17/10/2022, 20:52 | |
«ТӘҢІРІ ҚОСҚАН ЖАР ЕДІҢ СЕН...» Дүние тылсым, жұмбаққа толы. Екі халықтың екі данышпаны бір мәселеде түйісті. Ол – Тәңір деген түсінік. Абай өзінің сүйікті мырласына айналған орыстың ересен ақыы Пушкиннің «Евгений Онегин» романына үзінділер аударып отырып Татьянаның хатын былай деп бастаған: «Тәңірі қосқан жар едің сен». Неге Абай Тәңірдің орнына Алла қосқан деп айтпаған? Немесе Құдай қосқан деуге де болады емес пе жоқ, олай емес, Тәңірі қосқан деген. Осылай айтқанда Пушкин де, Абай да түсінікті. Татьянаның аузына Алланы салуға әсте болмайды, ол – христиан дініндегі адам. Демек, орыс қызына және оның әнін айтушы қазақ қызына ортақ ұғым керек. Абай сол ұғымды дөп басқан, ол – Тәңір ұғымы. Тағдырлас, тамырлары тұтасқан орыс пен түркіде, нақты айтсақ, қыпшақта анау замандарда ортақ түсініктер болған, соның бірі – Тәңір. Абайдың данышпандығы сонда – тарихи келісімді ұғымды Татьяна бейнесін беруде дәл өз орнына қоя білуінде. Сірә, дана адамдар бәрін оймен ғана емес, өзінің табиғи тума ақылымен өлшеп-пішіп өлең етіп айта берсе керек. Ал оның мәнін ашу, тану – өзгенің жұмысы. Абай айтса сөздің мәнін дөп басып айтады. Тегі, даналық деген осы болса керек. Бұл – мәселенің бір жағы. Екіншіден, қазақ ұғымында жаратушы туралы екі түсініктің болуында. Бірі – Тәңір, екіншісі – Алла. Татьянаға қазақи түсініктің біріншісі сайма-сай келген. Бұл жерге Алланы қойсақ, өңін бұзып айтқан сияқты, істің табиғатына, сөздің мазмұнына жасалған қиянат болмақ. Абай сөздерді қалай болса солай қолданатын ақын емес, ол – сөздің мәнін ашатын, істі айқын етіп айтушы адам. Бұл айтылған ойға мынандай бір дәлел келтірейік. Мұсылмандыққа енбей тұрғанда түркілер тағдырды Тәңір береді дейтін. Бұл ойды түркі ойшылы Иоллығ тегіннен кездестіреміз. Яғни, Абай Татьянаның аузына Тәңірі қосқан дегенді салғанда тағдыр жазуын айтып тұр. Сол тағдыр жазуына қарсы шығу деген не сұмдық деген пікірде балауса жас қыз менменсіген Евгенийге хат жазып, өз жүрегін ұсынған. Татьянаның өзінің нақты өмірі тағдыр бойынша Евгенийге жар болу еді. Ол болмады. Ендігі жерде Татьянада нақты, нағыз өмір сүру жоқ, тек күнкөріс. Себебі махаббат өлді, сөнді. Одан кейіні қалған тіршілік тағдырдан тыс, тек әншейін күн кешу. Тағдыр деген әлеммен тұтаса өмір сүру, ол – нағыз шындық. Ал тағдырдан тыс шындық – адамның адамдық қалпын биіктетпейтін, тұрмыс талқысына салып күн кешетін құмырсқа тіршілік. Осы халді Абай: «Малда да бар жан мен тән», - деп ашына айтқан. Шынында тағдыр жазуы бұйырмаған соң Татьяна өмірі, Евгений өмірі не болды, болғаны сол – Пушкин айтуында адам ғұмыры мәнсіз тіршілікке айналды. Сонда өмірдің мазмұны – тағдыр, оны адамға беруші – Тәңір. Абай Татьяна сөзі арқылы осындай жайды поэзиямен өрнектеп берген. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 109 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |