22/08/2022, 14:09 | |
«ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ ҚЫМБАТ...» Неге ойын арзан, неге күлкі қымбат? Күлкі дегеннің өзі ойынның бір сипаты емес пе еді? Ойын-күлкі деп бірге айтпаушы ма едік? Абай екеуін бөліп айтқан және олардың нарқын анықтаған. Ойынды арзан, күлкіні қымбат деген. Сонда адамшылыққа жақыны – күлкі, ойынның мәні оған қарағанда пәстеу. Ойын – көңілашар сауық, өтіп кететін жай. Ойынның түрі көп, олардың қажеттілігі нақтылы өмір сүру үшін емес, көңілді өмір сүру үшін қажет. Көңілсіздік болса адамды қайғы-мұң басып, еңсесі түсіп кететіні баршаға мәлім. Сондықтан адамдарға ойын керек. Абай да ойынды жоққа шығарып отырған жоқ, ол оның күлкімен салыстырғандағы мәнін ашып берген. Не нәрсенің болмасын нақты салыстырғанда айқындалмақ. Абай да осы тәсілмен ойынды күлкімен теңдестірген, сонда күлкінің ойынға қарағанда салмағы басым. Демек, ақынның түсінігінде ойын-күлкі деген бір түсінік емес, ойын – бір сана, күлкі – бір сана боп дараланған. Былайша айтқанда, оларды Абай жеке-жеке ұғым ретінде қарастырған. Ойын-күлкі деген – мәні ашылмаған жалпы түсінік, бірақ ауызекі тілде осылайша айтылғанның еш сөкеті жоқ. Абай болса осы айтылып жүрген жалпы түсінікті нақтылаған. Мәселеге осылай келгенде, ойынның арзандығы, күлкінің қымбаттылығы шығады. Абай бұл пікірін нақтылы жігіттерге қарата айтқан. Әрине, балаларға қатысты айтсақ, олар үшін өмір мәні – ойын. Ал жігіттерге ойын арзан болуы орынды, себебі бұлар үшін өмір мәні ойында емес, өмір сүруде. Ойынқұмарлық – үлкенді қайтадан бала ететін мақсатсыздық. Далбаса, нақтылы іске түспегендер үшін ойын – қызық. Өмір ойын емес, ол – мақсат, ол – жүрілмеген жол, атқарылмаған іс, ләзат алмаған қызық, ол – сенің мүмкіндік-болашағың. Саған қымбати ойын емес, өмір туралы жасайтын амалың. Жігіттердің осыны түсінулері керек. Ойын арзан, демек, сен енді ненің қымбат екенін санаға салып көргенің абзал. «...Күлкі қымбат» дегенде Абайдың нысанаға алып отырғаны мән-мағынасыз езу жимас, өзексіз адамның ыржың-қыржыңы емес. Күлкінің адам болмысындағы мәні. Қайсыбіріміз күлетін іске күлмей, күлмейтін жайға езу жия алмай жатамыз. Бұл – күлкінің не екенін сезінбеуден туған топастық. Шіркін, нағыз күлетін істі танысақ қой! Ол әркімге, сірә, берілмесе керек. Осындай жағдайда күлкінің қымбаттығы айқындалады. Сонда ойынға байлданысты езу жимастық күлкі болмағаны ма? Абай түсінігінде дәп солай. Демек, мәселе күлкі мен күлкі еместі айыруда. Күлкі деген – бұл өмірдің қасірет пен қуанышы араласқан адам мұңының бір көрінісі. Мәдениетте «трагедия» және «комедия» деген жанрлар бар. Зерделесек, нағыз трагедия комедияға айналса керек. Қайғыны күлкімен жеткізу деген – биік комедия. Дантенің «Құдіретті комедиясы» мен Оноре де Бальзактың «Адамзат комедиясы» осы пікірімізге дәлелдер болса керек. Абай ұғымында да күлкі биік сананы қажет етуде, сондықтан да күлкі қымбат. Қазақы түсінікте де «Адамның қуанғаны да, жылағаны да бір» деген бар. Күлкі – Жаратушының пендесіне берген асыл қазынасының бірі, күлкі – адамшылықтың өлшемі. Адамды ісіне, сөзіне қарап ал деуші еді, бұған қосарымыз – адамды күлкісінен таны. Күлкі – адам баласының айнасы. Күлкі табиғатында символ жатыр. Күлкісінен адамның мақсаты аңғарылады. Күлкі «тілі» астарлы әрі жұмбақ. Күлкіден адамның мінезі сәулеленеді. Мінезге бай жанның күлкісі мәнді келеді. Абай күлкіге осындай түсінікпен келіп, жігіттерге ойынның арзан, күлкінің қымбат екенін нақтылы мәнде ашып беріп отыр. Өлеңнің екінші жолында мынандай ойлар айтылған: Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. Абайдың «сыр мен сымбаты» ұзақ толғандырады. Бұл қалай? Сыр мен сымбаттың бір-біріне қандай қатысы бар, егер қатысы болса неге екеуін екі нәрсе деген? Тегі, Абайды түсіну үшін оның қолданған сөздерінің сол замандағы атқарған қызметтеріне мән беруден бастаған жөн. Демек, ақынның кезінде «сыр» мен «сымбаттың» мәндері нендей жайларға қатысты болған деген сұраққа жауап іздеу керек. Халықта «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес» деген сөз бар. Мұны бетінен әрі тайған кезіндегі сұлу болған ерекше әйел затына қатысты айтады. Мұндағы сыр сымбаттылыққа, сұлулыққа қатысты нақтыланған, бірақ бұл бергі әңгіме. Абай мұны сөз етіп отырған жоқ. Ол сырдың сымбаттан мәні жағынан өзгешелігін айтқан. Сырдың халық түсінігіндегі екінші мәні – құпиялыққа қатысты, яғни сыр сақтау деген мәселе төңірегінде. Абай осындай түсінікте бар нәрсені айтса Абай бола ма, ол «сырдың» көпшілікке беймәлім құпиясын тіліне тиек еткенге ұқсайды. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 121 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |