29/08/2022, 12:55 | |
«ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ ҚЫМБАТ...» Абай сопылық дүниетанымды терең меңгерген. Оған дәлелдер көп, соның бірі – қазақ тұрмысында Йассауи «Хикметінің» кең тарауы. «Хикметті» ақын заманында көпшілік жатқа айтатын. Поэзия тілімен түркіше жазылған философиялық тарктат қазаққа әбден түсінікті. Осы сопылық философияда «сыр» деген маңызды ұғым. Сыр төңірегінде суфистердің пікірталасы бір толастамаған. Сыр аса маңызды философиялық ұғым бола тұрып, қазақ тіліне төл сөз болып еніп кетуі өте қызғылықты іс. Жарар, сырдың этимологиясына тоқталмастан, біз мына сұраққа жауап іздеуіміз керек. Қазақ тіліндегі «сыр» деген сөз сол бастапқы суфизмдегі философиялық мазмұнын сақтап қала алды ма, жоқ па? Бұған жауапты Абайдың осы өлеңінен тапқандаймыз, ол «сырды» «сымбаттан» бөліп тастап отыр ғой. Абай сырдың не екенін жетік білген. Сыр деген ұғым ақын тілінде адамшылық дегенмен мәндес келіп отыр. Себебі адамшылықтың өзі сырға байланысты. Мораль тек ақылға сыйымды бола ма және, керісінше, ақыл деген үнемі моральдық қасиетке ие бола ма? Әрине, жоқ. Моральды тек ақылмен өлшеуге әсте болмайды, сол сияқты ақылды да тек моральмен анықтауға және болмайды. Бұл жерде үшінші нәрсе жоқ. Абай мораль орнына жүректі қойып, қайрат пен ақыл туралы айтқан. Батысеуропалық дүниетанымда, философияда мораль деген ұғым орнына Абай адамшылық ұғымын қолданған. Біздің адамгершілік деп жүргеніміз – батысеуропалықморальдың баламасы. Қазақта ойлау жүйесінде адамшылықты нақтылы адамнан бөліп қарамайды. Мораль болса – қоғамдық сананың формасы ретінде жеке адам еркінен тыс өмір сүретін феномен. Демек, мораль – идеологиялық мәнге жақын тұратын сана. Қазақ тұрмысында адамшылық адамнан тыс болмай, ол оның ісі мен қарекетінен, мінез-құлқынан көрінген, оның түрлерін халық ізеттілік, әділеттілік, сыпайылық, көрегендік, білімділік деп атаған. Бұларды қарсы антиподтары: ізетсіздік, әдепсіздік, тұрпайылық, көргенсіздік, надандық. Мәдениеттілік деген бізге кейінірек енген түсінік болғанмен, оның мән-мазмұнын жоғарыда атап өткен ұғымдар айқындаған. Бұларға қоса халық санасында «қалыбы дұрыс жан» деген түсінік бар. Мұндай адамның қасиеті мол әрі сыр сақтай алатын, ақыл қайратына бай жан. Сыр – адамның құпиясы. Сыры жоқ жан – желмен бірге домалған қаңбақ. Сыр сақтаған адамды қазақ зор тұтқан. Себебі сыр бір күнде ақтарыла салатын нәрсе емес, ол – жағдайға, іс мәнісіне, оқиға желісіне орай аңғарылып отыратын білім арнасы. Адам құпиясы түпсіз, бірақ ол қажеттіліктен ашылып отырады. Қазіргі мәдениеттілік деп жүргеніміх осы сыр проблемасына тікелей қатысты. Сыр сезінуден туады. Біз, адамдар, бір нәрсені сезінеміз, ол – Алла мен адамның бірлігі, ал одан әрі қарай қалай болары туралы біздің санамыз тек жорамал (гипотеза) құрсауында. Сананың сәулеленуі – сырды сезіну деген сөз. Сезімнің санадан биік екенін жоққа шығару – әділетсіздікке бастайтын тура жол. Абай сыр дегенде қай мағынада айтқан, әрине, ол суфизмдегі сырдың мәнін білгенімен, оны тұп-тура қайталамай, оған өзінше мән берген. Сырды сымбатпен тіркеп айтқанда оқушыға еріксіз бір ой келмек, ол – сыр мен сымбат бірлігі. Олардың бірлігі – ізгі ниет, мұрат, мақсат. Бірақ олар өмірде бірін-бірі қажет еткенімен, оларды бірінен-бірін ажыратып, екі нәрсе екенін таныған ләзім. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 110 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |