты әңгіме, ал Абай болса даралар туралы айтып отыр, оның өлеңіндегі басты кейіпкер – өзі. «Қайғысыздың бәрі асау, бізге одан пайда жоқ», - дейді. Қайғысыз асаулар Абайды түсінгенде қайтпек, сондықтан олар ақынға қажетсіз. Сонда ақынға не қажет? Оны Абайдың өзі де білмейді, біз де білмейміз. Бірақ әлденеге разы болмай, қайғыға салынып, жұрттан жырақтап, жалғыздыққа түсіп, жуасып бара жатқан жан қайғысыздың асаулығын аңсайды, аңсайды да одан пайда жоқтығын мойындайды. Олай болатыны, Абай қайғысыз күйге түсе алмай қиналады. Оны осы қайғы санасына салған кім? Бұдан ақын не қызық көрмек? Неге өмір тек қызықтан тұрмайды, неліктен ол қиянатшыл? Ақын осы халді былайша білдірген:

Жүрегім менің – қырық жасау

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтіп аман қалсын сау

Қайтқаннан соң әрнеден?

Дүние – қиянатшыл, осылай деп түсінген Абай қайғы құшағында, ал дүние, қызық-дүрмек дегендер – қайғысыз-асаулар. Сонда ойға қаласың, неге адамдардың бәрі дүниенің қиянатшыл екенін сезінбейді? Бұған бірнеше жауаптар құрастыруға болады. Дүниенің қиянатшыл екенін адам неге сезінбесін, сезінеді, бірақ Абай сияқты жеткізе алмайды. Немесе дүниенің қиянатшыл екенін адам сезеді де, ендігі арада бұл тақырыпта ойлап бас қатырмайды. Адамдардың үшінші бір парасы дүниені қиянатшыл деп мүлдем қабылдамауы ықтимал. Міне, осыларды Абай асаулар дейді.

Алайда, адам болған соң, Абай айтпақшы, әрнеден көңіл қалмай тұрмайды. Өмірде көңіл қалатын істер көп. Сондай әрбір жай жүрекке жамаулар сала бермек. Байқап отырсақ, кейбір жандардың әр нәрседен көңілдері қалғанымен жүректеріне жамау түспейді, себебі мақсатсыз қайғырмайды. Ондайлар – қайғысыздар, олар тәрбие сатысынан өтіп болмаған балалар сияқты. Бала минут сайын қателесіп, көңілі әр нәрседен қала береді, оған бала қайғырмайды. Баланың қателесуі – қалыпты жағдай, ол сөйтіп жүріп өседі. Өмірде де бала көңілді жандар болады, олар – қайғысыздар. Қайғысыздар – тентектер. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, қайғысыз асаулар – өмір туралы тұрпайы түсініктегілер. Әр нәрсенің мән-мағынасына үңіліп жатпай, көзге түскен, қолға ұстағанға мәз жандар бар, олардың қайғысы – қара басының қамы. Абайдың қайғысы – дүние, болмыс туралы ойлардан туған сана. Ойлап кетсек не тірек, не тиянақ таппайтын бұл өмірдің мән-мағынасына жете алмай, қамкөңіл бола бересің. Ойды ой қуса, қара бастың тірлігінен мүлдем алыстап, «ауыр ойды көтеріп ауырасың». Ойды ойлау, әрине, адамға қайғы әкелмек.

Қайғы өз табиғаты жағынан әділеттіліктен шығады. Әділетті ұққан жан сол хақ жолына түссе, тез арада әрнеден көңілі қала бермек. Мәселенің осылайша болуы – әділеттілік жолы өте ауыр. Әділеттіліктің адамдар қауымында өмір сүру кеңістігі тым шектеулі.

Қай заманда болмасын әділетсіздік әділеттілік жалауымен жүреді. Көп жағдайда әділеттілік пен әділетсіздіктің орны ауыса береді. Абайдың сондықтан да былай деуі түсінікті:

Өлді кейі, кейі – жау,

Кімді сүйсе бұл жүрек.

Кімі – қастық, кімі – дау,

Сүйенерге жоқ тірек.

Мәселе – әділетсіздік пен әділеттіліктің арасындағы мөлшерді белгілеудің, анықтаудың қиындығы. Осы іс нақтыланбаған заманда қиянаттың орын алмауы мүмкін емес. абай көтерген бұл мәселе бар заман үшін ортақ. Қандай хакім, ғұлама болмасын өз заманымен тайталаста болып өткен. Хакім – әр нәрсенің себебін іздеуші және болашақты болжаушы. Сондықтан ол заман санасымен үнемі сәйкестікте бола бермейді. Мұндай сәйкессіздік Абай басында да болған, ол оған қайғы әкелген:

Қан жүректі қайғылы-ау,

Қайырыла кет сен маған.

Қасиетін ойлап-ау,

Қам көңілдің тынбаған.

Сонда Абай: «Қайғысыздың бәрі – асау, бізге одан пайда жоқ», - деп бір түйіп тастайды да: «Қан жүректі қайғылы-ау, қайырыла кет сен маған», - деп қайғылыны құрмет тұтып отыр. Ойланатын мәселе осы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 92 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: