Абайдың хакімдігі
08/08/2022, 19:26

«АДАМНЫҢ ТАУЫП АЙЛАСЫН, КІСІЛІКТІ ОЙЛАМАЙ...»

Бұл «Жастықтың оты, қайдасың?» деп басталатын өлеңнің екінші шумағынан алынған. Абай өлеңнің екі жолына екі ұғымды сыйғызған, олар – «адамның айласы» және «кісілік» ұғымдары. Бұл екеуі бірінсіз-бірі болмайтын, бірақ екі мәндегі түсініктер. Ендеше солардың бас-басына тоқталайық.

«Адамның айласы» туралы Абайға дейін де көп айтылған, ол жаңалық емес. «Адамның күні – адаммен» дегенде жер басып жүрген жұмыр басты пенделер сол адамның айласын табумен далбасалыққа түсуде. Осындай қиыншылықты қазақ «Кісідегінің кілті аспанда» деп те білдірген. Адамның айласын табу деген сөз – оны қалайда қолға түсіру, оны өзіңе қызмет еткізу, өзіңе қажетті істерді атқарту, сол үшін оған құл, күң болу, жайылып төсек боп беймаза күй кешу, олай болмағанда ісің оңға баспайды. Сондықтан қайтеміз, көнеміз де етек-жеңді түрініп, адамның айласын табуға құлшына кірісіп-ақ кетеміз. Бұл жол – тиянақсыз, тайғақ жол, қауіп-қатері мол. Бірақ тұрмыс қажеттілігі адамды қай жарға апарып соқпайды? Тағдырға көнесің әрі көндігесің. Тағдырың Алланың емес, адамның қолында екенін де нақты біліп тұрсың. Мұндай сәтте адам Алланың емес, адамның айласын табуды ойлай бастайды. Міне, осындай жағдайда сенің санаңда кісілікке орын қалмау қаупі туындайды.

Кісілік деген – адамның намысы, өзіне-өзі жасайтын құрметі. Кісіліксіз адам – тағдыр тәлкегіне түскен мүсәпір. Кісіліктен бір арылып қалған сананың ендігі жерде өз-өзіне келіп, толысуы екіталай іс. Абайдың айтып отырғаны – осы мәселе. Адамың айласын табамын деп жүріп кісіліктен айырылмау қажет. Кісіліксіз адам – жарымжан. Кісілікті адам – «толық адам», ол – «кәміл мұсылман». Ертеректе біз жан-жақты жетілген адам туралы көп айттық, оның орысша ұғымы – «личность».

Абай сөзінің қисынымен келсек, сол «личность» деген ұғымды қазақтың «кісілік» дегені толық ашады. Қазақ әлдебір жағдайларда «пәленнің кісілігі жоқ, ол кісі ме еді...» деп жатады. Осы ауызекі сөздердің өзінде-ақ шындық жатыр. Ал социологиялық, философиялық, әсіресе саясаттану пәндеріне қажетті ұғым – осы «кісілік». Олай болса, ол өз орнын қоғамдық санадан Абай айтқан мәнде алуы керек. Ол «адамың тауып айласын» деген ақын сөзінен кейін «адамның айласы» дегенді тек жағымсыз мәнінде қабылдамауымыз керек. Адамның айласын табу деген де мәселе, оның прагматистік мәні айтарлықтай. Адамның айласын ешқашан есті жан жадынан шығармайды. Дүниені жұмақ та, тамұқ та ететін осы адамның айласы. Оны зерттейтін білім салалары бар. Олар: дипломатиялық білімдер, ар білімі (этика), тәрбие білімі (педагогика), жан білімі (психология), заң білімдері, т.б. Абайдың айтып отырғаны – осындай күрделі істе «кісілікті ойламай», яғни кісілігіңді жойып алмай, іс-қарекет ет дегені.

Адамның айласы деген түсінікке сыймайтын түпсіз іс. Жаратушы пендесіне сана мен ерік берген, бірақ оларға шек қоймаған. Саналы әрі ерікті адамның ойына не келмейді, нендей іс атқармайды?! Оларды айтып тауысу мүмкін емес. Адамның айласын аңдайтын – адам. Бұл аңдаудың өзі – айла. Сонда адамның қай айласы дұрыс, қайсысы қате екенін анықтаудың өзі тағы бір айла түрін өмірге әкеледі. Осындай қатынас-байланыстан, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, шырмалған тордан шығудың жолы қайсы? Мәселе осыншама күрделі болмаса бұл тақырыпқа Абай сынды ойшыл қалам тарта ма? Мәселенің еш шешімі жоқ, тек бір ғана нысана бар, ол – кісілік. Адамдардың айласын табам деп жүріп кісілікті ойласаң бағытың дұрыс болғаны, егер оны ұмытсаң, онда айтар сөз жоқ. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 119 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: