Абайдың хакімдігі
12/09/2022, 21:01

«ТУҒЫЗҒАН АТА-АНА ЖОҚ»

Өлеңнің идеясы отбасына қатысты. Отбасы дағдарыста. Абай шындықты айтып отыр. Отбасы деген қауым, қоғам, ел өмірінен тыс болмақ емес. отбасының қауымдық, қоғамдық және елдік мәністері бар, себебі отбасынан өсіп-жетілген ұл мен қыз – бүгінгі өмірдің ертеңі. Халқымыздың «Ұл ержетті, қыз бойжетті» дейтіні сондықтан. Қауымдық жағдай ер баланың ерте ержетуіне мүдделі болған. «Он үште отау иесі» деген түсінік содан шықса керек. Бүгінгі күн түсінігімен халқымыздың тұрмысындағы жастардың ерте үйленуі халқымыздың тұрмысындағы жастардың ерте үйленуі ерсі сияқты көрінеді, ал шындығында бұл жағдай табиғи-тарихи қажеттілік болатын. оның екі мәнісі бр: біріншіден, жастардың ерте есеюіне қажеттілік, екіншіден, халықтың өсуі, яғни демографиялық қажеттілік. Ол заманарда адам өлімі әр қилы оқыс оқиғалар, соғыстарға й тікелей қатысты болғанда, адам басы бағалы болатын. сондықтан отбасы қауымдық қажеттілікті өтеуі керек еді, бірақ Абай бұл мәселені көтеріп отырған жоқ, ол отбасының елдікке қатынасы жағына тоқталып, осы жағдайға байланысты өз күйзелісін білдірген. Ол ел болу үшін екі нәрсенің жетпей жатқанын барынша айқын бейнелеген. Бірі: «...Туғызарлық ата-ана жоқ», - дейді, мәселе ата-анада. Ұрпақ өсіруге ата-анада даярлық бар ма? Ол қандай даярлық? Мәселе осында. Ата-ананың ел алдындағы жауапкершілігі қандай? Мұндай жауапкершілік болу үшін алдымен ел тұтастығы керек еді. Ол болмай тұр, себебі қазақ елі өзін-өзін басқарудан қалып, отаршылдық жүйе негізінде өмір кешуге көшкен. Ата-ананың немесе отбасының мақсаты азамат тәрбиелеу болса, ондай сұраныс қоғамнан жоқ. Отаршылдық әкімшілдікке қазақ отбасынан азаматтардың өсіп-өнуінің қажеттілігі жоқ, керісінше, оларға өздерінің идеологиясын ғана жүргізе алатын тілмаш, адвокаттар керек. Ашығын айтқанда, қазақтың оқыған, білім алғандары өз халқын отыршылдық құрсауда ұстап отыратындар керек. Осындай жағдайда ата-ана дағдарыста, отбасы дағдарыста.

Ақын осы ахуалды сезіп, мәселені күн тәртібіне көтерген, бірақ ол бұл істің шешімін айтпаған, оны міндет деп те қоймаған, мүмкін, бұл халден шығудың жолы да Абайға беймәлім. Ақын дерттің диагнозын дәл қойған, бұл – емшілерге көмек.

Дерттен арылу үшін алдымен оны анықтап алған жөн.

«Тағдыр етсе Алла, не көрмейді пәндә?»

Бұл ақынның «Қор болды жаным...» деп басталатын өлеңінің алғашқы шумағынан кейін келетін жолдар.

Тағдыр – жиі қолданылатын, бірақ мәні ешқандай айқындалмаған құбылыс. Тағдыр туралы әңгіме әлемге қазіргі мәндегі діндер қалыптаспаған, келмеген кезде басталған. Өзге діндерді қоя тұрып, тағдырды исламға қатысты айтсақ, түркі, оның бір бұтағы қазақ жұрты үшін тағдыр туралы ой-сана мұсылмандық дүниетанымынан бұрын болған. Сонда тағдырды беруші түркі дүниетанымында Тәңір болса, мұсылманшада – Алла тағала, яғни, бір сөзбен айтқанда, тағдыр – жаратушыға қатысты ұғым. Олай болса, ол – адам еркі мен санасынан тыс онтологиялық мәндегі болмыс. Мәселе осылай қойылғанда адамға не қылмақ? Тағдыр туралы өзінше ой қорытып, пікір білдірмеген ғұлама кемде-кем, олар көптеген кітаптар жазып, неше қилы концепциялар жасады, сондай ұғымның бірі – фатализм, оның мәнісі зиялы қауымға белгілі.

Тағдыр – дін сияқты барлық халықтар санасы мен тұрмысына сіңісті болған нәрсе. Қазақ тілінде тағдырға тікелей қатысты қалыптасқан түсініктер баршылық. Соның бәрін зер салып қарастырып отырсақ, тағдырды қазақ негізінен қайғыға, шешімі табылмаған тұйық іске қатысты, қысқаша айтсақ, жағымсыз мәнде қолданады. Ізгілік немесе жақсы істерге орай «бақыт» дегенді жиі қолданады.

Абай да тағдырды осы өлеңде біз айтқан мәнде қолданған:

Қор болды жаным, сенсіз де менің күнім,

Бек бітті халім,

Тағдырдан келген зұлым.

Ақын айтуынша, зұлымдық тағдырдан болып тұр. Сұрақ туады, неліктен тағдыр зұлымдыққа жақын? Тағдыр неге жақсылықтың көзі емес?

Зерделесек, тағдыр жақсылықты жасаушы болғандығын біз пенделікпен білмейміз., сезінбейміз, ол бірқалыпты жағдай дейміз. Айталық, біз таңның атып, күннің шыққанына не таңбанбаймыз, не жүрек жарып қуанбаймыз, ол – үйреншікті болған табиғи көрініс, сондықтан оны тағдыр деп қабылдамаймыз. Ал осы жайға сәл өзгеріс енсе, қатты шошып, бойды үрей билесе тағдыр дейміз. Сонда, сірә, тағдыр деген Жаратушының пендесіне ара-тұра беретін ескертпесі ме екен деп те ойға кетесің. Тәубесіз санаға тағдыр қажет пе? Тағдырдың өзі адамды тәубесіне түсіретін құдірет емес пе? Әлемдегі әрбір зат, құбылыс орнында, біріне-бірі себеп болып тұруы – Жаратушы әмірі. Егер де осы тәртіп бұзылса тағдыр бой көрсетіп, адамдарға ескертпе жасамақ, Тағдырды Жаратушы жібергенмен, оны өзіне шақырып, қажеттілік ететін де адамдардың өздері емес пе? Мүмкін, тағдыр адамдардың надандығы үшін тарттыратын Жаратушының жазасы ма екен? Тағдыр – жаза, осы дұрыс па деп ойлаймыз.

Тағдырды түсіну – адам санасына үлкен сын. Кейбіріміз тағдыр емес нәрсені тағдыр дейміз. Әншейін надандықтан жасалған әрекетіміздің өтеуін тағдыр деп қайғырамыз. Сірә, тағдыр адамдардың тікелей әрекетінен емес, олардың жинақтала, қордалана келген формасына Жаратушының жасаған рефлексі. Тағдыр таза сана формасында келіп, адамның ес-еркіне шек қоймақ. Абай айтып отыр ғой: «Тағдыр етсе Алла, не көрмейді пәндә?» - деп. Тағдыр мойынға бір түссе, одан құтылу жоқ. Мәселе, сонда неге тағдыр адамдарға таңдап түседі? Тағдыр да биіктікті керек етеді. Ол биік-биік ой-толғамы бар заңғар жандарды қалап алмақ, себебі тағдыр – заман болмысын аңғартушы күш. Заманның өзі тағдыр жетесіне кетіп, оның санасы тағдыр болып анықталмақ. Өткен өмір туралы айтқанда тарихтың тағдыры деп айта салу әдетіміз бар, шындығында тағдыр – алғашқы болып еніп, кейін тарихи санаға айналатын феномен.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 107 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: