26/09/2022, 12:18 | |
«ДӘМІ ҚАЙТПАС, БҰЗЫЛМАС ТӘТТІ БАР МА?» Дүниеде өзгермейтін еш нәрсе жоқ. Оны бәріміз білеміз, бұл сөзді Абайға дейін де талай хакімдер айтқан. Сірә, ой айтылғанымен құнды емес, неліктен айтылғандығымен қымбат болса керек. Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағы – ойдың да адам сияқты өз ғұмыры, яғни тууы, өсуі, есеюі бар. Есті ой өзін қабылдайтын жанның да есті болуын талап етеді. Абайдың айтап отырғаны – есейген ой. Мұны жиырмалар шамасында жастарға қабылдата қою қиын, себебі олар дәмнің қайтуын қайдан қабылдасын, әлі өмірдің дәмін татып үлгермесе, тәттінің бұзылатынын қайдан білсін, өмірде ненің тәтті екенін татып көрмесе? Мұның бәрін есейген, ойы толысып, бір тоқтамға келген, ең бастысы, тәубесі бар жан ұғына алады. Осы өлеңнің бірінші жолында Абай. «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» - дейді. Дүниенің сұм екендігін одан көңілі қалған, оның мәнін сезіне бастаған адам ғана айта алады. Дүниені айт пен той, думан-қызық деп қалыптасқанға неліктен дүние сұм болмақ? Иә, неге осы дүние сұм? Себебі ол тұрақсыз, өзгермелі, өзі бергенін өзі алып, адамға еш нәрсе қалдырмайды. Байқап отырсақ, бұл дүние өзіңді тонап алады, ол тек сұм емес, тіптен қарақшы. Сонда неңді тонап алады дегенде Абай күшіңді алады, түсіңді алады дейді. Бойыңнан қуат кетіп, қарға адым жер басу мұң болады, жайнаған жүзің, жапырағынан айырылған ағаштай арса-арсасы шығады. Сондықтан өмірді Абай. «алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір», - деген. Дүние есігін үмітпен ашасың, одан не пайда шығар, есікке келгенде өмірдің алдамшылығын енді ғана ұғып, өкініш сана жүрегіңді өртейді. Осы тұста «өкініш» деген Абай ұғымына тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Абайдың айтып отырған «өкініші» қазақтың «Қап, әттеген-ай, олай етпегенде былай болушы еді...» деген надандыққа салып өкінетін өкініші емес. абай өкінішті мейлінше кең мәнде алып отыр. Өкініш бұл жерде заңдылық ретінде айтылған. Бұл өкініш – болмай қоймайтын өкініш, оған түспейтін, оны аттап өтетін ешбір жан иесі жоқ. Қаламынан ой өрілген хакім де, қарапайым пенде де бұл өкінішке түседі. Мәселе, ол өкініш қалай көрінеді, оны кім қалай бағалайды, кім қалай түсінеді№ немесе оны кім қандай ұғымға салады? Мәселе тек осында ғана, әйтпегенде дүниенің алдамшы өмір екенін, өкініш екенін білдірмейтін жан жоқ. Дін осы мәселені негізге алған. Христиан дінінде күнәлардан тазару десе, исламда иман айту дәстүрі бар. Бұл – өкініш сананы жеңу, жою үшін қолданылатын тәсілдер, олай болмағанда дүниеден өту азапқа айналады. Абайдың осы өлеңін оқып отырғанда өлім деген түсініктің жойылып, оның мазмұны өмірде ьұрғаны туралы анық, ашық ой келеді. Демек, адам өлімі бір-ақ күнде болатын іс емес екен. Адам өмір сүріп жүріп бірте-бірте өле беретін көрінеді. Оның өлшемдерін Абай нақты айтқан: Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма? Баяғы күш, баяғы түсің бар ма? Иә, өлім туралы өмір сүріп жүргенде ойлану керек. Күш-қуаттың сарқылған күнін «өлім» деп айту әншейін сөз. Өмір мен өлім бір нәрсенің екі басы емес, бір-ақ нәрсе. Тек түсінік үшін бөлінген, әйтпегенде ол екеуі бір мағына. Мәселені одан әрі жалғастырсақ, бұл қу өмір қызығының өзі шайтан сияқты бізді алдаусыратып өлімге бастайтын күш. Біз әдетте өмір қызығы өмір сүру үшін қажет деуші едік, Абайдың мына өлеңінен кейін біз өмірдің қызығы адамды өлімге бастайтын алдамшы, мифтік сана дегенге ой бұрамыз-ау. Олай болса, өмірдің мәні мифтік мазмұнда. Мифті анықтаушы – өлім. Абай осы өлеңде дүние, өмір туралы мынадай эпитеттер қолданған: сұм дүние, алдамшы өмір, қу өмір. Олай болса, Абайдың осы өлеңін қалыптасып қалған түсініктер – пессимизм, оптимизмдердің қайсысына жатқызамыз. Зерделесек, екеуіне де емес. пессимизм, оптимизм дегендер – философиялық мәндегі дуализм, яғни бірін-бірі қажет ететін түсініктер. Абай ұғымында да олардың жеке-жеке мәндері жоқ, сондықтан оларды ақын өлеңдеріндегі ойларды талдауға қолдануға болмайды. Себебі Абай айтқан «сұм дүние» не пессимизм, не оптимизм емес, сыры ешқандай ашылмайтын тылсым өмір хақындағы сөз. Олай болатыны – шындық сыртқа шыққысы келгенімен, бұл істе оған бөгет көп, оның ең негізгісі – өмірдің қызығы – нәпсі. Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін, Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін. Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма, Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін. Сонымен, дүние туралы шындықты былай қойғанда, өмір туралы шындық ашылмақ емес. тылсым дүние, жұмбақ өмір, солардың сырын білмекке ынтық болған адам. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 111 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |