Абайдың хакімдігі
15/08/2022, 18:42

«АДАМНЫҢ ТАУЫП АЙЛАСЫН, КІСІЛІКТІ ОЙЛАМАЙ...»

Абай түсінігінде «кісілік» пен «адамшылық» бір мәнде емес. Әрине, ауызекі сөзде, кейбір жайларда оларды мәндес ұғымдар ретінде қолдана береміз, бірақ ғылыми тілде олардың атқарар қызметтерінде сапалық ерекшелік бар, оның үстіне, бүгінде «кісілік» пен «адамшылық» орнына кеңес заманында ойлап табылған «адамгершілік» деген түсінікті оңды-солды пайдаланып жүрміз. Байқастыра байыпқа салсақ, адамгершілік – не кісілік, не адамшылық деген ұғымдар бейнелейтін жайларды аша алмайтын түсінік. Кісілік туралы бұған дейін айттық, ал адамшылық деген не?

Адамшылық – адамның қасиеттері туралы сана. Оның мәні мынандай мәселелерде анықталмақ. Адамды «адам еместіктен» айыратын қасиеттер жиынтығын біз адамшылық дейміз. Адамға тән сана бар да, адамға тән емес сана бар. Адамға тән сана – адамшылық. Ал адамға тән емес жат сана – зұлымдық, оның көріну түрлері, формалары көп. Бұл бір мәселе. Адамшылық мәнін танудың екінші жағы бар, ол – адамның өзінің Жаратушысын мойындауы. Бұл мәселе әртүрлі діндерде әрқалай айтылғанымен, негізі бір мәселеге саяды, ол – адамның Құдайы алдындағы жауапкершілігі. Бұл болмаған жерде адамшылық орнына кереғар моральдық қағидаларға тап боламыз. Ондай қағидалар адамға қарсы бағытталып, оны кәмелетке жеткізудің орнына кемтар өтеді. Бұған ең айғақты дәлел – коммунистік мораль принциптері. Коммунистік мораль бойынша, адамдарды тапқа бөлу – адамшылық, таптық жауыңды өлтіру (яғни адамды) – адамшылық. Әрине, мұндай моральдық сана тәрбие жүйесінде адамдарды кәмелетке толуға емес, оның рухын, жанын кемтар етуге сеп болды.

Қандай дін болса да, мұндай моральдық түсінікке қарсы. Дін бойынша адамды адамға қастық жасағаны үшін айыпты. Адам ғұмыры – адамның емес, Құдайдың қолында, соның құдіретінде, оны халық өз санасында тағдыр, «жазу», «сызық» деп айтады. Демек, адамшылық адамның өзінің Жаратушы алдындағы борышын, парызын сезініп, мойындаудан бастау алады. Адам- Құдайдың пендесі, сондықтан Жаратушы ісіне қол сұқпай, оның құдіретін мойындау – адамшылықтың басты қағидасы. Сонда адам үшін басты қазына – адам болмақ. Себебі адам – Жаратушының жаратқан ең асыл қазынасы.

Адам Алланың сөзін түсінбей не сезінбей, адамдарға қатысты сөздерді өз орнымен айта алмай жиі қателеседі. Сөздердің орны ауысып, бірінің орнына бірі қолданыла бастаса, адамшылық дегеніміз жүдеу тартып, толық болмайды. Бұл мәселені дін қатаң сақтайды, сондықтан да діни ойшылдардың сөздері қисынды келеді, себебі түгел сөздің түбі бір. Адамшылық – сөздің тазалығында, сөз таза болса – ой да таза болмақ. Адамшылық дегеніміз – ой тазалығы. Ой тазалығы дегенде біз оның шарықтау шегін сезінуін айтамыз. Ой өз мүмкіндігінен асып, өзіне тән емес жүк артпауы қажет, ондай жағдайда ой былғанады, ой дертке ұшырайды. Ойдың мүмкіндігі бар, деңгейі бар, ойдан тыс болатын істердің бәрі Құдайдың құдіретінде, болмыстың тылсымдығында, әлемнің құмбақтығында. Мұны әркім жүрегімен түсінуі тиіс.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 121 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: