Абайдың хакімдігі
26/10/2022, 06:51

«БОЯМАСЫЗ АҚ КӨҢІЛ, КІРЛЕТПЕЙ КЕТТІ ЖҮРЕКТІ...»

Бұл – Абайдың ең тәуір көретін баласы Әбіш қазасына арнайы жазған «Кешегі өткен ер Әбіш» деген өлеңнің он үшінші, он төртінші жолдары.

Адамның (әкенің) баласын жоқтап, дертті болуы әбден түсінікті, себебі бұл табиғи жол емес. баласы әке қазасын көруі – әділеттілік, жағдай өзгеше болғанда – табиғи тәртіптің бұзылғаны. Абай да өзіміз сияқты пенде, яғни оның баласының мезгілсіз о дүниелік болуы – жанды жаралаған ауыр қаза. Абай Әбіш өліміне қатты күйзелген. Бірақ біздің алаңдатып ой қозғап отырған мәселе әкесінің баласын жоқтауы емес, Абайдың Әбішті жоқтауы.

Екеуі де тарихи тұлға. Дана Абай баласын өлімге қия алмай отырғаны – оның, яғни Әбдірахманның «боямасыз ақ көңілділігі». Қазақта ақ көңіл деген түсінік кеңінен қолданылады. Біз оны түсініп те, түсінбей де жаны жарқын адамдарға мінездеме бергенде (ауызша) оңды-солды қолдана береміз. Көбінесе ақ көңіл дегеннің не екеніне жете мән бере бермейміз. Абай болса «ақ көңіл» дегенді нақтылап айтқан, ол «боямысыз ақ көңіл» дейді. Демек, ақ көңілдің боямалы да түрі болуы мүмкін деген сана еріксіз пайда болады. Сонда бояу дегеннің өзі шындықты жасыру, басқа түсінікке бастау болғаны ма? Боялып қойған нәрсенің өз түсі қайда кетпек? Дүниеде өз түсі жоқ зат жоқ. Ендеше неге сол алғашқы түсті өзгертіп, біз бояу жақпақпыз№ бояу жағы – шындықты бір себепке байланысты жасыру, өзгерту, өзгеше етіп көрсету. Абай болса «боямасыз ақ көңіл» дегенде алғашқы тазалықты айтып отыр. Әбіштің көңілінің ақтығы ешқандай өзге бояуды қажет етпейді, ол – табиғатынан әке-анасынан алған төл қасиеті. Соны Әбіш сақтаған, өз көңіліне өзге бояу түсірмеген, табиғатынан өзгеше көрінуді қажет етпеген. Абайды қинайтыны осы. Асыл зат өзгелерді, өзгешелікті қажет етпейді. Асыл зат өзі көрінуі керек, бұл – жаратылыс заңы. Алайда дүние болмысы тек асылдан тұрмайды, тіршілікте бәрі аралас. Ал асылды аңсау, адамды аңсау – адамшылыққа құрмет. Абайдың боямасыз ақ көңіл дегендегі түпкі ойы осы бағытта болар деген пікірдеміз.

Абай Әбдірахман өліміне аса қатты қайғырды. Бұл жай жалпы түсінікті болғанымен, өмір мен өлім, тән мен жан туралы терең ойларға шомған әрі оларды қағаз бетінде қалдырған ғұламаның бұл қайғысы сырт көзге түсініксіз де көрінуі ғажап емес. баласы өлген әке жалғыз Абай емес, сондықтан өлмектің артынан өлмек жоқ емес деп те ойға қаласың. Алайда мәселе Абайдың «кірлетпей кетті жүректі» деген түсінігінде тұр.

Абай-әкені қинап тұрғаны – Әбіш бала болып, балалық, шалалық жасап әкесінің жүрегін кірлетпегені. Абайдың жүрегі кірлесе, яғни баласының әлдебір қылықтарынан көңілі қалса бір сәрі. Әбіш әкесінің көңілін қалдыратын ұл болмады. Оның бар қылығы әкесін байыта берді. абай Әбіштен өзін көрді. Алдағ күнді аңғарды. Өшпес өмірдің жалғасы барын Әбіш арқылы нақтылы сезінді. Сондықтан ол Әбішке екінші бір арған өлеңінде:

Жаңа жылдың басшысы – ол,

Мен ескінің арты едім, -

дейді.

Жүрекке, әке жүрегіне кір түсірмеген бала, әрине, арман. Абайға Әбіш шын мәнінде арман болатын. Сондықтан Абайдың қайғысы тек әке қайғысы емес, одан зорлау еді, Әбіш те тек әкесінің баласы емес, ол да одан асқан ұрпақ еді. Қайғының, қазаның ауырлығы, міне, осында. Абай не жазса да, Абайлығы байқалып тұрады ғой, осы қазаға арналған өлеңнің соңғы екі жолында мынандай түйін бар:

Тағдырға тәбділ (амал) бола ма,

Сабырлық қылсаң керек-ті.

Тағдырға амал жоқ. Сонда басыңды иіп әкеліп мойындататын бұл тағдыр деген неткен күш? Тағдыр құдай емес, сонда ол қандай құдірет амалдың, сананың таусылып, тек мойындаудан өзге шараны қалдырмайтын бұл тағдырдың құпиясы кімге белгілі? Тағдыр – тылсым, сірә, оның қуаты адамдар үшін беймәлім болғанымен, өзінің қисыны (логикасы) бар болса керек. Сол үшін қалыптасқан сана бар, оның аты – сабыр. Тағдыр ісіне, жазуына сабыр еткеннен өзге амал жоқ. Абай да осы түсінікке келіп, Әбдірахманның өлімін тағдыр жазуы деп сабыр еткен. Сонда сабырлылық дегеніміз – өлімнен кейін өмір бар деген болашаққа бастайтын, үміт отын өшірмейтін сана. Бұл керек, онсыз істің бәрі де мәнсізденіп, түсініктер түсініксіздікке айналып, тиянақ таппай ой тоқырап қалар еді. Осы мәнде тағдыр мен сабыр деген ұғымдар бірін-бірі қажет етіп тұр.

Сабыр, сабырлылық тек тағдырға мойынұсынушылық қана емес, ол – өміршең сана. Сабыр дегенге үлкендер өткенге өкініп сары уайымға салынбай, болған іске болаттай берік болып, болашақты ұмытпа деген мән берген. Абай да жаны жараланып, қайғыға тұншыға оытырп, өзіне-өзі қайрат беріп: «Сабыр қылсақ керек-ті», - дейді. Бұл – тағдыр жазуына көну, бірақ бас ию емес. тағдырды түсіну бар да, мойындау бар. Абай тағдырды түсінген, бірақ мойындамаған, сабыр сақтаған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 98 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: