05/09/2022, 09:29 | |
«ТУҒЫЗҒАН АТА-АНА ЖОҚ» 1. «Тулайын десе шара жоқ», - дейді Абай әлденелердің әсерінен қамкөңіл болған сәтінде. «Шара» дегенді хакім ұғым ретінде қолданып отыр. Шарадан асып-төгілу деген қазақы түсінік бар. Демек, ол – бір нәрсенің өз мөлшерінен асып, рәсуа болғаны туралы айтылған сөз. Шарасынан асқан соң, ол зат өзімен-өзі болудан қалып, өзге күйлерге өтіп кетпек. Мысалы, шарасынан асқан су қайта жиналып еш уақытта көл болмай, өзге күй кешеді де, бірте-бірте шалшыққа айналып өшеді. Шарасынан асқан өзге нәрселер де солай. Сонда шарадан шығу – рәсуа болу. Ал Абай неге: «Тулайын десе шара жоқ», - деп қиналыс білдірген? Хакім «шараны» қандай мәнде қолданған? Байқасыз ба, шарадан шығып тасу үшін де қуат қажет емес пе? Абай соны айтқан. Шарадан шығуға дейінгі әрекет бір басқа, шарасынан асқан күй бір басқа. Шіркін, шарадан шығаруға дейін баратын бойда қуат бар ма екен?! Әрине, жоқ. Онда шарадан шығуды аңсаудың өзі қандай ғанибет?! Бұл шарасыздық емес, шараны мөлшерлей білу, қандай күштің шарадан шығаратынын сезіну. Жинақтап айтқанда, істің мөлшерін болжау, яғни сөз шама туралы. 2. «Толықсып жүрер шама жоқ», - дегенде Абай шараны тулататын қуатты айтып отыр. Бұл тілімізге, сірә, сонау санскриттен енген ұғым болса керек. Шама деген өлшемнің, мөлшердің сапалық белгісі, бірақ өзі ғана емес. Сапа заттың өзіндік сипат, қасиеті ғана емес, оның өзі болса, шама құбылмалы көрінісі. Қазақта көріністерге қатысты қолданылатын «құбылған» деген сөз бар. Орыс тіліндегі хамелеон дегенге жақын. Дүниенің қасиеті шынында да оның құбылғандығында емес пе? Әрине, дүние құбылмалы әрі біз оны қабылдғанда өзін емес, құбылмалы күйін қабылдаймыз. Осы күйді қабылдауды Абай «шама» деген. Құбылған дүниенің қасиеттерін Абай былайша нақты айтқан: ұйқы мен астан дәм кеткен, сақал-шаш болса өңі кетіп, ағарған, осы емес пе дүниенің құбылғаны? Дүниенің құбылғанын шамадан білесің. Бүгінде шарадан шығара жаздайтын толықсып жүрер шама бар ма, жоқ па? Шамаңды байқамай, өзіңе емес, өзгеге жала жаппақсың. 3. «Жастарға жаппас жала жоқ», - деген ойды Абай шара, шамаға қатысты айтқан. Енді «жала» деген ұғымға назар аударайық. Бұл – қай заманда болмасын айтылып келе жатқан ой. Не болса соған кінәлі – жастар. Олар қауіпті. Неге жастар туралы осындай пікір қалыптасқан? Негізінен бұл сананың мәні түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, жастар албырт келеді, алды-артын ойлап жатпайды, семсердің жүзіндей өткір. Ал осының несі жаман, несінен біз қауіптенуіміз керек? Қауіптенуге себеп бар. Жастар қалыптасып, дағдыға айналған, тәжірибеде сұрыпталған істерге қарсы келеді. Мұның екі мәнісі бар. Біріншіден, жастарға көбінесе дағдылы іспен келіспеушілік тән. Іс мәнісін біліп болмайнаразылыққа салыну көбінесе жастарға тән. Мұның түбі жақсылыққа бастамайды. Келе-келе мұндай жолға түскен жастар заманға қарсы жүріп, қоғамға қатерлі зиянды істер туғызуы мүмкін. Өкінішке орай, мұндай жастардың қаулап өсіп кетуінің де қаупі бар. Осы мәнде жастарға жала жабылмай, дұрыс сын айтылуы керек. Екіншіден, жастардың бір апарасының бойында қуат, қайрат бар, соның нәтижесінде олар белсенді. Бұл қарекет белсенділігі консервативтік саясат ұстанған үлкендерге айтулы мазасыздық әкеледі. Міне, осы кездерде, Абай айтқандай, жастарға жала жабылады. «Жала» дегеніміз – біле тұрып, қасақана жасалатын надандық. Сен жассың, демек, сен кінәлісің. Әрине, бұл – істің мәнісіне үңілмей, жастарға жасалған теріс пиғыл. Мұндай адамдар – жастардың ісі емес, өз істеріне өздері сенімсіз, берік санасы жоқ жандар. Олардың сүйенері – тек кешкен ұзақ ғұмырлары. Өмір сүре беруге болады, сонымен бірге ғұмыр туралы, сол ұзақ-сонар жылдардан еш сана алмай шығуға да болады. Әсіресе осындай адамдардың жастарға жаласы көп болмақ. Немесе қатал тәртіп, берік сенімге үйренген, берілген фанатиктер болады, олар да жастар өздері салған ізге түспесе, оларды жазғыруға белсеніп кіріседі. Абай заманында осылар болған, соны көріп, сезіп, сөздерін естіп жүрген ғұлама: «...Жастарға жаппас жала жоқ», - деп тереңнен ой қозғаған. Абай басын ашып айтпағанмен, «Жастарға жаппас жала жоқ» дегенде «әке мен бала» немесе ұрпақтар арасындағы яки түсініспеушілік, яки сабақтастық деген мәселе бой көрсетіп тұр. Бұл проблема әдебиеттерде айтылғанымен, оның қазақ тұрмысына қатысты ашылатын жағы бар. Ол – қазақ санасындағы үлкенді сыйлау, әкені, атаны ерекше қастерлеу, ауыл, ру ақсақалдарын құрметтеу сияқты істер. Мұның бәрі дұрыс. Қазірде солардан айырылып барамыз. Бірақ Абай бұл жерде шама туралы айтып тұр. Әр нәрсені шама биігінен бағаласақ, бәрі өз орнында, ал істі мөлшерлей алмай, әйтеуір бір үлкенді сыйлау бардан шыға алмасақ, мәселенің көмескі тартып, өзіне айтылатын сынды, өңін бұрып, жастарға жала ету басталары сөзсіз. Олардың мәнісін Абай ашық ашып берген: байбайшыл болсаң бағаң жоқ, жат қораны күзетіп, өзіңді-өзің баға алмасаң, демек, санаң жоқ. Мұндайлар жастарға жала жаппағанда не істемек? Абай осы халді баяндап отыр. 4. «Байбайшыл тартып баға жоқ». Әр нәрсенің парқы бар, соны белгілейтін ұғым – баға. Батыста аксиология деген білім саласы бар. Қазақша айтсақ, ол – баға туралы білім. Кейде біз білместіктен баға орнына құн пайдаланамыз. Баға мен құндылық бір істі, нәрсені, затты білдірмейді. Заттың бағасы бар, заттың құны бар. Абай осы мәселені ашып берген. Ол адамның құнын айтпайды, бағасын айтқан. Адамның, адамшылықтың құны болушы ма еді? Құн – экономикалық, құқықтық, т.б. білім салаларының түсінігі. Ал баға – философиялық ұғым. Құн түсіндіре алмайтын жайды баға деген ұғым арқылы түсінесіз. Құн тауарға қолданылса, баға адамға қатысты қолданылады. Базардағы мына заттың бағасы қанша екен дегенде біз заттың құны туралы айтып жүрміз. Бағаның таза мәні адамға, оның сипаттарына қатысты қолданылады. Абай бағаға осындай сипат берген. Абай жоқ туралы ілгеріде бір өлеңінде айтқан болатын: «...Жоқ тумақ, туған өлмек», - деп. Ал мына ьіз талдап отырған «Туғызған ата-ана жоқ» деп басталатын үш шумақты өлеңде жоқ дегенді тоғыз рет (яғни ұқйастың бәрінде) қолданған. Біз мұны тек поэтикалық тәсіл деп қабылдасақ та болар еді, бірақ Абай «жоқты» нағыз философиялық мәнінде қолданған. Сөзімізді дәлелдеуге ынталанып көрелік. Мысалы, алғашқы жолдарда «ана жоқ», «бала жоқ» дегенде ана мен баланы Абай мүлдем жоқ деген мәнге, яғни абсолютті түрде айтып отырған жоқ, шамаға байланысты айтқан. Екінші шумақта «шара жоқ, шама жоқ» дегенде де мәселе шара мен шаманы мүлдем теріске шығару емес, сөз – олардың мөлшерінде. Соңғы шумақта «баға жоқ», «жала жоқ», «сана жоқ» деп нақтап-нақтап айтқанда да баға, жала, сананың толысу жақтарын ашқан. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 130 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |