Абайдың хакімдігі
20/06/2022, 20:18

«КӨК ТҰМАН – АЛДЫҢДАҒЫ КЕЛЕР ЗАМАН...»

3. «Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек»

«Көп» дегеніміз – әлеуметтік философияның ұғымы. Абай «көп»-ті ұғым ретінде қолданған. Ғылымда «көп»-тің бірнеше баламалары бар, олар: қоғам, тап, әлеуметтік топ, ұжым, каста, тобыр (толпа), бұқара, жұрт, т.б. Саяси мақсатқа байланысты ғалымдар осы түсініктерді өз қажеттіліктеріне жаратқан. Абай болса бір сөзбен ғана өз ойын білдірген, ол – «көп» деген ұғым. Көптің бағытын, хакім пікірінше, анықтайтын – «единица», яғни дара тұлға. Көптің ісіне нағыз мазмұн берген осы – единица. Бірақ көп кей жағдайларда тұлғасыз (единицасыз) әрекет ете бермек. Мұндай жағдайда оның әрекетінен жақсылық күтпеңіз. Себебі көптің санасы тобырлық сипатта. Тобыр – тоқтаусыз аққан жойқын күш, ол жолындағысын бұзып-жарып, қиратудан өзгені мақсат етпейді. Қирату, бұзу қызығы өзіне ерекше түсініктерді қалыптастырады, ол революцияға апарып соғады. Бұл – апат философиясы. Алайда апаттың да адамдарды өзіне тартатын тылсым қуаты бар. Адам қиратуға білек сыбанып кіріскенде, ол өзінің табиғатын өзгертіп, өзіне тән сана орнына, өзгелердің санасын сыйғызып, екі түрлі сана кеңістігінде өмір кешеді. Ретіне байланысты іске басшы боп өз санасы көрінсе, кейде оның орнын өзге сана басады, сөйтіп бір адам екіге жарылып күн кешкенде, оның бойында адамға деген өшпенділік оты тұтанып, жеке өзі туралы ой айтқанды жау санауды әдетке айналдырады. Мұндай сананың аты – фанатизм. Тобырлық сана – көптің санасы. Тобырға әу баста ізгі тілек болғанымен, оған жетудің жолында, тобыр адамшылыққа мүлдем жатпайтын әрекеттерге баруы әбден мүмкін. Ізгі іске жетуде ізгілікті талап етуді тобыр қайдан білсін?! Ауыз суды іздеп жүріп, топан суды қаптататын да осы тобырлар. Тобыр деген не? Ең қысқа түсінік, топ болып жүретіндер – тобырлар. Мұны біз кезінде ұжымдастыру дегенбіз. Сонда адамдар неге топтаса бастайды, себебі топ адамды басқару жеңіл, сондықтан оларды арнайы осылайша топтастырушылар болады, бұл бір. Екіншіден, бойын үрей билеген ерікті іске ерік, қайраты жоқтар топшыл болады. Қара көбейтіп бой көрсету мәрттік емес, үрейдің бір формасы. Үшіншіден, «единица» бастаған топ болады, бұл өзге нәрсе. Тобырдың қуаты арлы, ақылды адамның еркінде болса, ізгі іске жетудің де ізгі жолы табылары анық. Ғаділетті патша деген – осындайдан туған түсінік.

Ғадәләт пен мархамат – көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ соған көмек, -

дейді Абай.

Әділдік көп үшін қажет. Ел билеуші, ең алдымен, көпке әділетті болуы міндет. Олай болмағанда ел бұзылады, көп тобырға айналып, халық азып-тозады. Сонда халықты тоздырушы күш өз ішінде екенін ел басшылары білмек керек. Абай осы шумақтың екінші жолында:

Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек, -

дейді.

Яғни, көп көптігін жасап, жалғызды (дара тұлғаны) күнде азапқа салмақ. Сонда көптің көпшілігінен не қайыр, не үміт?! Жүгенсіз кеткен көптен еш үміт жоқ. Мәселе сонда, көпті әуел бастан адамшылық жолында ұстау керек, өйтпегенде өзіне ақыл салған дара дананы, Абайдың нақтылап айтқанындай, «көп иттің күнде жеуі» анық іс. Оған адам баласы тарихынан көптеген мысалдар келтіруге болады, оны, оқырман, өзіңіз де білесіз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 160 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: