Абайдың хакімдігі
02/08/2022, 20:40

«БАҚИ ҚОЙМАС ФӘНИДІҢ МІНІН КӨРМЕЙ...»

Ақын фәни дүниенің міні қайда екенін анықтауды проблема ретінде қойған. Шынында адамның қай ісі мінді, қай ісі мінсіз? Сонымен бірге дүниенің өзі мінді болса, адам ісінің мінсіз болуы мүмкін бе? Біз бұл тұста «мін» дегенге тура жауап іздеп көрелік.

Біріншіден, «мін» және «мінсіз» деген ұғымдардың бір-бірімен өзара байланысын қарастырайық. Мінсіздік жаратушыға ғана тән, адам болған соң мінсіз жан болуы мүмкін емес. Тек мәселе «мін» мен «мінсіз»-ді ажырата білуімізде. Өмірде біз көбінесе тұнып тұрған міннен мінсіздікті көре алмаймыз. Әрине, оның да түрлі себептері бар. Кейде мін айқайлап тұрса да оны көргіміз, аңғарғымыз келмейді немесе мін айтуға тыйым салынады. Бұл, әсіресе, саяси мәселелерде жиі кездесетін жай. Керісінше, мінсіз істі іске жарағысыз етіп мінеу деген де бар. Сөздің қысқасы, «мін» мен «мінсіздіктің» арасында көп әңгіме бар. Оны адамдардың өздері туғызған. Ал «мін» деенді адам мен Аллаға қатысты айтсақ, мінсіз – Алла, мінді – адам. Осы мәселеден екеуінің арасындағы байланыс аңғарылады. Бізе керегі осы әңгіме. Абайдың айтып отырғаны да сол.

Екіншіден, «мін» туралы айтқанда, ең басты проблема оның мазмұнына тереңдеуде. Олай дейтініміз, «мін» дегенді түсінбеген жан дүние болмысын меңгере алмайды, себебі бақи дүние, фәни дүние дегендердің айырмашылығы ашылмайды. Мін дегеніміздің өзі дүние болмысының ішкі себебі. Дүние өзін-өзі өзінің міні арқылы растап отыр. Фәни дүниенің мінін бақи дүние анықтаған дейді Абай. Олай болса, мін – жалпы дүниенің өз сыры. Ол адамға қатыссыз, мәселе оны тануда. Адамның құдайды мойындауға қуаты жетсе, оның дүниенің мінін танығаны, яғни дүниенің ішкі себебін түсінгені.

Үшіншіден, Абайдың айтуынша, фәни дүниенің мінін табу – үлкен іс.

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Терең ойға түсіп дүние мінін іздегеніңмен, оның қайда екенін табасың деп ақын айтпайды. Себебі оны табу мүмкін емес, бірақ дүние міні туралы терең толғану қажет. Ой деген – процесс, ол үнемі нәтижелерге жете бермейді. Ойдың бәрі бір тиянаққа тіреліп нақтылана берсе, ол ой болудан қалады. Ойдың түпсіз тереңдігі сонда, оның толассыздығында, мекенсіздігінде.

Төртіншіден, Абай бақи мінінің ең айшықты көрінетін жері адам болмысында екенін ерекше айтқан. Оны ол осы сөз етіп отырған шумақтың бірінші жолында:

Кім жүрер тіршілікке көңіл  бермей,

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей, -

деген. Демек, тіршілікке көңіл берудің өзі де мін. Себебі тіршіліктің, фәнидің ар жағында бақилық бар. Оны ұмту, естен шығару, тіршіліктен аса алмай қалу – адам болмысының кемшілігі.

Бесіншіден, фәнидің мінді болуының себебі неде? Неге бұл дүние шолақ, жалған? Бұл – барлыө дін атаулының алдында тұрған мәселе. Сірә, оған дәлме-дәл жауап бола қоймас, біздің айтарымыз мынау ғана, Абайды оқып отырып, оның адамды «мен» және «менікі» деген ұғымдар арқылы түсіндіруге жасаған ынтасына орай, адам табиғатын екіге бөлуге болады: тән табиғаты (менікі) және жан табиғаты (мен). Адамның тән және жан табиғаты тұтастықта болғанда өмір сүру кеңістігі (ғұмыры) – фәни дүние, ал екеуі бір-бірінен ажырап, жан табиғаты өзінше өмір бастағандағы мекен – бақи ғұмыр. Осыдан өзге айтарымыз жоқ, өйткені адамды жаратушысы осылай жаратқан. Мұндай жаратылыстың өз бойына біткен құдірет-қуаты бар, ол – адам еркіндігі. Бұл – фәнидің бір жағынан міні болса, екінші жағынан бақидан артықшылығы.

Адам фәниде ерікті. Сондықтан оған періште де, шайтан да керек. Еріктілікті ізгілік пен зұлымдықтың өрісі десек, бұл жолда қауіп те, қатер де мол, мүмкін, осының бәрі Абай айтқан фәнидің міні болмаса, адам ерікті болмай, тағдырдың тәлкегіне айналар еді, жалған дүниенің қызығы сонда, мұнда адамдардың тағдырмен тәжікелесуіне жағдайлар әбден бар, яғни адамның фәниде іс еркіндігі бар.

Фәнидің міні адамның еркіндігінен айқын көрінеді. Ол адамның еркіндігін өз табиғатына, яғни жаратушысына қарсы әрекеттер жасауынан аңғарылады. Адамдарға діни сананың қажеттілігінің себебі де осы мәселеге қатысты. Фәнидің міні болмаса, діндердің де қажеттілігі болмас еді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 118 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: