Абайдың хакімдігі
27/06/2022, 15:33

«БАҚИ ҚОЙМАС ФӘНИДІҢ МІНІН КӨРМЕЙ...»

Екі дүние туралы әңгіме ерте заманнан айтылып келеді, бірақ бақи (мәңгілік) мен фәни (жалған) әлі күнге дейін философияда нақтыланбаған, анықталмаған. Мәселенің осылайша болуының басты себебі дүние туралы айтқанда көбінесе бақиды фәниден бөліп түсіндірушілікте. Діни философияда негізгі мәселе бақи дүние туралы болса, материализм мен атеизм бақиды жоққа шығарып, тек фәни хақында ғана ой топшылаған. Мұның бәрі біржақтылық. Негізінде екі дүние жоқ, ол біреу, ал бақи, фәни дегендер – сол бір дүниенің әр қыры, ерекше бітім-болмысы. Сондықтан да бір дүниені бөлшектеп тану мұратқа жеткізбейді, мәселе бақи мен фәниді қарастыруда. Сонда бақи деген не, фәни деген не деген сұрақтар санамызға еріксіз орала береді.

Бұл сауалдарға жауап іздемеген ойшылды әлемнен таппайсыз, бірақ бәрінің айтқаны болжам, тұспалдау, жобалау ғана. Бұл түсінікті. Дүние туралы ақиқат сыр сол дүниенің өзінде. Дүние сыры – ішіндегі болмыс, оны толық тану адамға берілмеген.

Адамның дүниені тануы – ешқашан таусылмайтын, бітпейтін іс. Дүние шексіз, оны тану да шексіз деп ой қорытындылаудан өзге амал жоқ.

Осы аса күрделі мәселені Абай да көтерген, бірақ ол бұған өзгеше қырынан келген. Ол айтады:

Кім жүрер тіршілікке көңіл бөлмей,

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.

Демек, бақи дүние фәни дүниенің мінін көреді. Ол не сөз? Неге фәнидің мінін бақи көрмек? Неге керісінше емес, өйткені фәни – уақыт жағынан бақидан бұрын болатын дүние-ғұмыр. Солай бола тұра фәнидің мінін бақи көреді. Мәселе сонда неде? Зерделесек, мәселе фәнидің мініне тіреліп тұр. Ендеше мін (фәнидің) деген ұғымға тоқталайық.

«Мін» - терең дүниетанымдық ұғым. Біз ауызекі сөзде «мінсіз сұлу», «мінсіз жан», т.б. деп айта береміз. Бұл мәнде «мін» ұғым ретінде қолданылып тұрған жоқ. Ал Абай болса «мінді» философиялық дүниетанымдық мәнде қолданған. Ол «Кім жүрер тіршілікке көңіл бөлмей...» дегенде, осының өзі фәнидің міні деген ой айтып отыр. Тіршілікке көңілді беру – бақи дүние бар екенін ұмыту, жалған ғұмырмен шектеліп, соған разы болу, дүние болмысы туралы терең ой толғамау. Бұл – адамның міні. Ал фәнидің міні дегенде нелерді айтпақпыз? Тоқетерін айтсақ, фәнидің міні дегеніміз – дүниенің міні. Сонда адам міні, дүние міні деген ұғымдар бары анықталды. Екеуінің байланысы неде дегенге келсек, екеуіне де ортақ – шолақтық, өткіншілік. Адамның ғұмыры өлшеулі, яғни оған бұл дүние жалған, оның мәңгілік тұрақтайтын мекені бұл емес. осыны түсінбеу – адамның міні. Тіптен түсінгенде де адам оны өзгерте алмайды, себебі ол – дүниенің (фәнидің) міні. Фәнидің міні – адамның тағдыры, оны өзгертуге талпыну бос әурешілік. Сонда тағы да сұрақ туады, неге дүние (фәни) мінді болды, бұдан өзге дүниенің не қажеті бар? Бұл мәселеге жауапты адам болмысынан іздеген жөн.

Абай осы өлеңнің алғашқы шумағында: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», - деген. Демек, өлетін – адамның тәні – табиғаты, ал жаны – мәңгілік. Жалған дүниеден адам өтеді, мұнда тәні қалады, жаны мәңгілік бақи дүниесіне қайтады. Сірә, сондықтан қазақтар «адам өлді» демейді, «дүниеден өтті» немесе «қайтыс болды» дейді. Яғни, адам жаны өз мекеніне (мәңгілік) қайтты деген түсінік еріксіз санаға оралады.

Алайда адамның, дүниенің міні тек ғұмырдың қысқалығында ғана деп сөзімізді аяқтасақ, Абай ойына бойламағандық болар еді. Ол:

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей, -

дегеннен кейін былай дейді:

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 147 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: